Өз ана тіліңмен ғана ұлтсың!

Кеше «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл» тақырыбында облыстық тілдерді дамыту басқармасының қорытынды мәжілісі болып өтті.

Мәжіліске облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және мемлекеттік тілге жауапты мамандары,
аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, тілдерді оқыту орталықтарының, оқу орындары мен бала бақшаларының басшылары, тіл жанашырлары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мәжілісті ашқан Айна Мысырәлімова аймақта тіл саясатының іске асырылу барысына тоқталып, осы орайда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы тіл мәселесіне қатысты міндеттерді саралап өтті. Бұдан әрі облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова «Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының 2017 жылы атқарған жұмысының қорытындылары және 2018 жылдың міндеттері туралы» баяндама жасады. Онда осы салада қол жеткен жетістіктермен бірге, кемшіліктер де ортаға салынып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Мемлекеттік тіл мәселесі дегенде, көп нәрсенің әлі маңдымай отырғаны ешкімге жасырын емес. Нақты атқарылған істен де құр цифр қуалаушылық басым екеніне етіміз үйренгелі қашан. Бүгінгі күні қағаз жүзінде облыста мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші 71 пайызға жетіп отыр. Бірақ, тілдік орта жоқ. Көшеде де, қоғамдық орындарда да жаппай орысша сөйлесу белең алған. Осыдан кейін әр жерден көзжұмбайлықпен жинап берілетін бұл мәліметтерге қалай сенуге болады? Қолда бар 565 орта мектептің бар болғаны 159-ы ғана қазақ мектебі. Бала бақша мәселесінде де жағдай осындай. Ол аз десеңіз, 38 колледждің біреуі ғана қазақ тілінде.

Осы бағытта атқарылып жатқан азды-көпті жұмыстармен қатар, бұл олқылықтар баяндамада да нақты көрініс тауып, ашық айтылды. Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені, бәрін көріп отырмыз ғой. Елді мекен, жер-су, көше атауларын өзгертуде де әлі қыруар жұмыстар күтіп тұр. Тәуелсіздігімізден бергі 26 жылда бұл мәселелерде шабан қимылдап, көп нәрсені уыстан шығарып алғанымыз айдан анық. Ең алдымен, қазақтың өзі қазақ бола алмай отыр. Орыс тіліне тас кенедей жабысып алғанбыз. Өзгелерге намысы жоқ, рухы төмен ұлт ретінде атымыз шығып болды. Бұл орайда, қазіргі Елбасы алға тартқан рухани жаңғыру санамызға бір сілкініс әкелмесе, әр жағы белгісіз.
Осылай ащы да айтылған мәжілісте облыс орталығындағы «Нұрай» бала бақшасының меңгерушісі Айгүл Маментикова, М.Ғабдуллин атындағы №3 көп тілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты оқытушысы Шаттық Қарасартова, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат, Атбасар аудандық сотының судьясы Асқар Шарапатов, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Асылбек Байжұма, Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев жарыссөзге шығып, өз салалары бойынша мемлекеттік тілді дамыту мәселелерінің оң-солын ортаға салды. Бұл ретте, нақты қолдан келген жұмыстармен, көрген-түйгендерімен байланыстырып, әрқайсысының да өз айтары бар екені мәлім болды. Мәселен, жылда қазақ топтарына өзге ұлт балалары келіп жатыр. Мұны жетістік ретінде ауызға алғанымызбен, қоғамда тәрбиешілер қазақша түсінбейтін сол балалардың жетегінде кетіп, топтағы тәрбиеленушілерге орысша сөйлейді деген де қынжылыстар жоқ емес.
Әсіресе, мінбеден мемлекеттік тіл, оның ұңғыл-шұңғылы туралы біліктілікпен сөз қозғаған Нұртас Ахаттың осы тілімізді дамыту, ұлттық рухты көтеру тұрғысында ортаға салған ойлары мәжіліске қатысқан әр адамның көкейіндегісін дөп басып жатты. Мұнымен қатар, тіл туралы ойласудың ажарын келтірген тағы бір тегеуірінді, ақиқат сөз осы мәжіліске Астанадан арнайы шақырылған Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тілдерді дамыту үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, тіл қайраткері Оразкүл Асанғазының сөзі болды. Келелі мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қорытындылап, мемлекеттік тіл саясатын ілгері апару жөнінде мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. Мәжіліске қатысушылар Ақмола облысының тұрғындарына мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге шақырған үндеу қабылдады. Мәжіліс соңында бір топ тіл жанашырларына облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары тапсырылды.
Сөйтіп, бұған дейін де осындай қанша бас қосулар өткенімен, бағы әлі жанбай тұрған тіліміз жайында тағы бір кеңес өз мәресіне жетті. Онда бір құптарлығы, күрмеуі қиын мәселелер, тіліміздің осылай болуының себеп-салдарлары еш бүкпесіз, ашық та тереңірек айтылды. Соның ішінде билік орындарынан – бала бақшаларындағы сабақ кестесінен сызылып тасталған қазақ тілі пәнін қайтару сұралды. Көшелердегі жарнаманы түзету үшін жұртшылықтан ұсыныс-пікірлер қабылдайтын басқарманың арнайы сайты ашылғаны хабарланды. Жыл басында тіл мәселесін осылай қалың көпшіліктің басын қоса отырып, дәйекті талқылаудың өзі басқарманың жаңа басшылығының осы бір әрқайсымызды мазалай түскен маңызды шаруада дұрыс бағыт ұстанып, іске белсене кіріскенін көрсетсе керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар