Текті әулеттің тұяғы

Ел-жұртының қошеметін көріп жүрген осы әулеттің өткен жолына сәл-пәл болса да үңілсек, кезінде байдың ұрпақтары деп қудалауды көп көрген екен. Сөйтіп, қазақтың «төменгі іш» деп атайтын Түмен өлкесіне қоныс аударып, жан сақтаған әке-шешесі қиындық көріп жүрсе де өздерінің текті ұрпақ екендерін ұмытпаған. Шабданның әкесі Хамит ақсақалдың шаңырағы арғы бабаларынан қорасында малы азаймаған, ошақтан қазаны түспеген, құт-ырысы ортаймаған, береке дарыған шаңырақ болған.

Осындай текті тұқымнан шыққан Хамит ата мен Бәтия ана ұл-қыздарын өсіріп, өркен жайдырып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп Абай атамыз айтқандай, әке сенімін арқалаған ұлдары Тайжан, Қыдырма, Шабдан, Талап әке үмітін ақтай алды. «Әкеге бағыну – тәңірге бағыну» деп, әкені дәріптеген балалары кішіпейіл, жарқын мінезді болып өсті.
Шабданның үлкен ағасы Тайжан Хамитұлы орман шаруашылығында қазақтан бірінші болып ғылым докторы атанған адам. 1992 жылы Қазақ Ұлттық Академиясының мүшелігіне сайланды. Ғалымның жетекшілігімен оннан астам талапкерлер ғылыми диссертация қорғады. Тайжан Хамитұлының өзі 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалым химия саласына өмірінің қырық жылын арнаған. Ол жол құрылысына аса қажет қосқыш ойлап тапқан. Бұл реагентті жергілікті кәсіпкерлер шетелден қымбатқа сатып алады екен. Ал, ғалымның химиялық затты жасаудың ең оңай да арзан жолын табуы үлкен ғылыми жетістік. Бұл реагентті қосса, битум тасқа жабысып қалады екен. Содан барып битумның төзімділігі артады, қызметі ұзаққа жетеді. Інісі Шабдан Хамитұлының айтуына қарағанда, Қыдырма ағайға Нобель сыйлығы комитетінен өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерін қорғауға ұсыныс та түскен. Өкінішке орай, ғалым әлдебір себептермен бара алмаған. Төртінші ұлы Талап Хамитұлы бұрынғы Көкшетау облысындағы кеңшар директорларының ішінде ең жасы болған, С.Сейфуллин атындағы кеңшардың өркендеуіне зор үлес қосқан адам.
Біздің кейіпкеріміз Шабдан Хамитұлы ағасының жолын қуып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітіргеннен кейін, еңбек жолын қатардағы орманшыдан бастап, облыстық орман шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. Зер салсаңыз, әрқайсысы бір-бір тұлға.
Өзінің еңбегі туралы сыр шерткенде Шабдан былай дейді:
–Басшы болу оңай емес. Жауапкершілік жүгі үлкен. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп халық даналығы бекер айтпаған. Бастық қарамағындағылармен неғұрлым сыпайы болса, соғұрлым шынайы ниетке ие болады. Әкем жарықтық «көптің алғысын ал, қарғысына қалма» деп отырушы еді. Әкемнің осы қағидасын ұстанып, адамның бойындағы адамгершілік сезіміне, намысына тиюден сақтандым. «Ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді, ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді» деген ұлағатты сөзді ұстанып, әркімнің жүрегіне жол таба білуге, әркіммен тіл таба білуге тырыстым.
Осы орайда, Шәкеңнің өз аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. Сол деректі Орлиногор орман шаруашылығының директоры Теміржан Ақжолұлы деген азамат та растайды. Ертеректе осы орман шаруашылығының бір орманшысын жұмыстан шығару туралы мәселе көтеріліпті. Зерттей келе, орманшының кінәсі жеңіл екендігі анықталады.
–Жұмыстан шығарсаңыздар, он баласын кім асырайды? – дейді Шабдан Хамитұлы,–оның үстіне себебі де соншалықты маңызды емес екен ғой.
Әлгі сөз қамшы болып орманшы жұмысында қалған. Білген кісіге бұл да жанашырлық.
–Орман – ұлттың байлығы. Орман шаруашылығы материалдық өндірістің жеке саласы. Қазақстанда орман қоры шамамен 21,8 миллион гектар жерді алып жатыр. Яғни, республиканың барлық жерінің 4,7 пайызы ғана,– дейді ол бір әңгімесінде,–денсаулық үшін орманның, әсіресе, қарағайлы орманның пайдасы ерекше. Бір гектар жердегі орман сағатына екі келіге дейін көмір қышқылын жұтады. Бұл 200 адамның бір сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газына тең.
Шәкең білмекке құмар адам. Былтыр бізді Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп әулиенің кесенесіне тәу етуге алып барды. Мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовтың жүз жылдық тойына қатысуы үшін Алматыға сапар шекті. Өткен күзде Тараз қаласында қазақтың соңғы ханы Кенесарының шәйіт кеткеніне 170 жыл толуына орай өткізілген шараға қатысты. Шабдан Хамитұлы өзінің өмірден көріп-білгенін жергілікті басылымдар арқылы жариялап, оқырманға ой салып жүреді.
Шабданның дворян атағы бар бабасы Бадана Мыңбаев 1866 жылы Ресей империясының әулетті дворянині ретінде Көкшетау дуаны бойынша аға сұлтанды сайлауға қатынасатын сайлаушылардың тізіміне енгізілген. Сол тізімнің астында Бадана бидің мөрінің таңбасы бар. Ол құжат көркем каллиграфиялық жазумен жазылған. Әрине, құжаттың тілі қазіргі заманғы орыс тілінен қатты өзгешеленеді. Ол заманда дворян атағы Ресейдің «бөтен» мұсылман халқына сирек және ерекше жетістіктері үшін ғана берілетін болған.
Қара шаңырақтың иесі Шабдан Хамитұлы өз отбасының ғана қамын ойлаған жан емес, қоғамның мәселелеріне атсалысып жүрген азамат. Ағаларынан қалған мол ғылыми мұраларға да қамқор. Үстіміздегі жылдың наурыз айында химия ғылымының докторы Қыдырма ағасының туғанына 80 жыл толуына орай еліміздің әр аймағынан химия саласының белгілі ғалымдарын шақырып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізбек. Қазір осы шараға қам жасау үстінде.
Шабдан 75 жасқа келіп отыр. Осы жасқа келгенде жігіт ағасымыз деп жүрген кейбіреулерден көп ширақ. Өзі бойшаң, бойын әлі тіп-тік ұстайды. Екі беті нарттай, мейірімді көздері көзілдірік дегенді білмейді, әлі шоқтай жайнап күлімсірейді де тұрады. Өмірі ызғар шашып, суық тартып көрген көз емес, көп жасауы, көп жасай тұрып жігіт қалпында қалуы сондықтан да шығар. Маңдайы жап-жазық, бетінде әлі әжім жоқ.
Сырын білмеген адамға Шабдан тәкаппар көрінер. Сырын білмеген адамға ғана. Ал, шындығында аса ақкөңіл, егер бауырмалшылдық танытса, баласындай жастармен де, өзінен жасы үлкендермен де құрбы-құрдас сияқты болып араласып жүре береді. Үлкен-кіші деп жұртты алаламай, бәріне жылы жүзбен күлімсірей қарайды. Ешбір адамның көңілін қалдырмайтын көпшіл, кішіпейіл кісі. Тіпті, араласып-құраласып жүріп бір нәрсеге ашуланып, ренжігенін көргенім жоқ. Өз қара басым Шәкеңмен танысқаннан кейін ежелгі достардай емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, өзіміз де, сөзіміз де жарасып жүре берді. Дүниеде осылай адам мен адамның танысып, түсініскенінен артық байлық жоқ деп ойлаймын.
Қазақта үлкен кісі, үлкен адам немесе жолы үлкен, үлкеннің ізін басқан адам деген сөздер ұлтымыздың дәстүрінде орын алған. Яғни, үлкен деген сөз халықтың теңеуі, халықтың адамға берген бағасы. Шабданның үлкен кісіге тән үлгісімен келгенді қошаметтеп, кеткенді қимай, жұртты сыйлап қана қоймай, өзін де сыйлата білетін, имандылығы мен тектілігін қатар ұстай білетін, өз бағасын одан кемітпейтін азамат екенін көріп жүрміз. Қазіргі жасында Шәкең ата-анасының рухын, ізін, өнегесі мен өсиетін сақтап, соны жалғастырып отырған қара шаңырақтың ғана емес әулетінің үлкені болып отыр. Үлкені болып үй ұстауы, қонақ күтуі, үлкенді-кішілі ағайын-туыстарды бауырына тартып отыруы ұрпаққа өнеге. Сондықтан да ақыл-кеңесін айтып отырады.
– Қонақ шақыру да өнер,–дейді бірде Шабдан, – оған да талғам, білімділік керек. Өзің айтшы, пейілі тар, ниеті қара адам мен пейілі кең, ниеті ақ адам бір дастархан басына сыя ма? Сыйған күнде де өзара тіл табысып, еркін сөйлесе ала ма?
Шынында да аталы сөз емес пе, ұрпаққа ұлағат емес пе? «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, армансыз адам болмайтыны рас. Тірі адам тәтті елеспен күн кешеді, еңбек етеді, тіршілік жасайды. Бірде теледидарда атақты жазушыдан, «Өмірде қандай арманыңыз бар?» деген тілшінің сұрағына: «Мен армандарымның барлығына қол жеткіздім. Өмірде арманым қалмады» деп жауап берді. Сонда көрермендердің бірі: «онда бұл кісі өлген екен!»–деп айтып салды. Шынында өмір сүруге жетелейтін арманы жоқ адамды тірілер қатарынан шығаруының астарында философиялық астар бар емес пе?! Арман ешқашан таусылмайды. Арманы таусылған адам бұл дүниелік емес. Бес жастағы бала мен қартайған шал-кемпірдің де арманы болады.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», үлкен кісінің арманы да үлкен болады. Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөберенің алақанынан су ішу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Шөбере көру көп жасау белгісі ғана емес, ұзақ ғұмыр кешудегі өміріңнің мазмұны да екені анық. Ендеше құдай қосқан жарың Зақатай екеуіңе шөбере келіннің қолынан шай ішуді Алла нәсіп етсін.
Уақыт зымырап өтіп жатыр. Ол ешқашан бір орнында тұрмақ емес. Бір данышпанның мынадай бір қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан, бүгінгі күннің құны мен қадірін біл» деген. Сол сияқты кім жас болмады дейсің? Бүгінгі ақсақал болып жүрген өзіміз кешегі жігіт едік қой. Тепсе темір үзетін. Ойнадық, күлдік. Тоқтаусыз уақыттың алмасқан сабақтастығы енді кезегін кішіге берді. Өмір осынысымен де мәнді ғой.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Ойы биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кісілік пен кішіліктен жаралған, тұғыры биік тұлғаны мерейлі жасымен құттықтай отырып, денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Әрқашан ниетіміз бірігіп, түсінігіміз түйісіп, сөзіміз жараса берсе екен деймін.
Сәбит ШАҒЫРОВ.

Суретте: ел ағасы Шабдан Тоқмурзин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар