Мәлік аға

Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты офицер, айтулы Батыр Мәлік Ғабдуллин Отан отқа оранып жатқан кезде өзі тіленіп майданға аттанған. Ол сол кездегі барша еліміздің астанасы болған Москва қаласын қасықтай қаны қалғанша көзінің қарашығындай қорғаған ержүрек жауынгер, батыл да батыр ер азамат. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, қарамағындағы жауынгерлерді басқыншы жауға қарсы тайсалмай бастап шыққан саяси жетекші.

Арғы аталары Қанай би, ер Бекболат сияқты қазақ жұртының орынды түрде аузына ілегіп, барша халықтың құрметіне бөленген асыл азамат. Бабалар рухын жаңғыртқан әрі батыр, әрі көсемсөз шебері.
Әскери қызметін Алматыда құрылған 16-атқыштар дивизиясында ротаның саяси жетекшісінен бастаған ол, соғыс барысында батальон, полк, майдан сынды үлкен әскери құрамалардың комиссары қызметін атқарады. Кейіннен КСРО Қорғаныс министрлігінде орыс емес ұлт өкілдері жауынгерлеріне арналып саяси бөлім құрылады да, оны басқару Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге жүктеледі.
1988 жылы Москва қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан «Ғажайып адамдар өмірі» (ЖЗЛ) айдарымен шыққан кітаптың 284 бетінде саяси жетекшіге мынандай анықтама берілген екен:
«Саяси жетекші» жауға қарсы атой салып, шабуылға шығатын отрядтың ең алдында, ал кейін шегінген кездерде ең артында жүретін батыл да батыр адам. Демек, саяси жетекші қардай борап тұрған оққа кеудесін қарсы қоятын да, кейін шегінгенде жауынгерлеріне пана болып, қорғайтын ержүрек офицер.
Фашистер ондай адамдарды мейлінше жек көріп, олардың көздерін жойып отыруға тырысқан. Себебі, олардан жүректері суылдай қорыққан, жандары тітіреген.
Соғыс жылдары 200-ден астам саяси жетекші Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атаққа ие болған екен. Соның ішінде біздің ағамыз Мәлік Ғабдуллиннің болуы барша қазақстандықтар үшін ерекше құрмет, аса зор абырой.
Мәлік аға неміс басқыншыларымен соғыса жүріп, атыстан сәл қолы босаған кезде автоматты қаламға ауыстырып, күнделік жазған, басқа бөлімдердегі жауынгер жолдастарына, Қазақстан жазушыларына, туған-туыстарға көптеген хат жазған. Ол кісінің жазысқан үлкен жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Батыр Бауыржан Момышев, Үміт Балқашев, Әбу Сәрсенбаев, Есмағамбет Ысмаилов, Жұмағали Саин, тағы басқалармен араларындағы хат-хабар үзілмеген.
Мәлік ағаның бір ерекшелігі сол майдандағы жауынгерлердің тылда қалған ата-аналары, бала-шағаларының жағдайына дейін біліп отырған. Егер де қан майданда жүрген жауынгерлердің елдегі жасы егде тартқан анасы отын-шөпсіз қалса, тиісті орындарға арнайы хат жазып, сол арқылы ондай адамдарға көмегін тигізген. Сөйтіп, қарамағындағы жауынгерлердің еш алаңсыз Отан қорғауына мүмкіндік туғызған. Елдегі егін-шөптің шығуына дейін қадағалап, назарда ұстауы Мәлік ағаның өмірді жан-жақты бақылап отырғандығын көрсетеді. Ол кісінің жазған хаттарынан мұндай мысалдарды көптеп көруге болады.
1943 жылы 30 қаңтарда Батыр атағын алғаннан кейін елге демалысқа келгенде Алматыдағы Бауыржан Момышұлының зайыбы Жамал Мәлік ағаның жанына көп адамды қосып, қонаққа шақырады. Сонда Мәкең Баукеңнің баласы Бақыттың жақсы болып өсіп келе жатқанына, қазақша сөйлеуіне және де олардың жайсыз үйде тұрып жатқандарына ерекше назар аударады. Мәлік ағаның 1943 жылғы қазан айының 26 жұлдызында Баукеңе жазған хатынан үзінді:
«Жамал Бақытты қазақша сөйлеуге үйретеді, онысы орынды және дұрыс. Жас бала орысшаны қашан да болса тез үйренеді, ана тілін білмесе ол ұят болады ғой.
Сіздің үйге квартира бермегеніне наразылық білдіріп, горкомға, Оңдасынов пен Шаяхметовке айтып: «Қазақ халқынан шыққан бір батыр командирдің семьясына квартира тауып бере алмағандарың ұят емес пе?» – дедім. Олар: «Қайтсе де жақын арада квартира берелік» десіп қалған.
Міне, өзі де үйсіз-күйсіз, тар, сыз окопта жатып соғысып жүрген Мәлік аға Баукеңнің отбасына осылайша қамқорлық, жанашырлық білдіреді.
Жалпы Мәлік Ғабдуллиннің қанды көйлек жолдасы, әрі жасы үлкен ағасы Бауыржан Момышұлына деген қамқорлығы жалғыз мұнымен шектелмейді. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген халық мақалын орынды пайдаланып, 1943 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Қазақ мақалының күші» деген мақала жазады.
Үзінді келтірелік: «Тылдағы кейбір жолдастар Бауыржанды долбарлы қара күштің, қолма-қол ұрыс, айғайдың иесі деп бағалайтын сияқты. Бұл қате, Бауыржанға берілген теріс баға. Ең алдымен, Бауыржан ақыл мен ойдың иесі, барлық қасиеті бойына жиналған, адамгершілігі, ерлігі, жігітшілігі күшті, шын мағынасындағы қолбасшы командир. Егер М.Горький «Адам деген – ардақты ат» деп шын мәнісіндегі тұлғалы адамды айтса, сол адамның бірі осы Бауыржан. Бұл – ең бастысы. Екіншіден, ол өжет пен өткірліктің, қайраттың иесі, өте батыл адам».
Міне бұдан артық қалай айтуға болады? Мәлік аға Баукеңді осылайша қорғап қалады. Оны батыр етіп көрсетеді. «Өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр дер» деген халық мақалының шындығын ол осылайша көрсетеді.
Мәлік Ғабдуллиннің қамқорлығын, аялы алақанын, жан жылуын тіпті соғыс жүріп жатқан тар кезеңнің өзінде сезінбеген жан жоқ шығар. «Майданбек» деген поэма жазғаны үшін, болмашы бір сөз үшін ғана жазаға тартылған ақын Диқан Әбілов түн ішінде Мәлік інісін іздеп табады. Зор сенім, үлкен үмітпен келеді. Себебі, енді небары бір жеті сағат уақыттан кейін әскери трибунал басталу қаупі тұр еді. Өздері де қан майданның ішінде жүрген үш қазақ бірігіп: –Диқан Әбілов «Адамды адам қалай өлтіреді» деп жазады. Демек, біз немісті қыр да жой деп жатсақ, ол керісінше іс жасайды. Ол кеңес үкіметінің досы емес, қас жауы. Оны қатаң жазаға тарту керек деп құраманың саяси бөлімінің бастығы генерал Дребедневтің атына арыз-шағым жазады.
Бұл жайды естіген Мәлік Ғабдуллин дереу жанындағы екі орыс жігітін ертіп алып, іске кіріседі. Үшеуі генералға және оның жанындағы офицерлерге жан-жақты жатық етіп түсіндіріп, қорқыныштан жаны тітіркеніп келген Диқан ақынды әскери трибуналға жеткізбей аман алып қалады. Ал, егер оған жеткен адамның тағдыры не болары түсінікті де еді. Оның аты – ату жазасы, не болмаса ұзақ уақытқа сотталу деген сөз ғой. Сондағы Диқан ағаның қуаныштан көз жасының ытқып-ытқып кеткенін көрсең…
Мәлік ағаның қанды көйлек жолдасы аға лейтенант Құрманбек Сағындықов жараланып, жағдайы болмай жүреді. Ол жөнінде батыр ағамыз 1943 жылы мамыр айының бірі күні Алматыдағы Орталық Комитетке хат жазады. Онда бұлай делінген: «Құрмаштың үй іші туралы ЦК-ға хат жаздым. – «Алматыға алдырып емдеңдер, жәрдем беріп, жағдай жасаңдар» дегенді айттым.
Сұрапыл соғыс, толассыз қан кешуде жүрген Мәлік аға елдегі ақын-жазушылар мен тарихшы ғалымдардың жұмысына да кеңінен араласуға, өз пікірін білдіруге уақыт таба біледі. Ол жөнінде әдебиетші ғалым Есмағамбет Ысмайылов ағамыз 1943 жылы 12 шілдеде Бауыржан Момышұлына жазған хатында былай деген екен:
«Мен өткен жылы қазақ тарихын жазу жөніндегі қиындықтар, бөгеттер жайында Мәлікке мұңымды айтып хат жаздым. Артынан Мәліктен тиісті орындарға толық хат келді, даулы мәселелер толығынан менің пайдама шешілді. Мәлікке хат жазарда кейбір тарихшы Кенесарыны, Абылайды, Әз Тәукені – халықты қанағыш, феодал, қанішер деп көрсетіп жазған еді, хаттан кейін пікір өзгеріп, өзіміздің қасиетті ата-бабамыз туралы әділ, шындық сөзді айта алатын дәрежеге жеттік».
Мәлік аға соғысты жеңіспен аяқтап, елге оралғаннан кейін өзінің майданда көрген-білгендерін бірнеше кітап етіп жазды. Көкшетау қаласындағы Батыр аға музейінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысындағы Кеңес халқы жеңісінің 70 және Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толу қарсаңында солардың бір қатарын екшеп, соғыс жылдарында жазған хаттарының баспа беттерін көрмегендерін оқушы қауым назарына ұсынды. Кітапқа бұрын жарияланбаған естеліктер де кіргізілді. Олардың қатарында республикамыздың атақты тарихшысы Ермұхан Бекмаханов, атақты ғалым Қаныш Сәтпаев, Үміт Балқашев туралы естеліктер бар. Сондай-ақ, 1075 полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров пен өзінің басынан өткізген «Күдікті күндер» атты ұзақ әңгімесі де алғаш рет баспа жүзін көрді. Осының бәрі келешек ұрпақ алдында Батыр аға бейнесі мен болмыс-бітімін ірілендіре түсетін талап-ұмтылыстың бірі екендігі анық. Ылайым солай болсын.

Жанатай БЕКЕНОВ,
Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар