Облысқа газ тарту мәселесі қаралды

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірімізге жұмыс сапарымен келген «GLOBAL GAS REGAZIFIKATION» компаниялар тобының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен осы кәсіпорын арасында қол қою көзделіп отырған мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі келісім-шарты негізінде Ақмола облысының аумағына табиғи газ тарту мәселесін пысықтады.

«GLOBAL GAS REGAZIFIKATION» компаниялар тобы қазіргі заманғы технологиялар арқылы бір орталықтандырылған газ құбырынан шалғай орналасқан елді мекендер мен нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісімен айналысады. Кездесуде серіктестіктің бас директоры Саулиди Панайету аталған жобаның экономикалық және экологиялық жағынан алғанда өңір тұрғындары үшін аса маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, компания өкілдері LNG инновациялық технологиясы негізінде баламалы энергияның жаңа көзін іске қосу жобасымен таныстырды. Газ көмір мен дизель отынына қарағанда, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 70-90 пайызға азайтады.
Компания Ақмола облысы аумағына тарту жобасы шеңберінде Ақкөл қаласында сыйымдылығы 25 мың текше метр газ сақтау стансасын салуды көздейді. Ағымдағы жылдың өзінде Щучинск қаласында бес қазандықты көгілдір отынға қосуды жос-парлап отыр. Бұл әдіс шығынды көп қажет етпейді. Ал, 2019 жылдан бастап, Көкшетау қаласына тарту қолға алынбақшы. Одан әрі кезең-кезеңмен Степногорск қаласы мен Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Бұланды және Шортанды аудандарына газ тартылады. Жалпы, облыс аумағында 800 шақырым газ тарату желісі салынбақ. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асырылып жатса, келешекте коммуналдық нысандар ғана емес, әлеуметтік, өнеркәсіп және жекеменшік ғимараттар мен тұрғын үйлерге де газ тартылады. Газ стансасын салуды мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы жүзеге асыру көзделген.
– Біздің жобамыз республиканы газбен қамтамасыз етудің бас жоспарына сәйкес келеді. Осы мақсатта Астана қаласындағы Назарбаев университетінде алғашқы табиғи газ стансасын іске қостық. Осының арқасында үш айдың ішінде 200 миллион теңге үнемделді. Ақмола облысында LNG инновациялық технологиясы негізінде 8 ауданда осы жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жалпы, 2021 жылы бұл жоба толық жүзеге асырылуы керек. Бірінші кезекте Щучинск-Бурабай курорттық аймағын газификациялауды қолға алу көзделген. Көкшетау қаласында жылу энегия орталығын салу жоспары да барын білеміз. Бірақ та, газ стансасын салу одан гөрі анағұрлым арзанға түседі, – деді Саулиди Панайету.
– Қоғамдық көліктер мен коммуналдық техникалардың көгілдір отынмен жүруін облыс орталығында ғана емес, Щучинск–Бурабай курортты аймағында да қолға алу маңызды. Сондықтан, мұны көп кешіктірмей іске асыруымыз керек, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімі
«ЭКСПО–2017» көрмесінде ұсынылған «жасыл технология» шеңберінде қарастырылып отырған жобаны қолдайтындығын және өңірге газ тарту да әріптестікті нығайтуға барынша ықпал ететінін атап өтті.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар