Бөгет қорған бола ала ма?

Атбасар қаласы қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен өткен қоғамдық тыңдауда көктемгі су тасқынына қатысты туындаған өзекті мәселелерді шешу, алдағы көктемде табиғат апатынан сақтану шараларын жүзеге асыру жөніндегі тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

Атбасар қаласының іргесінен өтетін Жабай өзені соңғы жылдарда мінез көрсетіп, көктемде арнасынан асып айналадағы үйлерді су алу жағдайлары орын алып қалуда. 2014 жылы жүзден астам үйді су алса, биыл көктемге төрт жүздей үй су астында қалып, жүздеген отбасы баспанасыз қалған еді. Табиғат апатының жыл сайын қайталануы өзен жағалауындағы тұрғындарға әсер етіп, материалдық қана емес, психологиялық та ауыртпалықтар әкеліп отырғанын айтпай кетуге болмас. Жиын барысында жұртшылық пікірінен осы жай анық аңғарылды. Біз алдымен, Челюскин көшесінде тұратын зейнеткер Николай Стрегунның үйінде болып, апатқа байланысты оның пікірін тыңдаған едік.
– Су тасқынын үш-төрт рет басынан өткерген атбасарлықтарды жаңа үйге көшіру қажет. Менің үйімнің іргетасы берік және сапалы материалдан салынғандықтан, көктемгі су тасқынынан қатты зардап шеге қойған жоқ. Аудан әкімдігі тарапынан бір миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, үйімді жөндеп алдым. Дүкеннен тек қана ұн мен қант сатып аламын. Өзге азық-түлік өнімдерін түгел есік алдындағы бақшамда өсіріп, жинап аламын. Сондықтан, көп қабатты тұрғын үйге көшкім келмейді. Бізді қоныс аударуға мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Су тасқыны қайталанбас үшін өзенге салынған екі көпірдің арасындағы аумақты тазартқан жөн.
Аудандық мәслихаттың депутаттары мен ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері қатысқан жиынды ашып жүргізген қалалық қоғамдық кеңестің төрайымы Несібелді Итжанова су тасқынын болдырмауға қатысты жұртшылықтың өз пікірлерін бүкпесіз ортаға салуларын сұрады. Осы орайда, екі пікір қалыптасты. Біріншісі бөгет салу қажет дегенді жақтаса, екіншісі Жабай өзенінің түбін тазалап табанын тереңдету, жаңа шағын ауданда көп пәтерлі тұрғын үйлер салу қажет деген пікірге ойысты. Әрине, бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінуі керек. Бетоннан салынатын бөгеттің құны 9 миллиард теңгеден асады екен. Оның құрылысына 3-4 жыл қажет. Жыл сайын ту тасқыны қаупінен зәрезап болған тұрғындар сонша уақыт күтуге төзіміміз жетпейді дегенді айтады. Сондықтан, ең қолайлысы өзенді тазалап, қауіпті аймақтағы тұрғындарды жаңа шағын ауданға көшіру. Бұған қаржы аз жұмсалады. Қалған екі миллиард теңгемен Жабай өзенінің арнасын тазарту керек. Аудандық мәслихаттың депутаты Марат Асқаровтың айтуынша, көп қабатты тұрғын үйлер құрылысынан қаржы артылса, қаланы абаттандыруға, көше жолдарын салуға жұмсалған жөн. Мәслихат депутаты Жасұлан Кенжебаев бөгетті жөндеу үшін жыл сайын 200-300 миллион теңге қажет екенін атап өтті.
– Мұндай қаржыны аудандық бюджет бере алмайды. Сондықтан, бұл мәселені күн тәртібінен алып тастау қажет, – деді аудандық «Простор» газетінің бас редакторы Бақыт Исабекова. Сондай-ақ, сөз сөйлеген шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының өкілі Дінмұхамед Озаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Комиссаров және бірқатар зейнеткерлер де өзенді тазарту қажет деген пікірді қолдайтындықтарын білдірді.
– Жергілікті атқарушы орган кез келген істі жүзеге асырмас бұрын тұрғындардың пікірін тыңдап, терең зерттеулер жүргізеді. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Ұзындығы 9,5 шақырым бөгеттің құрылысын жүргізуге және оның жобалық-сметалық құжатын жасауға 9 миллиард теңге керек. Сондықтан, мұндай қымбатқа түсетін бөгет салғаннан гөрі, қауіпті аймақтағы тұрғындарды жаңа шағын ауданға көшіру тиімді деген қоғам пікірімен санасқанымыз жөн болар, – деді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар