Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын! - АРҚА АЖАРЫ

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын!

Мұхтар ӘУЕЗОВ:
Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген, сирек, сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші өзі де, жүзіне бір жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,
Өзім ақын, өзім сал кімге зармын…–
деп бір кетеді.
Әншінің «Біржан сал» атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы қоңыр сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі – Абай.
Абайдың тал бойы ұйып қалғандай, осы халін елден бұрын сезген Әйгерім, қасында отырып, күйеуінің тізесіне сүйеген боп, шынтағымен Абайды сәл түрте қозғап қалып, ақырын ғана күліп оятты.
Күлген демі де дірілдеп шығады. Бұның өзін жақсы бағып, жақсы ұғып отырғаны үшін, сезімтал Әйгерімге сүйсіне қарап қалды да, енді Біржанға бұрылды:
– Өзге өзгеңді не қылайын, Біржанға аға, –деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады. – Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әркез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр!..–деді.
–Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай!– деді. Әйгерім де, өзге жиын да екеуін дәл ұғынғандай, түгел қостап күлісті.
Жаз бойы Біржанды тыңдап, ән қадірін, әннің қасиетін азамат өнерінің бар зор биігі деп бағалаған Абай, күйден толқынған көңілінен естілмеген бір сыр жырын шығарған еді:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй!..–
деп басталған өлеңін, Біржанға осы мәжілісте оқып берді. Біржан Абайды өз ішінен ойшыл, кемел жас көретін. Мынау өлең оның саналы ақын өнерін де шын өзгеше етіп танытты.
–Абайжан, менің әнім саған жақсы қозғау салды деуші ең. Сен болсаң, әндегі біздің өзіміз байқамай, елемей жүрген түкпірді ашасың. Ендігі өміріме борыш арттың ғой!–деді.
–Ендеше, мүддеміз бір жерден шыққан екен, Біржан аға!

(«Абай жолы» эпопеясынан.)

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар