Оқуды өндіріспен ұштастырып…

Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы аясында «Тыныс» акционерлік қоғамында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті «Инженерлік технологиялар және көлік» кафедрасының филиалы ашылды.

Облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, университет оқытушылары мен студенттері, зауыт өкілдері және шетелдік меймандар қатысқан салтанатты шарада «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Қалманбаев сөз сөйлеп, зауыттың «Қазақстан-Инжиниринг» акционерлік қоғамы жүйесіне кіретінін, сондай-ақ, өз саласы бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорын екенін атап өтті.
–Қазір мұнда 750 адам еңбек етіп, жылына 17-20 миллион доллардың та-
уарын шығарады. Зауыт Ресей, Қазақстан мен Беларусь Республикаларындағы алпауыт кәсіпорындардың тапсырысын орындайды. Қазір машина жасау мамандары жетіспейді. Студенттерге материалдық базамыз арқылы технологиялық тұрғыдан көмектесеміз. Кәсіпорын өз есебінен оқу аудиториясына мультимедиялық құралдар мен жиһаз сатып алды,–деген зауыттың басшысы қолға алынған іске сәттілік тіледі. Университет дуальды оқыту жүйесін енгізген жағдайда білікті мамандар қатары көбейеді. Болондық үдерістің талаптары бойынша бұл жүйе тәжірибенің теориядан басым болғанын көздейді.
Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедраларында бүгінге дейін өндіріске қажетті 12 филиал ашылды. Студенттер аптасына екі күн кәсіпорында оқиды. Дәріс пен тәжірибелік сабақты университеттің білікті оқытушылары мен зауыттың жетекші мамандары өткізеді,–деген аталмыш университеттің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров алдағы уақытта оқу орнының креативтік идеялары осы зауытта жүзеге асатынын, қазір университет ұжымы шетелдік серіктестермен 8 жобаны жүзеге асырып жатқанын айтып берді.
«Қазақстан-Инжиниринг» акционерлік қоғамының басшысы Мақсұт Қайыр өз сөзінде Елбасы Жолдауына тоқталып, студенттер тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйрене алатынын жеткізді.
–12 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессорларымен және кәсіпорындардың басшыларымен бірге төрт бағдарлама мен әртүрлі жобаларды жүзеге асырдық. Еуропада машина жасау саласында жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесі кеңінен пайдаланылады. Осы орайда, кәсіпорындармен байланыс ешқашан үзіліп көрген емес. Алдағы уақытта жергілікті университеттің базасында ресурстық орталық ашамыз. Кәсіпорын базасында кафедраның осы филиалын ашқандарыңыз құптарлық іс,–деді «LMPI» жобасының үйлестірушісі, Франциядағы академия оқытушысы Жан-Ноэл Пашу.
Жиын барысында еңбек ардагері Николай Малашенко акционерлік қоғамның тарихына тоқталып, кеңес заманында Павлодар индустриялық институтының және Көкшетаудағы машина жасау техникумының студенттері зауытта тәжірибеден өткенін, диплом жұмысын жазып, еңбекақы алғандарын айтты. Сол кезде осы оттегімен тыныс-тау аппаратуралары зауытында 5 мың 300 адам жұмыс істеген. Бүгінгі таңда кәсіпорын әртүрлі жобаларды қолға алып отыр. Мұнда қазіргі заманғы бағдарламалық станоктар арқылы еңбек өнімділігі арта түсуде.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қайрат Сұлтанов өз сөзінде кәсіпорында филиал ашу идеясының қалай жүзеге асқаны жөнінде айтып берді. Қатты қалдықтар мен қой жүнін тығыздайтын қондырғы жасау жобасын ұсынды. Шара соңында компьютерлік оқу бөлмесінің көк лентасы қиылып, студенттер үшін шағын сабақ өткізілді.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар