Туған жер! Туған ел! Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әр қалай түсінетін де шығар. Ал, мен үшін туған жер дүниедегі ең ұлы мекен. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге, өмірге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай айтпақшы, әркімнің өмірден өз орнын тапқаны дұрыс қой. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір жыр шумағы ойыма оралады да тұрады:
Қымбат маған елімнің бар даласы,
Балтық пенен Сахалиннің арасы.
Қайда болсам қиям оған жанымды,
Туған жерден қазсын бірақ қабірді.
Иә, туған елін, жерін, Отанын сүю, қор-ғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы, адами борышы.
Біздің Байғара ауылының негізі 1867 жылы тамыз айында қаланған екен. Сол жылдардан бастап елге полтавкалық шаруа-лар, самарлықтар, Ресей мен Украинаның жер-жерлерінен переселендер көшіп келіп қоныстана бастайды. Олар жергілікті өзеннің суын ішіп, балықтарын аулап, күндерін көрген. Ауылдың тарихы да қызықты. Ауылдың батыс жақ бетінде арнайы белгі бар. Оның жанында Байғабыл өзені орналасқан. Осы жерлерді ертеде малға бай Байғабыл деген кісі иеленіпті. Байғабыл өзінің аз ғана ғұмырында жарқын көңілімен, кең пейілімен, күш-қуатымен жұртына ұнаған жан болыпты. Өмірден жастай озған соң, оны сол жерге жерлеп, құрметіне біздің ауылымызды атаған екен. Бірақ, кейін бірте-бірте халық осы жерді Байғара атап кеткен.
Ал, 1870 жылы бұрынғы атауын Ново-Александровка деп ауыстырған. Бұл атау Александр патшаның құрметіне берілген көрінеді. 1929 жылы осы ауылдың арқасында колхоз пайда болып, оны «Жаңа өмір» деп атады. Кейін де өктем саясаттың ықпалымен елді мекен атауы орысша құбылып, бертін ғана Байғара атауына қайта оралдық. Қазір ауылымыз негізінен төрт түлік малмен күн көруде.
Ауыл басшысы, ел ағасы Темірхан Қаппасұлы Мұқышев халыққа көп көмегін тигізіп келе жатқан азамат. Осы азаматтың арқасында ауылда қазақтың ақбас сиырлары мен американдық ангус тұқымдас қара сиырлар, Атырау өлкесінен әкелінген еділбай тұқымдас асыл қойлар қазіргі таңда көбейіп, өсім беріп жатыр. 12 мың гектар егіс алқабы да бар. Бұл алқаптарда бидай, сұлы, күнбағыс, бұршақ дақылдары өсіріледі.
«Бастау» ЖШС директоры Темірхан Қаппасұлы шетел мемлекеттерімен, атап айтқанда, Германия және Америкамен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осындай игі жетістіктері үшін басшымыз 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазіргі уақытта ауылда екі мектеп жұмыс істейді. Оның бірі – қазақ орта мектебінде 100 бала білім алады. 2007 жылы мектеп жанынан 3 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған «Балапан» шағын орталығы ашылды. Бұл орталықта әр ұлттың балалары: қазақтар, орыстар, украиндар тәрбиеленуде. Мұндайда ұстаздың еңбегі өлшеусіз екені анық. Осындай тәжірибесі мол, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыстағы ұстаздарымыз Бақыт Сейітжанқызы Шаханова, Мария Дмитриевна Науменко, Амалия Георг-Андреевна Крузе, Петр Петрович Семиножко, Валентина Аркадьевна Чипошина, тағы басқаларына шәкірттері риза.
Орталығымыз Бастау ауылында тұрғындарға қызмет көрсететін 4 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Бастау селолық округінің аппараты да осында. Мәдениет үйі жанынан ашылған үлкен кітапхана өз міндетін қалтқысыз атқарып келеді. Ауыл тұрғындарына аптасына екі рет пошта бөлімшесі қызмет көрсетеді. Зейнеткерлер мен жұмысшылар жыл сайын дәстүрлі газет-журналдарға жазылудан тыс қалмайды. Діни орын – мешітімізде де жұма намазы оқылып, Аллаға құлшылық етіліп тұрады. Көп ұлтты халық болған соң, православ шіркеуі де өз қызметін атқаруда.
Біздің ауылда «Асыл мұра» атты тарихи-өлкетану мұражайы 2008 жылдан бері бар. Мұражайда қазақ халқынан бастап осы елді мекенде тұратын әрбір ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсететін экспонаттар, қолөнер бұйымдары қойылған. Міне, осылай туған жеріміздің қадір-қасиетіне бекем болсақ, бірлік, тірлігіміз де олқы соқпасы айдан анық.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген нақыл әр азамат үшін өмірінің басты мәні болуы керек. Сонда ғана біздің рухани жаңғыруымыз шын жаңғыру болады.
Зухра КЕНЖЕБАЕВА,
Атбасар ауданындағы
Бастау №2 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.