Адам қылмыскер болып тумайды. Дүние есігін жаңа ашқан сәби жазылмаған таза ақ парақ сияқты. Сол ақ парақты кім қалай толтырады, өмірдің мән-мағынасы да сонда болса керек.
Ойсыз өмір
Көкшетау қаласында туып-өскен қырықтың қырқасына шыққан Виктор Зиминнің өмір жолын биіктерді бағындырып, арманның асқар шыңдарына талпынған тартымды жол деп айтуға болмас. Қырықтан асса да ол өмірден өз орнын таба алмай, әр нәрсенің басын бір шалып, тұрақты кәсібі және тұрғылықты мекен-жайы жоқ, ұшарын жел, қонарын сай білетін ұшпа тірлікпен күн өткізді. Қалада туып- өссе де, әлі күнге дейін тұрғылықты баспанасы жоқ жігіт ағасы әйелімен айырылысып, араққа салынып, жалдамалы пәтерде жанын бағып жүрген еді.
Тепсе темір үзетін, қол-аяғы балғадай жігіт ағасының өз өміріне осыншама жеңіл-желпі қарауы, ел қатарлы еңсе көтеріп, дұрыс тұрмыс кешуге ниетінің жоқтығы түптің түбінде бір пәлеге ұрындыратынын анық көрсеткендей еді. Бірақ та, ақылын араққа алдырған азамат ертеңін ойлап бас ауыртпай, бүгінгі күннің өлшемімен тірлік кешіп жатты.
Бұл оқиға 2016 жылдың 12 тамызы күні болған еді. Ескі танысы Сергей Подкидышевтің пәтерін жалға алып тұрып жатқан Виктор әдеттегідей сол күні де масаң болатын. Кешкілік ұялы телефонмен хабарласқан қожайынның әйелі пәтер ақысын алуға келетінін айтты. «Жарайды, мен үйде кештеу боламын» дегенін естіген соң пәтер иесі Валентина Литвинова кешкілік сағат 22-лер шамасында келген. Пәтершісінің арақ-сырадан аузы құрғамайтынын білетін, өзі де ептеп ішкенді ұнататын үй иесі жолай дүкенге соғып екі құты сыра алған.
Қожайын әйелді Зимин аулада күтіп алды. Содан екеуі арқалығы жоқ ағаш орындықта отырып сыра ішті. Алдында да ішіп алған Зимин сырадан кейін тілі күрмеліп, не айтып, не қойғанын білмейтін дәрежеге жеткен. Қысқасы, үй иесі мен пәтершінің сөздері жараспай, қайта-қайта ілінісе берді. Ашуға булыққан қожайын әйел содан «ақшаңды бер, кетемін» деді қысқа қайырып. Оның сөзін көңіліне алып, бойын дүлей ашу кернеген Зимин «жарайды, қазір үйден әкелемін» деп пәтерге кетті.
Қылмыс
Одан арғы оқиға қорқынышты детектив кинолардың сюжетін еске саларлықтай болып өткен. Ақшаның орнына үйден шаруашылық жұмыстарға пайдаланатын балта алып шыққан пәтерші орындықта оны күтіп бейжай отырған келіншектің ту сыртынан келіп шірене соқты. Бір ұрғаны аздай құлаштап және ұрып өтті.
Орындықтан құлаған келіншектің қатты соққыдан есеңгіреп қалғанымен, жаны қинала ыңырсыған үнін естіген пәтерші өлмегенін түсінді. Қас қылғанда балтасын бір жаққа лақтыра салыпты, қараңғыда таба алмай қалды. Содан үйге қайта барып енді пышақ алып шықты. Пышақпен жерде жатқан әйелдің іш тұсынан бірнеше рет осып өтті. Қызыл қанға малшынған келіншек жанды жаны қиналып ыңырсығанын тоқтатпады.
Ақыл-есін арақ улаған пәтершінің қожайын әйелді өлтірмей тынбайтыны анық еді. Бірақ, күтпеген жай кедергісін келтірді. Жақын маңайда тұратын келіншектің күйеуі Сергей Подкидышев әйелінің кешіккеніне алаңдап телефон шалған. Жараланған келіншектің жанында жатқан телефон шырылы зәресін алған пәтерші ойына алған мақсатын орындап үлгермеді. Әйелінің жауап бермегенінен шошынған күйеуі бұл кезде қарындасын оның соңынан жіберген еді. Қаңсыраған келіншекті аулада қалдырған Зимин пәтеріне кіріп, түк болмағандай диванға қисайған. Бірақ, ол ұйықтап үлгермеді, безектеген есік қоңырауы төсектен еріксіз тұрғызды. Есікті ашқанда қожайынның қарындасы Людмила тұр екен. Жеңгесінің қайда екендігін сұраған оған «ақшаны алып, кетіп қалған» деп есікті қайта жауып алды.
Не істерін білмей аулаға шыққан Людмила сол сәт өзін шақырған әлсіз дауысты естіп, арқалығы жоқ орындыққа қарай жүгірді. Ол жерде қанға малшынып жатқан жеңгесін көргенде зәре құты қалмаған. Жеңгесінің татар дәмі бар екен, басынан балтамен ұрып, ішіне бірнеше жерден пышақ салса да жанды жерге тимеген соққы өмірін үзбеген. Людмила ұялы телефонымен жедел жәрдем шақырды. Абырой болғанда, дәрігерлердің жедел жасаған отасы ем болып, Валентинаның жаны қалды.
Үкім
Таяуда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Қосжановтың төрағалығымен өткен сотта В.Зиминнің қылмыстық ісі қаралды. Сот барысында кінәсін ішінара мойындаса да, негізгі айыпты жәбір көруші қожайын әйелге аудармақ болған оның әрекеті іске аспады.
Куәлардың көрсетуі, айғақ заттар қасақана кісі өлтірмек болған қылмысқа Зиминнің айыпты екендігін қолға қойғандай айғақтап берді. Сөйтіп, сот шешімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылуға және жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге жазаланды. Сондай-ақ, сот арақ ішпесе жүре алмайтын Зиминді еріксіз емдеу жөнінде шешім қабылдады.
Қырықтан асқанша өмірден орнын таба алмай жеңіл-желпі тірлік кешкен жігіт ағасы түзеу мекемесінде өтетін он жылда ақылға келіп, ойланар ма екен?!.
Қалкөз ЖҮСІП.