Сөзі жеткен жүрекке

Белгілі журналист-жазушы, драматург, Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қауырсын қаламды жанына серік еткен Төлеген Қажыбайдың 75 жасқа толуына орай, облыстық кітапханада әдеби кеші болып өтті.

Төлеген Қажыбайдың қаламгерлік қоржынында «Жол басы», «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәуле – менің ауылым» кітаптары, сонымен қатар, «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» сияқты драмалары бар. «Сейіт-Бөкен», «Жапақ батыр» дастандарының да авторы. Жазушының 2006 жылы орыс тілінде «Путь к истине» деген атпен кітабы жарық көрген. Ал, жоғарыда аты аталған драмалық шығармаларының барлығы облысымыздың қазақ драма театрының репер-
туарына еніп отыр.
Төлеген ағаның сөздің жілігін шағып, майын ішкен майталман журналистен қаламының қарымы қайтпаған, сиясының сыны кетпеген жазушылық жолына дейін серік еткені шығармашылықтың бай ой-қазынасы. Тұяғына қара ілдірмейтін жүйріктің болатынындай, қазыналы қартымыздың қауырсын қаламынан туған кесек дүниелерге шабыттың өзі дем беретіні ақиқат. Ортақ атты ауылда туып, өз ортасына ойлы сыр толғаған бүгінгінің бір өршіл үні кім десек, ол әрине, Төлеген Қажыбай деп айтарымыз аспандағы айға да аян.
Кітап атты сырлы елдің кітапхана атты патшалығына жиналған жұртшылық қауымның басым көпшілігі қаламгердің қаламынан туған шығармалардың және жеке басының қадір-қасиетін құрмет тұтқандар екені көзіқарақты жанға бірден көрініп тұрғандай еді. Содан да болар, оқырманның көңіл көкжиегіне қонақтап, көкейінен асыға ұшқан сауалдар легіне кештің себепкері тұшымды ойы, татымды әңгімесі арқылы толық жауап қайырып отырды.
Мерейлі жасқа толған сөз өнерінің тарланбозының әдеби кеші қарсаңында «Жыр ғұмыр» атты электронды кітабының алғашқы нұсқасы толықтырылып, қайта өңделіп, 10 бөлімнен тұратын жинақ ретінде өз оқырманының қолына жол тартты. Кітаптары кілем болып қаланған кітапхананың мәжіліс залында Төлеген Қажыбай шығармаларының топтамалық жиынтығы «Жырлары жеткен жүрекке» атты көрме болып сөйледі. Жырдан маржан төгілгенде, әннен шашу шашатын қазақы дәстүрмен бұл кеште де облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов Төлеген Қажыбайдың сөзіне жазылған «Дала мұңы» әнін әуелете шырқап берді. Жалпыға ортақ дәстүрге айналған суретке түсу рәсімімен бұл жиынның да жүгі жиналып, тәмамдалды. Бірақ, қаламгер қазынасы мұнымен сарқылып, бір кештің аясына сия қалды деу жөн емес.

Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар