Елімізде заң бойынша құмар ойындарына арнайы белгіленген аймақтарда және арнайы жабдықталған мекен-жайларда ғана рұқсат етіледі. Мұндай аймақтар: Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалаулары мен Бурабай кенті болып табылады.
Десе де, оңай олжа табуға құныққандар заңды белден басып, арнайы белгіленбеген аумақтарда құмар ойындарын ұйымдастырып жатады. Ондайлар әдетте, мұндай әрекеттерін жасырып жасайды, сондықтан оны ашу да оңай болмайды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық қылмысты іздестіру басқармасының қызметкерлері таяуда Көкшетау қаласында астыртын жұмыс істеп тұрған казиноны тауып, содан ақша тауып келгендерді ұстады. Басқарма қызметкерлеріне астыртын казино ашқандарды қолға түсіру оңайға түспегенін атап өткен жөн. Ауыздағы күзетші оған сенімді клиенттерді ғана жіберіп отырған және кіре беріске орнатылған бейнеқондырғы бөгде адамдардың келуіне жол бермейді. Сондай-ақ, күзетші казиноға келгендерді металіздегішпен тексеріп, ұялы телефондарын алып қалып отырған. Дегенмен де, сонша сақтық шараларын жасағандарына қарамастан, экономикалық қылмысты іздестіру басқармасының мамандары амалын тауып казиноға кіріп және оның қожайындарын бұлтартпас айғақтармен қолға түсірді. Қазіргі күні казиноны ұйымдастырғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалуда.
Биылғы жылдың басынан бері ғана басқарма қызметкерлері облыс аумағында заңсыз құмар ойындарын ойнайтын орындар ұйымдастырған 9 оқиғаны ашты. Бүгінгі күнге дейін 7 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, сот шешімі шығарылды. Осындай заңсыз әрекеттері үшін 12 азамат жауапқа тартылды.
Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің
бас маманы.