Ұлттық табыс негізі

Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары көп ретте өмірлік тәжірибелері мол, өз кәсіптерін жете меңгерген аға ұрпақ өкілдерінің арқасында мүмкін болып келе жатқаны белгілі.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің арасында осы салаға көп жылдарын арнаған ағаларымыз бен апаларымыз аз емес. Олардың қатарында Жарқайың ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Бимендина, Бурабай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Үкінай Орманшина, аудит басқармасының бас маманы Сайлау Сауытов, Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Мәриям Құсайынова, Ғалия Тілеубаева, Сейілбек Қостанкелдинов, Валентина Попович, Лариса Егорова және басқаларын ерекше атап өтуге болады. Олар өз әріптестері арасында лайықты сый-құрметке ие. Өйткені, өз істерінің шынайы шеберлері болып табылады. Осындай адамдардың адалдық, ұқыптылық, өз ісіне деген жауапкершілік сияқты жеке, іскерлік қасиеттерінің арқасында жастар да жұмыстарында ортақ іске қалай қарауды көңілдеріне түйіп, бәрімізге бірдей жүктеліп отырған міндет биігінен ойдағыдай көрінуге күш салумен келеді.
Біздегі ардагерлердің бір атап өтерлік жақсы қыры, зейнеткерлік жасқа жеткеннің өзінде департаменттегі мамандар қатарында қалып, еліміздің экономикасына лайықты үлестерін қосуды одан әрі жалғастыруды өздерінің басты парыздары санайды. Әлеуметтанушылардың пікірлері бойынша адам кез-келген жаста өз жұмысына мұқият қараудың жақсы өнегесін көрсете алады. Ол үшін тек оның бойында өзіне сеніп тапсырылған міндетке деген жауапкершілік сезімі жоғары тұруы керек.
Осы бір өмір ақиқатын аудит басқармасының бас маманы Сайлау Сауытов та өзінің күнделікті қажырлы еңбегімен лайықты жалғастыра түсуде. –Бұрын біз әрбір актіні, басқа да құжаттарды ақ қағаздың арасына көшірме қағаз салып қолмен жазатынбыз. Қазір барлық жерде компьютерлік техника мен инновациялық технологиялар өріс алған. Сондықтан, жұмысқа келетін жастар жаңа әдістемелерді қолдана отырып, өз жұмыстарын ұдайы жетілдіруді ойластырулары қажет,–дейді бұл орайда Сайлау ағамыз.
Аға ұрпақ өкілдерінің өмірлік өнегелеріне, жөн-жобаны жетік білулеріне байланысты ұжымда жақсы моральдық ахуал қалыптасқан. Әркім таңертең өз жұмысына белгілі бір сүйіспеншілікпен, құштарлықпен келсе, мұның өзі әріптестерімен күні бойғы қарым-қатынасқа, жұмыстың аяқ алысына да оң әсер ететіні айдан анық. Біздің аға буын қызметкерлер осы жастардың тәлімгерлері бола жүріп, оларға өздерінің бойындағы ортақ іске жоғары жауапкершілік сезімін, білім-біліктерін ойдағыдай бере алуда. Осылайша жасы үлкендер мен кейінгілер арасында біз бүгінде көп айтатын ұрпақтар сабақтастығы да қалыптасары хақ.
Қазақ халқының «бірлік бар жерде тірлік бар» деген тамаша бір мақалын бәріміз де жақсы білеміз. Тарихи тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік, бірлік, даму сөздері біздің санамызда жақсы қалыптасып, өміріміздің бір айшықты атаулары болып келеді. Мұндай елімізді жарасымды ахуалға жеткізіп отырған ізгі мұратымыздың құндылығын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Әсіресе, жастарымыз біздің халқымыз бен еліміздің келешегі алдындағы өздерінің жауапкершіліктерін терең сезіне білулері тиіс. Өмір баспалдағымен ілгері басып келе жатқан кейінгі ұрпақтың білімділігі мен қажыр-қайратына тәуелсіз Қазақстанымыздың алдағы уақытта қалай дамып, өркендейтіні өте тығыз байланысты.
Осы орайда, мемлекеттік қызметте көп нәрсенің жай-жапсарын жақсы білетін аға ұрпақ өкілдері мен кейінгі жастар бір-бірімен иық түйістіріп, жаңа жетістіктерге бірге жете түсетініне біздің департаменттің де жұмысынан айқын көз жеткізуге болады. Бұған қосарымыз, лайым ұрпақтар сабақтастығы осылай өзінің игі жемісін бере берсін.

Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің
баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар