Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлтына адал жан - АРҚА АЖАРЫ

Ұлтына адал жан

Адамның көңілі бір ауыз жылы сөзден жадырайды немесе бір атым насыбайдан қалады деген рас-ау. Редакциямызға Мүтәлләп қажы ағамыз келіпті. Бұрын да келіп-кетіп тұратын, ақжарқын, оқыған-тоқыған адам.

–Бұрынғы Көкшетау облысы Ленин, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы ұстаздарынан көзі тірі үлкені мен едім. Жуырда әкімі шақырып, мына төсбелгіні тапсырды,–деп қуанышымен де бөлісіп жатқан жайы бар. Жазуына көз жүгіртіп едік, «Ақжар ауданы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы екен. Құтты болсын айтып, еңбек жолынан аздап сыр шертуге қағазымыз бен қаламымызды ыңғайладық. Көнетін емес.
– Осы арадан өтіп бара жатқан соң
жай амандық білуге кіріп едім,–дейді.
Сонда да қолқалап болмадық. «Мынадай қуаныш үстінде жүр екен. Әкім құрметін текке көрсетпеген болар. Бір-екі ауыз жылы сөзімізді арнап, жастарға өнеге етейік» деген ниетіміз ақыры, жеңді-ау.
Расында, сөзден сөз туып, қаныққанымыз, өмірінің біраз назар аударар тұстары жоқ емес, бар екен. Онда өз қызметінде елге сіңірген еңбегі де, жастайынан талаптың тұлпарына мініп, өнер-білімге құлаш ұрғаны да, тіл үшін күресіп, осы жолда кәдімгідей өжеттік, алғырлық танытқаны да сайрап жатыр.
Ендеше, сөз басын алдымен сексен жетідегі ақсақалдың осы қадір-қасиетті қондырған туған жерінен таратып әкетейік. Кір жуып, кіндік қаны тамған елі Кіші Қараой, бертінде Ленинград ауданы «Менжинский» кеңшарының орталығы болған Кеңащы ауылы екен.
–Байтөс ауылынан атақты бөлімше басқарушысы, елінің ерен азаматы Қабыкен Қанафинді білесіз бе?–деп сұрап едім:
–О, білгенде қандай. Ондай асыл жанды кім білмейді?! Менің құдам ғой,–деп бір көтеріліп қалды.
Иә, ол кезде осы Байтөс «Менжинскийдің» бөлімшесі болатын. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, шағын ауылды өнеге, озат іс-тәжірибе ордасы еткен қайран, Қабыкен аға-ай. Еліне ие болып, халқын мына нарық, қымбатшылық пен жұмыссыздық қыспағына бермейтін сіздей азаматтар жетіспей тұр қазір.
Жә, аздап негізгі тақырыбымыздан ауытқып кеттік. Біздікі әйтеуір, әрі-сәрі күй кешкен елге алаң көңіл ғой. Ал, Мүтәлләп қажы ағамыз болса, сонау елуінші жылы осы Көкшетаудан барып, ту-ту Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын бітірген. Жоғарыда бір сөзімізде «талаптың тұлпарына мініп» деп жатқанымыз сол. Содан білім саласындағы қажырлы еңбегі басталып жүре берсін. Әлбетте, оның бәрі туған жерінде, сол Кіші Қараой өңірінде өрбіген. Бүгінгі сол арадағы Ақжар ауданы «Құрметті білім қызметкері» атағын берсе бергендей.
Алдымен, Қызылту жеріндегі Ақтүйесай, одан Жаңауыл мектептері. Одан әрі аудан орталығының өзіндегі №1 орта мектепте өткен бес жылы, Май орта мектебіндегі он бір жылы, бәрі де жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне елеулі үлес болып қосылған ұмытылмас кезеңдер. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні болған соң, институт қабырғасынан бері өз ана тілінің жағдайын ойлап, намысын жыртумен келе жатқаны да бір Аллаға аян.
Бертін «есім барда елімді табайын» деген оймен туған ауылына көшіп барды. Туған жерін еш жермен айырбастамайтын әр қазақтың көңілінде жүретін жай ғой бұл. Бірақ, ол тұста әлі зейнет демалысына шыға қойған жоқ. Өз пәнінен жұмыс сұрап, аудандық оқу бөліміне барған. Сөз арасында жағдайды іші сезіп:
–Неге қазақ сыныптарын ашпайсыздар? – деп қалды.
–Мектеп директорлары кадр жоқ дейді,–деп күмілжіді оқу бөлімінің басшысы.
–Онда сабақты мен өткізсем қайтеді? – деген шыдамай.
–Қазақша оқымаған сыныптарға қалай өткізесіз? Одан да интернат меңгерушісі болыңыз.
Сөйтіп, амал нешік, сол кездегі өз ауылындағы Менжин орта мектебінде интернат меңгерушісі болды. Бәрібір соның өзінде қоярда-қоймай, орыс сыныптарына екінші қазақ сыныбының бағдарламасын оқытты. Екі күннің бірінде жастыққа басы тисе де, «апырау, осы елде әжептәуір қазақ тұрамыз, неге қазақ сыныптары жоқ?» деп ойлайды да жатады. Анадан-мынадан біле жүріп, мұның да ақыры, біраз себебін анықтағандай болған. Директор орыс жігіті Борщов. Мектепке бала жинарда үйді-үйге орыс қыздарын жібереді екен. Олар сенің балаңды қазақ сыныбына үгіттей ме?
Бір жолы жаңа оқу жылының қарсаңында:
–Қазақ сыныбын неге ашпаймыз? Уақыты жетті ғой,–деген сауалды директорға төтесінен қойды.
Анау үйреншікті сөзіне басып келе жатыр еді:
–Онда биыл мектепке бала тартуды маған беріңіз. Ата-аналармен өзім сөйлесейін,–деп алдын орап кетті.
–Содан жазған құлда шаршау бар ма. Жаныма кітапханашыны ертіп алып, қазақша, орысша екі сыныпқа тізімді жинап алып келдім. Сондағы үй сайын қайталайтыным, «биыл қазақ сыныбын ашпасақ, жағдайымыз қиын болады. Осы мүмкіндікті беріп отырған Үкіметтен ұялайық та» деген бір ауыз сөз. Бұл сол тоқсаныншы жылдардың басы еді. Қазір ауылдағы мектебіміз толықтай қазақ мектебі.
Әр жолы мінезі жайлы көрінетін Мүтәлләп қажы ағамыз осы ғұмырында жеті мектеп басшысымен қызметтес болғанын, соның ішінде екеуімен ғана қазақ тілі үшін сөзге келіп қалғанын айтады. Оның бірі әрине, өздеріңіз сезіп отырған Борщов болса, екіншісі одан бұрынғы Май орта мектебінің директоры көрінеді.
Әңгіме арасында «дінге қалай келдіңіз?» деп те сұрап қоямыз моллалығын да білгеннен кейін.
–Ел имандылыққа бет бұрып, «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған» тұста діни оқу оқыдым. Бұл атадан балаға қонған қасиет десе де болады. Ескілікті оқуы бар әкем Қабдолла Сұлтанов та молла болған, кеңес өкіметіне дейін 7-8 жыл мұғалімдікті кәсіп етіп, елде бала оқытқан. 1927 жылы Айсарыда алғашқы қазақ мектебін ашқан да менің осы әкем. Соғыс басталып, қашан 1942 жылы майданға аттанғанша сол біздің Кіші Қараой жақтағы Жалғызағаш, Манақ, Амангелді ауылдарында мұғалім болды. Әттең, көптің бірі болып Сталинград шайқасында кете барды.
Бұл өкінішті тоқсанға таяған қарттың елі үшін келтесінен қиылған әке ғұмырына деген көңіл қаяуы, жан жарасы деп ұқтық. Бүгінде өзі де бір ата-анадан өрбіген 6 баладан қарындасы Мәркеш екеуі ғана қалыпты. Бірақ, шүкір өзінен тарап, бір-бір үй болып отырған бес ұл-қыз ұрпақтар көшін селдіретпек емес.
Өз заманының бір белді буыны деуге тұрарлық Мүтәлләп қажы Ғабдуллиннің асығыс болса да, айтары бар аз сөзін тыңдай отырып, тегін адамнан сыр суыртпақтамағанымды, жоғарыдағы төсбелгі де өз иесін дәл таппай қоймағандығын сездім. Сездім де «ұлтына адал жан екен» деп осы мақаланың соңғы нүктесін қойдым.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар