Латын әліпбиінің оралуы

Өркениетті дүние латын таңбаларын ертеден пайдалануда. Ол әлемнің 100-ден астам мемлекетінде қолданылады. Туысқан Түркия елі 1929 жылдан, Әзірбайжан мен Түркіменстан 1993 жылы латын жазуына көшкенін, ал, өзіміздің Қазақстанда 1929-1940 жылдары латын жазуын пайдаланғанын тарихтан білеміз.

Бүгінде біз латын әліпбиіне көшу деп айтамыз. «Көшу» емес, латын әліпбиіне оралу деген дұрыс деп ойлаймын. Себебі, елімізде бірнеше жылдар бойы латын әліпбиі қолданылып келген. Бірақ, Кеңес Одағының саясатына орай, ұлттық құндылықтарымызға таршылық жасалып, 1940 жылы 13 қарашада латын әліпбиін орыс тіліне көшіруге қаулы шығарылды да, Қазақ елі күшпен кирилл әліпбиіне көшірілген болатын.
Бір елден екіншісіне өткенде кез келген адам да, түрлі бұйым, заттар да кеден арқылы өтетін, рәсімделетін болса, тілден-тілге өтетін сөздер де еш кедергісіз «сайран салып» жүруі тиіс емес. Сондықтан, өзге тілден келген кірме сөздер басқа әліпбидегі жазуға кедергісіз, арнайы «рәсімделусіз» өтіп кете алмайды. Латынға оралу кірме сөздерді тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне бейімдеп жазып, қазақы дыбыстауға мүмкіндік береді. Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі.
Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілігі зор қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмайтын, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Қазіргі заман – жазу заманы. Бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия заңдылықтарын ұмытып, айтуын да, жазуын да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Яғни, жазу айтылымға әсер ете бастады, ал, дұрысы, жазылым айтылымға қызмет етуі тиіс…
– Латын әліпбиіне көшсек, қазақ тіліндегі сөздердің айтылуында да өзгерістер болуы мүмкін бе деген сұрақтарға берілер жауап, керісінше, қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына кезінде кирилл жазуына көшуіміз кедергі болған екен. Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны өз алдына, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған.
Бұрынғы жазбаларда «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» депті. Мұның себебі, тілімізде сөздің қос дауыссыздан басталмауы, бір дауысты бір дауыссызды соңына ертіп немесе бір дауыссыз бір дауыстыны ертіп, өзара үндесіп айтылуында болса керек. Сондықтан да, бұрынғы аталарымыз «бревно, стакан, стол, трактор» деген сөздерге екі дауыссыздың ортасына, не сөз алдына дауысты дыбысты қосып, «бөрене, ыстақан, үстел, тырақтыр» деп қазақы «әндете» айтқан, ал, қазір олай емес. Қазақы қоңыр үнді әннен, күйден іздеп, дәстүрлі әуенді сағынып отырамыз. Бірақ, қазіргі жастар арасында тілдің айтылым және жазылым заңдылықтарын ажырата алмай, тек жазылым бойынша сөйлеу етек алып бара жатыр. Мысалы: «аман келді» деген тіркесте сөз арасындағы «нк» дыбыстарын біреулері сол күйінде айтса, екінші бірі «нг» (аман гелді), үшінші – «ңк» (амаң келді), төртіншісі – «ңг» (амаң гелді) деп төрт түрлі айта береді. Бұл тіркестің төртіншісі тоғыспалы ықпал арқылы дұрыс айтылған.
Бұл өзге тілде сөйлеп, өзге әліпбидің ықпалымен жазу тек тілге ғана әсер етіп қоймай, адамның бүкіл болмысына да ықпал ететіндігін байқатады.
Кешегі кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілінің дыбыс жүйесінде жоқ орыстың ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, кирилл жазуына басқа тілден енген өзге сөздер де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды. Сөйтіп, тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанға» үйреніп кеттік.
Жазудан айту басым болған кезеңде халық орыс тілінен келген сөздерді өз тілінің ұлттық бояуымен көмкеріп, бөтелке (бутылка), бөшке (бочка), бәтеңке (ботинка), орыс (русс), шайнек (чайник), кәмпит (конфеты), ұшқыш (летчик), пәнер (фанер), жорнал (журнал) деп өз сөзі етіп алған еді. Осы халықтық ұстанымды Ахмет Байтұрсынов сияқты ғалымдар өз еңбектерінің негізгі тірегі етіп еді. Бірақ, қазақ тілінің табиғи ұлттық бояуын сақтауға талаптанғандар «ұлтшыл» атанып, итжеккенге айдалғанын тарихтан білеміз.
Әртүрлі елдердің арасындағы байланыс, қарым-қатынас күшейген сайын бір-бірінің тілінен сөз алу да жиілей түсетіні табиғи жағдай, бірақ, әр халық тіліне келген кірме сөздерді «өз бояуымен сырлап» өзінікі етіп дыбыстық өзгерістермен қабылдайды. Тек өзге тіл сөздерін өзгеріссіз алатын, өз тілінің табиғи заңдылығын ескермейтін біз болдық. Орыс сөздерінде сөз басында келген қос дауыссызды қатар айтуға үйреніп кеткеніміз сонша, енді дұрыс тұрған қазақтың өз сөздерін де «қос дауыссызды қатар айту» үлгісімен бүлдіре бастадық. Мысалы, трактор, спорт, кран, т.б. сөздердің басындағы қос дауыссызды қиналмай айтуға үйренген қазекем енді өзінің дұрыс тұрған сөздерін бр (бір), бреу (біреу), крсін (кірсін), қздар (қыздар), қрқ (қырық), стық (ыстық), рас (ырас), смағұл (ысмағұл-сымағұл), рсты (ырысты) деп бүлдіріп, екі дауыссыз арасында, не сөз басында келетін қысаң «ы», «і» дыбыстарын өте көмескі айтуға, тіпті, айтпай кетуге бейімделе бастадық. Мұндай жағдайлар тіліміздің қоңыр қазақы әуеніне де кері әсер етіп келеді.
Ал, латын алфавиті кез келген алфавит емес, маңдайалды, осы заманның, интернет дәуірінің прогрессивті №1 алфавиті. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал, кириллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз.
Өткен жазда Түркия еліне демалуға қыдырып барған сапарымызда осы латын жазуының маңыздылығын өз көзімізбен көрдік. Жарнама ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аударады екен. Ағылшын жазуын жете білмегендіктен, бізге ағылшын тілін меңгерген немереміз көмектесіп, оқып беріп отырды. Себебі, ағылшынша жазылған жазулар деп ойлап, оқып көрсек, олар латын әліпбиін қолданғандықтан, түрік тілінде айтылған жарнамаларды, атауларды өз орфоэпиясын сақтай отыра жазғандығын білдік және риза болдық. Түріктер өз түрікше дыбыстарын сақтай отырып жазады және дыбыс пен жазу заңдылықтары үйлесім тауып, тіл ерекшеліктері сезіліп тұрады.
Қазіргі кезде мектеп оқушылары, жастар үшін латын әліпбиін үйрену қиын болмайды. Тез меңгеріп кетеді және бір маңыздысы, тіліміздің қоңыр қазақы әуеніне сала сөйлеп, жаза алады, – деген ой келеді. Біздерге де қиын емес.
Алдымызда тұрған үлкен міндет – осының бәрін біріншіден, зиялы қауым, біздер түсініп, қалың көпшілікке, қарапайым халыққа дұрыс түсіндіріп, тарата жүру керек.

Гүлмағрам ӘЖІБЕКҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар