Ол ешқашан марапатқа, мақтауға, мадақтауға мұқтаж болған емес және соларға қайтсем де қол жеткіземін деп жанын салған да жоқ. Жастайынан зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп топ жарған, толысып есейген шағында іскер де білімді маман, беделді де талапшыл басшы болған оны атақ та, мансап та, даңқ та өздері іздеп тапты. Бұл жерде әңгіме бар саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігін арттыру жолында беріле қызмет еткен, сөйтіп, абырой биігіне көтеріле білген Қызыр Ыбырайұлы Жұмабаев жайында. Бүгінде мерейлі жетпіс бес жасқа толып еңбегінің зейнетін көріп отырса да сол тың, ширақтығын сақтаған қалпы елінің ертеңіне деген бар жанашырлығын, ынта-жігерін танытып жүрген осындай атпал азаматпен ол Біржан сал (бұрынғы Еңбекшілдер) ауданында аупарткомның бірінші хатшысы болып қызмет атқарған кезде онымен бірге қоян-қолтық еңбек ету сәті бұйырды маған.
Жаңа бірінші хатшы іске бірден сыбана кірісіп орын алған кемшіліктерді жою, ауыл шаруашылығын өрге бастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін айқындап, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледі. Бұл жоба кейін «Ауыл», «Мәдениет-90» бағдарламаларында ресми құжат түрінде көрініс тауып, олардың әрбір тармағының орындалу мерзімдері мен оған жауаптылар анықталды.
Бағдарламаны нақты жүзеге асыру барысында айналасы 3 жылдың ішінде ауданда кеңшарлармен қатар ұзын саны 20-дан асатын шағын ауылдарда да тұрмыс күрт жақсарып сала берді. Олардың барлығына жаңадан жол, байланыс тартылып, клубтар, моншалар салынып, емдеу пункттері, бала бақшалары ашылды. Еңбек жағдайын жасауға да жете көңіл бөлінді. Бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған жабық гараждар, техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары тұрғызылып, егіс бригадаларында тамақтанатын, дем алатын, жуынатын бөлмелеріне дейін бар дала қосындарында механизаторларға, малшыларға өнімді жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалды. Міне, сөйтіп, тың көтеру жылдары Қазақстанға тыс жерлерден көшіп келушілер үшін тек орталық қонысжайларда ғана тұруға жағдайлар жасалып, қазақ ауылдарының назардан тыс қалушылығы осылайша жойылып еді.
Бұл жерде аса бір екпін түсіріп айтатын жай – шағын ауылдарда 10 бастауыш мектептердің қазақ тілді орта және орташалау болып қайтадан құрылуы. Біріншінің үнемі назарында ұстаған мәселесі тұрғын үй құрылысын өркендету болды. Бұрындары да үйлер салынып келген-тін. Бірақ сонда да, әсіресе, кеңшарларда, дихан, малшы қауымды айтпағанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана жетпей жататын. Осы келеңсіздіктерді жою жолында көлемді шаралар жүзеге асырылды. Алдымен құрылыс кооперативтері құрылып, кірпіш жасау цехтары іске қосылды, құрылыс саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның нәтижесінде құрылыс ісі өркендеп, әр жылда 23 мың шаршы метрге жуық үй тұрғызылып, алдағы уақытта оны 30 мың шаршы метрге яғни, ауданның әрбір тұрғынына шаққанда бір шаршы метрге дейін арттыру жоспарланып еді. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезде облыстың қай ауданын алсақ та оларда бір жылда салынған тұрғын үй көлемі 6-7 мың шаршы метрден аспайтын. Сондықтан, бұл көрсеткіш кезінде әлеуметтік саланы дамытуда облыс көлемінде бұрын-соңды болмаған жетістік деп бағаланды.
Кеңшарлармен қатар, аудан орталығы Степняк қаласы да айтарлықтай көріктенді. Көшелер тәртіпке келтіріліп, күл-қоқыстан тазартылып, барлық жолдар асфальтталып, тротуарлар төселіп, адамдарды күннен, жауыннан қорғайтын әсем аялдамалар орнатылды, жасыл желектер отырғызылды, қараусыз қалған стадион жөнге келтіріліп, спорт кешені, мейрамхана, сауда орындары, жолаушылар үшін кең де жайлы автобекет салынып, бір-біріне ұқсамайтын сәнді үйлер қатар түзеп, жүзу қауызы, басқа да демалыс орындары бар зәулім ғимарат жұрт игілігіне ұсынылды. Қала тарихында алғаш рет 150 орындық «Ертөстік» қазақ бала бақшасы өз есігін айқара ашты.
Аудан орталығында әлеуметтік ахуалдың, әсіресе, тұрғын үй құрылысының өркендеуіне бірінші хатшының тың шаралар қолданғанын ерекше атап өтпеске болмайды. Оған дейін Степнякта жыл сайын бюджет есебінен екі-үш жылда бір рет қана 15-18 пәтерлік үй салынып келсе, ол енді кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының әрқайсысына ішкі өндірістік мүмкіндіктерді пайдалана отырып әр жылда кемінде 2-3-тен үй салып отыру міндетін жүктеп, бұл тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын өзі қатаң бақылауға алды. Сөйтіп, аудан орталығында жыл сайын кемінде 20-25 үй пайдалануға беріліп, көптеген тұрғындар жайлы баспанаға қол жеткізіп еді.
Әлеуметтік саламен қатар, өндірістік әлеуетті арттыруға да ден қойылды. Қалада Көкшетау тігін фабрикасының бөлімшесі, жаңа нан зауыты, Казгородок селосында 50 адам жұмыс істейтін жиһаз құрастыру цехы, шағын ет комбинаты, Васильковка кенішінің көкөніс өсіру шаруашылығы және басқа да жаңа жұмыс орындары ашылды.
Міне, осылайша мәдени-әлеуметтік проблемалардың табысты шешілуі кешікпей ауыл шарауашылық өнімдерін өндіруде айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізуге тікелей ықпал етті. Жыл сайын сүт пен ет өндіру орта есеппен 3-5 пайызға тұрақты артып отырды, ал, 1990 жылы егіннің әр гектарынан 18,5 центнерден астық алынып, бұл көрсеткіш бойынша облыста ең астықты деген өңірлердің қатарында болғанымыз әлі есімде.
Басшымыздың биік адами қасиеттері мен ұйымдастырушылық таланты, қарапайым еңбек адамдарына, ардагерлерге деген жанашырлығы Горбачевтің қайта құрушылығы тұйыққа тіреліп, елді тоқырау басып, дүкендердің сөрелері босап қалған қатшылық заманда анық байқалды. Ең алдымен, аудан орталығында шалғайда тұратын еңбекшілер үшін ғана сауда жасайтын дүкенге олар арнайы бөлінген автобустармен қатынап күнделікті қажет тауарларды сатып алып тұрды. Сонымен қатар, ардагерлер дүкені ашылып, ол да қат тауарларды тек соларға босатып отырды, ал әсем, әртүрлі өрнектермен безендірілген, ағаштан қиып салынған дүкендер, жаймалар мен сөрелер орналастырылған жаңа орталық базарда аудандағы бар кеңшарлар, алты жұмысшы кооперативі мен орман шаруашылығы әр жексенбіде кестеге сәйкес қала тұрғындары үшін ет, сүт және басқа да күнделікті қажетті өнімдерді үстемесіз, өзіндік құнымен сатты.
Әлеуметтік-экономикалық ахуал осындай біршама күрделі уақытта басшымыз шетте жүрген ағайындарды елімізге қайтаруға белсене атсалысты. Олардың алғашқы легін Моңғолиядан алып келуге мені жұмсағаны әлі есімде. Сол жолы облысымызға келген 100 отбасының тең жартысын біздің аудан қабылдап алып, өздері қомақты, бірыңғай жайғассын деп оларға «Жамбыл» кеңшарында арнайы бұрынғы Қасқат ауылын қайта ашып, «Донской», «Кеңащы» кеңшарларында да жеке көшелер тұрғызып, барлығына үй беріп, алдарына мал салып, бәрі түгел жұмысқа орналастырылып еді. Сол 90-ыншы жылдардың басында Еңбекшілдер жеріне шет елдерден 100-ден астам отбасы келіп, атақоныстан жайлы орын тапса, бұл аудан басшысының осы бастаманың ойдағыдай жүзеге асуына тікелей өзі араласып, қатаң бақылауға алуының нәтижесі деген жөн болар.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне алғаш рет баламалы сайлау науқаны басталғанда аудан тұрғындарының депутаттыққа кандидат етіп Қ.Жұмабаевты бірауыздан ұсынуы және оның сайлау күні қарсыласын басым дауыспен жеңіп шығуы халық алдындағы үлкен беделі мен оған деген шүбәсіз сенімінің айқын көрінісі болды. Ол халық берген жоғары өкілеттілікті өз басыма қонған бақ деп бағалап қана қоймай, оны жұрт игілігіне барынша тиімді жұмсауға тырысып бақты. Жоғарыда баяндалған ауыз толтырып айтарлық шаралардың бірқатары осы депутаттық аманатты нәтижелі жүзеге асыру аясында атқарылып еді.
Егемен елдің іргетасын қалаудың сан алуан қиыншылықтарға толы алғашқы кезеңі Қызыр Ыбырайұлының Көкшетау облысының әкімі болып қызмет атқарған жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол 90-шы жылдардағы жаңа мемлекетті қалыптастырудағы күрмеуі мол қиындықтар кезінде жаңа әкім облыстар арасында бірінші болып Көкшетау қаласында қазақ драма театрын ашты, облыстық аурухананың терапиялық корпусын салдырды. Сонымен қатар, дүлдүл ақын, сазгер әнші, Біржан салдың 150 жылдық мерейтойына орай, Степняк қаласында оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнаттырды. Көкшетау қаласында жұмысшы жастардың кешкі мектебін басқа жайлы мекенге ауыстырған кезде, босап қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда даңқты жерлесіміз, майдангер, Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 80 жылдығына орай көркемделіп жасалған мұражай аштырды.
Нарықтық қатынастар жаңа ғана белең алып, күнделікті тұтынатын ең қажет тауарлар жетпей жатқанда, облыс әкімі өзі Түркияға барып сабын, кір жуатын ұнтақ, шампунь және басқа да гигиеналық заттарды жасау технологиясын алып келіп облыс орталығында осы өнімдерді шығаратын цехты іске қостырды. Осындай қиын уақытта, әсіресе, қыс кезінде, қаланы жылытуда қиыншылықтар туындаған шақта, бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қуатты екінші қазандықты іске қостыруы айтарлықтай іс болды. Облыстық бюджетке қаржы түсімін арттыру мақсатында Айдабол спирт зауытының өндірістік қуатын 2 есе арттыруға шұғыл шара қолданды. Осы игіліктерді Елбасымыз Көкше өңіріне арнайы келіп өз көзімен көріп, облыстық ауруханаға заманауи үлгідегі томограф аспабын сыйға тартып ризашылығын білдірді.
Жаза берсек, Қызыр Ыбырайұлының ауыз толтырып айтарлық басқа да игілікті істері көп. Оның барлығын осы бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес.
Халқымызда: «Жиырмасында қамал алмаған, отызында орда бұза алмайды»,– деген мақал бар. Егер Қызыр Ыбырайұлының өмір жолына үңілер болсақ, оның топ бастарлық қасиеті жастайынан-ақ байқалған. Омбы облысы Шарбақкөл ауданының Мәшен ауылында дүниеге келіп, орта мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласының ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша үздік бітіріп, Павлодар облысының Баянауыл, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту, Уәлиханов аудандарының шаруашылықтарында аға, бас зоотехник қызметтерін атқарып, өндірістік тәжірибе жинақтады. 1974 жылы сол Уәлиханов ауданындағы «Гагарин» совхозына директор етіп қойғанда ол небары 31-ақ жаста еді. Шаруашылығы тұралап қалған осы шаруашылықты барлық көрсеткіштер жағынан алға шығарған кезде Көкшетау облысының сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков атқарылған істерді әдейі келіп көрді, жақсы бағасын берді, оның басшысын «Құрмет белгісі» орденімен марапаттауға ұсынды. Одан соң осы кеңшар қой шаруашылығын дамыту және мал азығын дайындау бойынша республикалық жарыстың жеңімпазы атанғанда облыстың жаңа хатшысы Оразбек Қуанышев та арнайы келіп, қона жатып шаруашылықпен жете танысып, өрелі істерге көңілі толып еді.
Рузаев ауданының «Шарық» кеңшары әуелде көзге түсіп дүрілдеп тұрғандардың қатарында болғанымен, соңғы жылдары қарқыны кетіп құлдырай бастағанда, бүкіл Одаққа белгілі осы шаруашылықты қалпына келтіру өзінің алғырлығымен, іскерлігімен танымал бола бастаған Қызыр Жұмабаевқа тапсырылды. Бүкілодақтық жарыста 2 рет алдыңғы саптан табылды. Сол жемісті жұмысының оң нәтижесі – 1981 жылы оны СОКП-ның 26-шы съезіне делегат етіп сайлады, кеудесіне «Халықтар достығы» орденін тақты. Бұл сол кезде ілуде біреудің еншісіне ғана бұйыратын құрмет еді. Өзінің батылдығымен, табандылығымен, сенімділігі, әр нәрсені алдын ала ойластырып, дұрыс шешім қабылдай алушылық қабілетімен танылған жас кадрды облыс басшылығы бірден Чистополье аудандық атқару комитетінің төрағасы сияқты жауапты қызметке жоғарылатты. Облыстық ауыл шаруашылығы өнеркәсіп комитетіне өз ісін жетік білетін, әсіресе, мал өсірудің қыр-сырын терең меңгерген маман, төрағаның бірінші орынбасары қажет болғанда таңдау тағы да осы адамға түсті. Одан соң сан салалы шаруашылығы және оны жүргізудің өзіндік күрделіліктері мен қиындықтары бар Еңбекшілдер ауданын басқару да оған тапсырылды.
Ол сенімді ақтады, сол үшін бар күш-жігерін аямай қызмет етті. Осы жігерлілік оны жаңа белеске көтерді, мемлекеттігімізді қалыптастырудың алғашқы сындарлы сәтінде Президентіміз 1993 жылы оған Көкшетау облысын басқаруды сеніп тапсырды. Қызыр Ыбырайұлы үш жылдан кейін, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары – мемлекеттік акционерлік мал тұқымын асылдандыру компаниясының басшысы қызметіне ауысқанда, облыста жағдай бірте-бірте тұрақталып келе жатыр еді.
«Өнерді үйрен де жирен», – дейді халқымыз. Қадірлі ағамыз 1999-2007 жылдар аралығында Қазақстанның Өзбекстандағы консулы, уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарған кезде жаңа қырынан танылды. Көрші бауырлас елмен тығыз қарым-қатынастар орнатуға өз үлесін қосты, абыроймен зейнеткерлікке шықты, Елбасы арнайы Алғыс хатында елге сіңірген еңбегі үшін өз ризашылығын білдірді.
Жақсы адамның әрдайым шарапаты мол болады. Қызыр Ыбырайұлының адамдарға, оның ішінде маған да жасаған жақсылығы көп, бірақ, ол соларды айтып ешқашан ешкімге міндетсіген және ешкімге сыртынан мін тағып, сөз де қылған емес. Қайта өзінің басқалардан көрген өнегесін, көмегін жиі ауызға алады. Бұл орайда, ол Көкшетау облысының бұрынғы бірінші хатшылары Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев, Мақтай Рамазанұлы Сағдиев, Қасым Аппасұлы Тәукенов, облыстық әкімшіліктің басшысы болған Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев, обком хатшысы Иван Антонович Алимов сынды бірегей қайраткерлерден және басқа да ізетті жандардан алған тәлім-тәрбиесін, ағалық ақыл-көмектерін үнемі еске алып, айтып отырады.
Қызыр Ыбырайұлымен әуелде қалыптасқан әріптестік, қызметтік қарым-қатынас бүгінде ағалы-інілік сыйластыққа ұласты. Кездесіп, араласып, пікір алмасып жүреміз. Ол әр кез кішіпейілдік, парасаттылық, бүгінгі өмірге деген ризашылық қалпынан танған емес.
–Еліміз күннен-күнге дамып, абыройы артып, асқақтап өсіп келеді. Осыған қол жеткізген, бүкіл игі істердің, еліміздегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың, бірліктің, бейбіт өмірдің ұйтқысы болған Нұрсұлтан Әбішұлындай Президенті бар қазақ елі бақытты, онымен бірге, мен де бақыттымын, – дейді ардагер ағамыз. – Маған қайтадан дүниеге келу мүмкіндігі берілсе, мен сол өткен өмір жолымды еш өзгеріссіз қайталар едім.
Бұлай деп тек намысын биік ұстаған адам ғана айта алса керек!
Орынбай ШӘЙКЕНОВ,
еңбек ардагері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Астана.