Елбасы жолдауы: 10 міндет

Егіс алқаптарын отандық тұқыммен қамтамасыз етуіміз керек

Жолдаудағы аграрлық саясат пен аграрлық ғылымның дамуының басымдығына қатысты белгіленген міндеттер А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының үлкен қызығушылығын тудырды. Мұнда Елбасы Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің маңыздылығы мен келешек көкжиегін атап өтті.

Президент Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтері астықты егу мен жинаудың қысқа мерзімін болжау технологиясының, «ақылды суару», минералдық тыңайтқыш енгізудің алдыңғы қатарлы жүйесінің, зиянкестермен және арамшөппен күрестің өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Сондай-ақ, жер өңдеуде және жалпы, ауыл шаруашылығында пилотсыз техниканы пайдалануға назар аударылды. Аталмыш орталық ғалымдары шығарған дәнді, майлы, бұршақ дақылдары мен екпе шөптің ондаған сорттарын бүгінде әлемнің көптеген елдерінің диқандары пайдаланып, игілігін көріп отыр. Орталықтың сан салалы қызметі тек жаңа өнім сорттарын шығарумен шектелмейді, егіншілік мәдениетін көтеру, астық сапасы мен өнім көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын жақсарту, адам денсаулығына игі ықпалы бар жұғымды дақылдарды өсіру сияқты маңызды шаруалармен де айналысуда.
Қазіргі таңдағы егін шаруашылығы саласындағы жағдайға келетін болсақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан біздерге біраз міндеттер жүктеліп отыр. Осы күні елімізде егіліп жатқан тұқымның 50 пайызы қазақстандық сорт та, қалған 50 пайызы ресейлік бидай тұқымының үлесінде. Сондықтан, алдағы уақытта отандық үлесті арпа болсын, бидай болсын, 90 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы бағытта біздің ғалымдар беріле жұмыс істеп жатыр. Тұқым шаруашылығын алсақ, біздің ғылыми орталық Қазақстандағы тұқым сорттарын шығаратын басты орын болып саналады. Осы күні еліміздегі егістік алқаптарына себіліп жатқан тұқымның Ақмола облысында 78 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында 49 пайызы және Қостанай облысында 12 пайызы біздің ғалымдар шығарған тұқымдардың үлесінде.
Дегенмен, отандық тұқым түрлерінің үлесін арттыру үшін, яғни, егістік алқаптарға солтүстікке бейім П1, П2, ПР1, ПР2, ПР3 тұқым түрлерін толық егу үшін ең бастысы уақыт керек. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінде шаруашылықтардың егістік алқаптарында жаппай 1-2 сортты тұқым себу бойынша карта жасалып жатыр. Бірақ, оны жүзеге асыру үшін біздер егіншілікпен айналысатын шаруаларды тұқыммен жүз пайыз қамтамасыз етуіміз қажет. Ал, оған біздің материалдық-техникалық базамыздың әлсіз болуы мүмкіндік бермей отырған жайы бар. Сондықтан, бізге ең бастысы, сынақ алқабының көлемін ұлғайтып, материалдық-техникалық базаны нығайту қажет.
Оған қоса, сынақ-тəжірибе жүргізу үшін шалғысы 1 метрлік «винтаж стаер» комбайны керек. Бұл жағынан Ауыл шаруашылығы министрлігі көмектескелі отыр. Қалай болғанда да алдағы уақытта егістік алқаптарда отандық тұқымның үлесі артатынына сеніміміз мол. Оған жету тек уақыттың еншісінде. Бүгінгі таңда егін шаруашылығы саласында рапс, жасымық, түрік бұршағы (нут) сияқты жаңа дақылдар егілуде. Осыған дейін 2014 жылы жасымық 20 мың гектарға егілсе, қазір бір ғана Ақмола облысының өзінде 600 мың гектарға жетіп отыр. Нарықта жасымық бағасының бидайдан қымбат болуы себебінен диқандар осы дақыл түрін егуді қолға алуда. Бұл өнімдердің бағасы бидай құнынан шамамен 4 есеге қымбат. 1 миллиардтан астам халқы бар Үндістан сияқты елдердің рапс пен жасымыққа сұранысы жоғары. Сол себепті, әртараптандыруға көшіп отырған жайымыз бар.
Біз соңғы үш-төрт жыл бойы рапс, жасымық, түрік бұршағы дақылына зерттеу жүргізіп келеміз. Бұл дақылдар жоғарыда айтқан үш облыс аумағында өсірілуде. Жасымықтың жаңа сорты мен өсіру технологиясын ойластырып шығардық, онда қайда, қалай, қай уақытта егу, зиянкестермен күресу жолдары қамтылған. Қазіргі кезде ол «Астық холдингі» өңірлік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «Жер-1» ЖШС тəрізді бірқатар шаруашылықтарда қолданылуда. Жалпы, әртараптандырудың пайдасы зор, ол біріншіден, табыс көзі болса, екінші жағынан, жердің тыңайтылуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы үшінші міндетте көрсетілген «Ақылды технология-лар» бағыттары біздің ғалымдардың назарында тұр. Ол ғылыми-зерттеу барысында пайдаланылады, аграрлық сектор бизнесіне ұсынылады. Отандық жағдайда жаңа технологиялар трансферті және оны бейімдеу міндетін біздің ғалымдар орындауда. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің шағын және нөлдік технология өндірісі, нақты жер өңдеудің технологиялық элементтері зерттеліп, ұсынылуда. Сондай-ақ, аграрлық ғылымның назарында органикалық жер өңдеу мен органикалық өнім өндірісі мәселесі тұр. Ол табиғи азық-түлік тағамдарының «Қазақстанда жасалған» брендін жасап, ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бізді аграрлық ғылымның ғалымы ретінде төртінші өнеркәсіптік революция сауалдарына жауап беретін және дамудың жаңа цифрлық, технологиялық платформасына ауыл шаруашылығы өндірісінің ауысуы, агроөнеркәсіптік кешеннің ғылымилығын арттыратын жаңа технологияны енгізу мәселелерінің бағдарламалық құжаттарға қызығушылық және оның енгізілуі қуантты.
Бұл мемлекеттің жаһандық әлемдегі бәсекеге қабілеттілігіне, әлемдегі жаңа талаптарға жауап беретін қазіргі заманғы бағыттың дұрыстығына сенімділік береді. Уақыт қолға алынған реформалардың ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетуде. Біз дұрыс таңдалып алынған жолдамыз. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауы болашақ Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқарады деп есептейміз. Еліміз бұл Жолдауды басшылыққа алып, 2050 Стратегиясын жүзеге асыруда үлкен табыстарға жететініне сенімдіміз. Елбасы белгілеген мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты шешуші мәселелердің барлық спектрі бойынша Қазақстанды жаңа даму жолына салатын жаңа кезең болады.

Кенже АБДУЛЛАЕВ,
«А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігінің бас директоры,
Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар