Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Киікбай батырдың зираты туралы не білеміз?.. - АРҚА АЖАРЫ

Киікбай батырдың зираты туралы не білеміз?..

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің киелі орындары географиясын жасау жайы көтерілгендігі белгілі. Еліміздің басқа өңірлеріндегі сияқты біздің облысымызда да сондай жергілікті халық киелі орын санайтын мазарлар мен көне ескерткіштер аз емес. Сондай орындардың бірі – Атбасар қаласының оңтүстігіндегі Қимаға баратын күре жолдың бойындағы Киікбай батырдың зираты. Зират жатаған қыраттың басына орналасқан. Ауқымы біршама болатын зират орналасқан аумақты жұрт «Киікбай адыры» деп атайды.

Аңыздарға қарағанда Киікбай батыр 1693-1741 жылдары өмір сүрген көрінеді. Сол заманда қазақтар мен жоңғарлар жиі қақтығысатын. Сондай бір жойқын шайқаста қазақтар ойраттардан жеңіліп, амалсыздан жерін тастап батысқа қарай ығысады. Жерінен айырылып қалған қазақтар кейін бірігіп, басқыншыларды туған жерден қуып шығуға әрекет жасайды. Осындай бір ұрыс кезінде жауға қарсы жан аямай шайқасқан Киікбай батыр шейіт болады.
Батырдың сүйегі Атбасардан 15 шақырым жердегі қазіргі Сергеевка
ауылы маңына жерленген екен. Бір қызығы, бұл жерде екі Киікбай зираты бар. Оның екеу болатын себебі, атбасарлықтар шатастырып басқа біреудің қабірінің басына жалпақ тастан қалап бейіт тұрғызады. Оған «Бұл жерде ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Киікбай батырдың мүрдесі жерленген. Белгі қоюшы атбасарлық азаматтар. 1995 жыл» деп ескерткіш орнатады. Ол аздай, моңғол елінен ата жұртына қоныс аударған ағайындарымыз да «Байқараұлы Киікбай.
Руы Керей. 1693-1741. Асаубай немерелері» деп тас-
тан белгі қойыпты. Ал, келесі қыраттың басында тағы бір ескі моланың қалдығы менмұндалайды. Мұнда да құлаған зират басына орнатылған ескерткішті көресің. Онда: «Киікбай батыр Байдаулет баласы. Руы Жырық. Белгі қоюшы Мухамбеді баласы, Абдіқалық балалары. 2009 жыл» деп жазылған. Шындығына келгенде, құлаған кесене қалдығы бар мола Киікбай батырдың сүйегі жатқан жер болуы мүмкін.
Оған дәлел, 1978 жылы В.Иванов атты фотосуретші кесенені суретке түсіріпті. Жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы «Қиылған ғұмырлар» кітабына: «Осы адырдың үстінде уақыттың озғандығынан, жел мен судан мүжілсе де әжептәуір көлемде жалғыз зират тұратын. Зираттың қасына барғанымызда оның сол ауданның қыратты жерлерінде көп кездесетін шақпақ тастардан қаланғанын көрдік. Жалпы, жобасы қазақтың көшпелі тұрмыста малшылары пайдаланатын сырғауылдан жасайтын қосы тәрізді шошақ төбелі болғаны байқалады. Түп жақ қабырғасының қалыңдығы 1,5-2 метрдей де, жоғарылаған сайын қалауы жұқара түседі. Қазақстанның басқа жерінде кездесетін күмбезді тамдарындай емес. Тарихи деректер мен аңыз- әңгімелерді жию үшін үлкендердің бас қосқан жерінен қалмауды әдетке айналдырған кезім болатын. Сондағы бар тапқаным қысқа ғана «қалмақтармен соғысқанда қаза тапқан Киікбай батырдың тамы ғой» дегеннен басқа жарытымды әңгіме кездеспеді…» деп жазады.
Осы орайда, Атбасарда тұратын Хазы Бәкейұлы ағамызбен әңгімелескен едім және зират басына барып, аралап көріп құран бағыштаған едік. «Әр елдің салты басқа» дегендей, молаға кіретін есігі жоқ екен. Шақпақ таспен өріп қалапты. «Мұндай зираттар Моңғолия, Семей, Өскемен аймақтарында жиі ұшырасады. Сондықтан, Киікбай батыр Керейдің Шеруші руынан болуы тиіс. Оның бір себебі, керейлердің салтында бейітті салғанда басы сүйірленіп шошақталып келеді. Кесененің алғашқы нұсқасы солай болғаны анық», – дейді Хазы ағамыз.
Ал, енді ел сыйлаған ақсақалымыз Хасен Тықанұлы: «Киікбай батыр Найманның Жырық руынан» дейді. Ия, қазақта «жер, күн, ай, жақсы ортақ» деген сөз бар. Жақсыға барлығымыз таласамыз. Ол заңды құбылыс. Оны сөгетіндей ештеңе жоқ. 1995 жылы сол кездегі тарихи-өлкетану музейінің директоры марқұм Сәулет Шақайұлы мен Атбасар қаласының сәулетшісі Бірлік Ережепов кесененің сызбасын жасапты. Ол уақытта өтпелі кезең, қиыншылықтың тұсы болатын. Әркім күнін көру қарекетімен жүріп, қаражат тапшылығынан ойлағандарын іске асыра алмаған. Ал, менің айтайын дегенім, сызбада көрсетілгендей, кесенені қалпына келтірсе. Оған қазіргі таңда қауқарымыз жетеді. Тек қолға алып талпыныс жасау керек. Сонда Атбасар өңіріндегі «Киікбай адыры» келешек ұрпақ тәуеп ететін, бас иіп тағзым жасайтын киелі орынға айналар еді», – дейді.
Облысымызда киелі жерлер тізімі жасалып, бұл бағытта біраз шаруалар атқарылып жатқанынан баспасөз беттері арқылы хабардармыз. Атбасар өңіріндегі Киікбай батырдың мазары да сондай киелі орынға айналып, тізімге енгізілсе, жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік қасиетті орнықтыруға игі ықпалын тигізіп, туған өлкеміздің тарихын басқаларға танытуға үлесін қосар еді.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ,
Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар