Қызмет өрісі кеңеюде

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде партияның аймақтық кураторының мәжілісі өткізілді.

Келелі бас қосуда партияның Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен аймақтық куратор, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов өңірлік қызметтің жылдық қорытындысын шығарып, алда тұрған міндеттер жауапкершілігін атап көрсетті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Ақмола облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов мемлекеттік өкілетті органның атқарып жатқан жұмыстарына талдау жасады. Бұл бағытта қызмет сапасын көтеру, жұртшылықты ақпараттандырып, түсінік шараларын жүргізуге, мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінгендігіне назар аударылды. Есепті кезеңде қызмет көрсету мен оның түрлері көбейген. Қызметтің электрондық форматы 2016 жылы 46 пайыз болса, былтыр бұл 78,2 пайызға жеткен. Үлкен көрсеткіш. Мұны ведомство басшысы қоғамдық ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылған қызметпен байланыстырғаны құптарлық. «Қоғамдық қабылдау», «Ашық қызмет», интернет-конференциялар мен семинарлардың қайтарымы да осыдан байқалады. Әсіресе, былтырғы 20 қазанда «Рио» сауда және ойын-сауық орталығында алғаш рет мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі өткізілгені жұртшылық тарапынан қызығушылық тудырды. Шара барысында жүзге жуық адамның өтініш-тілектері есепке алынып, 40 кісінің сұрақтарына электронды форматта жауап қайтарылды. Бұл шара жұртшылық көп жиналатын «Риода» желтоқсан айында тағы да қайталанып, оған қатысушылардың қатары екі еседей көбейген.
Денсаулық сақтау саласында тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 26 түрі ұсынылуда (жетеуі ақылы). Мұндағы 6 қызмет электронды үкімет порталы арқылы ұйымдастырылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова кеңінен баяндады. Аталған іспен 41 медициналық ұйымның 527 өкілі айналысады екен. Қазіргі күні «тұрғындарды медицина мекемелеріне тіркеу», «дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру» қызметін оңтайландыру үшін «электронды үкімет порталының», «Call-орталықтардың» және әлеуметтік желілердің қызметі пайдаланылуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетудің ауқымы да кеңейе түскен. Осының нәтижесінде жыл ішінде 3588986 (!) мемлекеттік қызмет ұсынылғаны айтылды.
Басқарма былтырғы 29 желтоқсанда жаңа туған сәбилерді құжаттандырудың қанатқақты жобасын іске қосты. Ендігі жерде бөбек туғаннан кейін екі сағат ішінде деректер ақпараттандыру жүйесіне тіркеліп, туу туралы куәлік беріледі, бала бақшаға кезекке тұру мүмкіндігі де бар. Бұл іс болашақ аналардың отбасын жоспарлау жобасымен өзектес жүргізілуде. Бұған қосымша, азаматтардың сырқаттануына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық туралы электрондық құжаттарын рәсімдеудің мүмкіндіктері қарастырылуда.
Президент Жолдауының Үшінші міндеті «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталады. Яғни, ауылды дамыту тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің мейлінше қолайлы әрі сапалық деңгейін жақсартуға да тәуелді болмақ. Осы орайда, мәжілістің күн тәртібінде ауыл шаруашылығындағы айрықша сұраныстағы сала басшыларының есептері тыңдалуы көңілден шықты. Қолдайтын жағдайдың бірі, бұлар ұзын-сонар баянға бармастан шешуін күткен өзекті мәселелерді арқау еткендігі дер едік.
Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Булашев бекітілген реестр бойынша мемлекеттік қызметтің 6 түрін іске асыратындықтарын айтып, қысқаша сипаттама жасады. Жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Бірақ, салалық ерекшеліктерге байланысты нақтылай түсетін мәселелер бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 6 мамырдағы бұйрығында мемлекеттік қызметтің баламалы (қағаз немесе электронды) түрін қолдануға болатындығы көрсетілген. Әйткенмен, ҚР АШМ электронды дерек қоры «электронды Үкіметтің» порталымен әлі күнге сәйкестендірілмеген. Бұл баламалы сипатты теріске шығарады. Осының салдарынан қызмет алушы өтінішін қағаз түрінде рәсімдеп, уақыт шығындайды. Оның үстіне, дәрі егу, қан алу, емдеу шаралары қызмет алушының қатысуымен өткізіледі. Малды есепке алу, емшара тіркеуі де маманның аулаларды аралау барысында жүзеге асырылады. Тиісті құжаттар, түбіртіктерді ветеринарлық қызметкерлер толтыратыны белгілі. Ал, мемлекеттік қызметтің негізгі ұстанымы қызмет алушымен қатынасты шектейді. Сондықтан, қызметтің бұл түрін ақылы негізде ұйымдастырған дұрыс.
Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рахат Сыздықов мемлекеттік қызметтің бекітілген 11 түрінің жетеуі айрықша сұраныста екендігін айтады. Баяндама барысында мұнда да келеңсіз жайлардың барлығы байқалды. Мәселен, реестрге енгізілген жоғарыдағы қызметтің төртеуі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 1 бабы, 13 бөліміндегі (жерге құқық беруді 30 күнде қарау) талаптарға қайшы келеді. Ал, жерге қатысты заңдылықта бұл мәселені 20 күнде қарау көзделген.
Сондай-ақ, мемлекеттен жер сатып алу барысында оның кадастрлық құнын бекіту, жерге орналастыру жобаларын бекіту, сулы жерді суарылмайтын алқап дәрежесіне ауыстыруға рұқсат беру, іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу сияқты қызметтер құжаттар топтамасының дұрыс толтырылмауы және түгел болмауы кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорация-сы арқылы тоқтатылады. Бірақ, іс жүзінде қызмет беруші стандартта белгіленген нормаларды сақтай бермейді, мұнда олар жер заңдылықтарын басшылыққа алады. Осыдан келіп қызмет беруші қызмет алушымен өзара байланыста дүдәмал жағдайларды анықтауға, түзетуге немесе стандарттар мәтінімен сәйкестендіруге мәжбүр болады. Яғни, «бір терезе» принципі формальды сипат алады.
Мәжілісте мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тарапынан тексеру шаралары арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге жататын 1882 тәртіп бұзушылықтың анықталғаны белгілі болды. Осының нәтижесінде 94 мемлекеттік қызметкер мен лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Ал, қызмет өрісі тым көп денсаулық сақтау саласындағы өкілетті орган тексерісінде 7 маман ғана тәртіптік жауапкершілікті арқалапты…

Бақберген Амалбек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар