Бүгінгі, ертеңгі істер сараланды

Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалин филиалдың саяси кеңесі бюросының отырысына қатысып, облыстық басқарма басшыларының және өңірлік партия кураторларының партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы есептерін тыңдады.

Отырыста күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаровтың айтуынша, 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа мектептер, бала бақшалар салуға қаржы қарастырылмаған. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, облыста оқушыларға үш ауысыммен сабақ беретін 12 мектеп бар. Көкшетаудағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейін 420 орынға кеңейту үшін, сондай-ақ, облыс орталығы мен Щучинск қаласында 900 және 800 орындық жаңа мектептер салу үшін өткен жылы Ұлттық қордан 1,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Үстіміздегі жылы бұл жұмыстарға тағы қосымша
2 миллиард теңге қарастырылған. Аталған мектептердің құрылысы келер жылға дейін аяқталуы тиіс.
Алдағы екі жылда Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылында да 300 орындық жаңа мектеп бой көтереді. Қоянды, Қосшы, Семеновка ауылдарында салынатын мектептердің де жобалау-сметалық құжаттары дайын тұр. Көкшетау қаласында тағы үш мектепті кеңейту жұмыстары қарастырылуда. Басқарма басшысы Бауыржан Мәлғаждаров бала бақша құрылысы, ауыл шаруашылығына қатысты жобалар, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында облыста жүзеге асырылатын жобалар жайына да тоқталып өтті.
Партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын орындау аясында денсаулық сақтау саласында қандай істер атқарылып жатқандығы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова баяндап берді. Бүгінгі таңда облыста 587 денсаулық сақтау саласының нысандары бар. Мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде 1793 дәрігер, 6207 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Облысымызда 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының негізгі отыз көрсеткішінің жиырма алтысы орындалған. Соның ішінде жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде жарақат алғандардың саны, жасөспірімдердің арасындағы суицид фактілері, нәрестелердің өлімі азаймай отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазовтың есебін тыңдай келе, саяси кеңес бюросының мүшелері сын айтты. 2019 жылға дейін еліміз бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланғанымен, біздің облыста 25 мың бала бала бақша кезегінде тұр. Бұл мәселе облыс әкімінің тарапынан да сынға ілікті. Мәлік Мырзалин барлық мәселенің шешімін тек мемлекетке ғана ысырып қоюға болмайтынын, бизнес өкілдері де бала бақшалар ашып, осы істі біржақты етуге құлықты болулары керектігін айтты. Осылайша біз мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесін де шешіп қоймай, шағын және орта бизнестің де дамуына жағдай жасар едік деді өңір басшысы өз сөзінде. Қазіргі таңда ата-аналар балаларының бала бақшаға кезегін интернет арқылы бақылай алады. Өкінішке орай, Көкшетау қалалық әкімдігінің сайтында электронды форматтағы бала бақша кезегі соңғы рет 2013 жылы ғана жаңартылған. Облыс әкімі қалалық әкімдікке бұл кемшілікті тез арада түзетуді тапсырды.
Сонымен қатар, отырыста жасөпірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғаны, мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлық әрекеттер күн тәртібінде талқыланды. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин:
– Президентіміздің биылғы Жолдауын жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жолдаудың мазмұнын тұрғындарға барынша түсінікті тілмен жеткізуіміз керек. Қарапайым халық үшін ең әуелі оның болашағы қандай болатыны, әлеуметтік жағдайы маңызды. Бүгінгі таңда облыста шешілмей тұрған біраз мәселе бар. Соны осы стратегиялық құжат аясында біртіндеп шешуге тырысамыз, – деп партия және БАҚ өкілдерін Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау-да белсенділік танытуға шақырды.

Венера Талғатқызы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар