Бозайғырда ілгерілеу бар

Шортанды ауданының әкімі Гүлнұр Сәдуақасова Бозайғыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2018 жылға белгіленген міндеттер туралы есеп берді.

Ауыл халқы ең алдымен округ әкімі Гүлнәр Омарованың есебін тыңдады. Оның баяндамасына үңілетін болсақ, 2018 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша ауылдық округтегі тұрғындар саны 4446 адамды құрайды, оның ішінде Бозайғыр ауылында – 3064, Ключи ауылында – 554, Төңкеріс станциясында – 828 адам тіркелген. 2017 жылы округте 82 сәби дүниеге келген. 2017 жылы 39 үй салынып, 22 отбасы көшіп келіпті.
Округте 2 орта және 1 негізгі мектеп жұмыс істейді, оларда 818 оқушы білім алады. Мектептердің жанынан құрылған 2 шағын орталықта 64 бала, «Бөбек» балабақшасында 140 бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда. №5 Агротехникалық колледжде 186 студент әртүрлі мамандықтарды меңгеріп жатса, «Серпін» бағдарламасымен 48 шәкірт білім алуда. Бозайғыр ауылдық округінің білім беру мекемелерінде 128 мұғалім шәкірт тәрбиелеуде.
Бозайғыр ауылы мен Төңкеріс станция-сы бойынша 205 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Округте мектеп жасына дейінгі 749 бала бар. Төңкеріс негізгі мектебінде 155 оқушы білім алуда. Алайда, бұл мектеп 100 орынға шақталған. Жергілікті билік аудан әкіміне станцияға жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлуге өтініш жолдапты. Ключи орта мектебінің жылу орталықтары мектеп ғимаратында орналасқан, онда екі пеш бар, алайда, екеуі де ауыстыруды қажет етеді. 2018 жылға Ключи орта мектебіне модульдік жылу орталығының құрылысына қаржы бөлінді.
Жаңа дәрігерлік амбулатория қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған, 19 дәрігерлік бөлме бар. Дәрігерлік амбулатория қызметкерлермен 100 пайыз қамтылған. Тұрғындардың әл-ауқатын көтеруде тұрақты еңбекақы басты рөл атқарады. Осы орайда, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің жаңа бағдарламасы» шеңберінде 16 адам жылу орталықтарының операторлары мамандығына оқып, сертификат алды.
2017 жылы Бозайғыр ауылдық округі бойынша Шортанды аудандық мәслихатымен 7 инвестициялық жобалар қаралып, бекітілді. Барлық кәсіпорындар округтің әлеуметтік өміріне белсене қатысады, көптеген жобалар мен іс-шараларға демеушілік жасап жүр. Бозайғыр ауылында 686 үйге су тартылды, 586 су есептегіш құралдары қойылды.
Ключи ауылында су тазалағыштың бұзылып, істен шығуына байланысты су сүзгіш – модуль жұмыс істемейді. Қазіргі уақытта округте ауыз су беру бір қалыпты, Ключи ауылына су тасып жеткізіледі. Бозайғыр ауылдық округіндегі елді мекендердің барлығының да жолдары жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Округ жолдарын қардан тазалауға «Төңкеріс», «ХПП Төңкеріс», «Туран Индастри» ЖШС-лары көмектеседі. Округте 26 шаруа қожалығы, 20 жеке кәсіпкер, 4 ауыл шаруашылығы тұтынушы кооперативтері жұмыс істейді. 420 қосалқы шаруашылық бар.
Округ басшысының есебінен кейін аудан әкімі Гүлнәр Сәдуақасованың аймақтың 2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына және алдағы жылға міндеттеліп отырған Елбасының тапсырмаларына, биылғы Жолдауға және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, негізгі капиталға өткен жылы 7,1 миллиард теңге инвестиция құйылды. 3,2 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары аяқталды. 5 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына 533,1 миллион теңге инвестиция тартылды.
–Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде үш инновациялық жоба әзірленді. Атап айтқанда, «Бараев бренді – Шортанды ауданының бет-бейнесі», «Ұлттық құндылықты жаңғырту – ұрпақ парызы» және «Отаным – менің тағдырым» инновациялық жобалары. Алдағы уақытта жүзеге аса бас-тайды. Бұл жобалардың жүзеге асуы шортандылықтардың рухани өсуіне себеп болып, аудан орталығының келбетінің жақсаруы мен инфрақұрылымының кеңеюіне жол ашады деп сенеміз, –деді аудан әкімі есеп соңында.
Бұдан соң, округ тұрғындары жолдарды жөндеу, зейнетақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, жер телімдерін бөлу, баспана мәселелеріне қатысты
сауалдарын қойып, өңір басшысынан толық жауаптарын алды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.

Суреттерде: залдан көрініс; Бозайғыр ауылдық округінің әкімі Гүлнәр
Омарова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар