Сыбайлас жемқорлық әлі көрініс беріп отыр

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2017 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Брифингті партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов жүргізді.

Брифингте күн тәртібіне сай ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Жанәділова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Берген Беспалинов баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыс нәтижелеріне тоқталды.
Жоғарыда аталған комитеттің облыс бойынша деректер қорының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, өткен 2017 жылы 85 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы орын алыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға төмендеген, бірақ, әлі де осы тараптағы жұмыстарды жетілдіру қажет. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі лауазымды тұлғалардың өз қызметін асыра пайдалану, пара алу және сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жұмсау немесе өзі иемдену секілді сипаттарда. Бұл құқық бұзушылықтардың 69-ын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының, 8-ін прокуратураның, 7-еуін ішкі істер департаментінің, біреуін ҰҚКД-нің қызметкерлері анықтаған екен. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 17-і әкімдіктердің қызметкерлері болса, 11-і ішкі істер органдарының, біреуі мемлекеттік кірістер комитетінің, 3-еуі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің және 19-ы басқа да құрылымдардың қызметкерлері.
2017 жылы 46 тұлғаға қатысты айыптау үкімдері шығарылса, 11 адамға 31 миллион 800 мың теңгеден астам айыппұл салынып, бар мүлкі тәркіленген және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған. «Арнайы есептер» автоматты ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша 2017 жылы мемлекеттік қызметтен заңсыз әрекеттері үшін босатылған 86 тұлға есепке алыныпты, олардың 53-і ішкі істер органдарының, 11-і әкімдіктер мен олардың құрылымдарының, 10-ы төтенше жағдайлар органдарының, 11-і басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері көрінеді.
Брифинг барысында Берген Беспалинов 2017 жылы және оның алдындағы 2016 жылы Әдеп кеңесінде қаралған істерге байланысты баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қолға алынып жатқан шаралармен таныстырды. Өткен жылы 25 адам тәртіптік жауапқа тартылса, одан бұрын 28 адам тартылыпты.
Брифинг соңында журналистер мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде лауазымды тұлғалардың, әкімдік қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол беруі мен олардың заңды белшесінен басуының себеп-салдарын және басқа орын алып жатқан сыбайластық көріністері жайында сұрап, өз ұсыныстарын жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар