Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атадан жақсы болып туған - АРҚА АЖАРЫ

Атадан жақсы болып туған

Адам жолға шыққан жолаушы ғой. Туасың да өзіңнің жолыңа түсесің, тағдыр жазған күні жолың да тұйықталады. Бұл екі ортада Алла берген жасыңды жасайсың, маңдайыңа бұйырған ісіңді тындырасың. Көрмегенді де көруің, ащыға көнуің мүмкін. Сосын елдің берген бағасы… Ұрпағың… Осы міне, сенің жер бетіне келген-кеткеніңді әйгілеп тұрады. Бұл жөнінде біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шияп Әлиевтің де сан ойланып, толғанатыны ақиқат. Тіпті, олай істемеуіне негіз де жоқ. Өйткені, әр жағында осыған меңзетіп қоятын себеп баршылық. Осал атаның баласы емес. Бұл жарық дүниеде өмір сүріп, жау шапқыншылығынан елін, жерін қорғаған кезеңі Абылай хан заманымен тұспа-тұс келген деп болжанатын Ақан батыр – жетінші атасы. 105 жасқа келіп қайтқан еріңнен Сандықтау ауданында Ақан тауы қалған. Шолғыншылығы, көзінің қырағылығы мен сезім түйсігі сондай, жоғалтқан қамшысын бір жұмадан кейін де тауып әкеледі екен.

Ата-бабалары Шаңтөбенің әр жағындағы Жекебояқ жайлауын жайлапты. Шияп аға осы бірер жыл көлемінде сол жақтан Ақан батырдың зиратын іздеп қояды. Жол түсіп, екі рет барып та келді. Кім біледі, олай деп, бұлай деп кесіп айтуға болмайды. Бірден-бірге бір ұшына барып қалғандай да болған. Бірақ, соңғы сәтте ерте кезде ғалымдармен бір рет зерттелген қорым сақ дәуірінен болып шықты. Бұл екі ортада университеттегі аяқ алысымен қуантып, өз немересі Ақаны ер жетіп келеді. Сол батыр бабасы құрметіне есімін өзі қойған Ақанжаны.
Ал, одан бергі Құттыболат, Талас, Науан Хазірет… Әли, одан Шарап, Шараптан Шияп тарайтын ата-баба шежіресі ше? Патшаның қазақты шоқындырамын деген зымиян саясатына қарсы тұрған дін дарабозы Науан хазіреттің өзі-ақ ағамыздың арғы тегінің қандай екендігін дәйектеп берері сөзсіз. Азаматты бірі батыр, бірі хазірет – екі киенің бірдей оңынан оңғаруы оп-оңай жүргізсін бе?!. Нелер бір ой-толғанысқа барғызып қоятыны да сондықтан.
Ол не ой, не мазалы күй кешу дейсіз ғой. Мұның жауабы біреу-ақ. Шама келсе, ар-ожданның тазалығымен халқың күткен биігіңнен табылу. Қанша мықты болсын, бір атаның баласы болмай, еліңнің баласы болу, соның қажетіне жарау. Сонда ғана бабаңның тектілігі сірә, саған да ойысып, заманалар өшірмеген жақсы атын жалғай алуың кәдік.
Текті бабаларын мықтап көңіліне түйгелі, оң-солын ажыратқалы Шияп Шарапұлы осындай бір ғана мақсат-мүддемен ғұмыр кешіп келеді. Ал, алдыңда мақсатың барда, Алла сүбеңе беріп, ой-санаңды жақсылыққа бейімдеп тұрғанда, ісің де салмақ тартып, адами парызыңыз өтеле түспек. Шияп ағамыз солай, ізгі амалымен өмірді көркейтіп, мұндайда қарыздар қалмайтын өмір де өзін жетелеп, ырыздығы ортаймай келе жатқан жан. Осылай бір кезде ойға да кіріп шықпаған жетпістің ортасына да жетіп қалыпты. Бұл – дүние есігін 1943 жылы ашқан деген сөз. Елді соғыс өрті қаулаған нағыз ауыр кезең. Бұл жылдың төлдері аз. Өйткені, еркек кіндік ол кезде майданда.
– Әкем соғысқа кеткенде іште қалыппын,–дейді Шияп ағам да.
Сол соғыстың өртеңінен жетілген азаматтың осы бір сөзі көкірегіңде тұрып алғандай болады. Елеусіз өткізе салатын сөз емес. Тар жерде жүрген әке жүрегінің аңсары, әке жанының алаңы мен үміті болған екен-ау, сәби-қуаныш.
Әкесінің өз ауылдары Баратайдан Махмет досы екеуі окопта жатып түс көргені, ағып жатқан өзенде суға кетіп бара жатқанында, атасы Рүстембайдың «қорықпа, ілгері ұмтыл» деп дем беріп, ақыры, сол сөзі жағаға аман алып шыққаны тегін емес-ау. Содан «елге аман-есен барады екем, құлынымды көреді екем» деген әке үмітінің шырағы расқа айналып, аяқ-қолына бірдей оқ тиген күйі емдеу орнынан емдеу орнын ауыстырып, ақыры, өз Көкшетауының госпиталінен бір-ақ шыққаны тіпті сирек жағдай дерсің. Жөргектегі Шиябын құндақтап, естіген күні құстай ұшып жетпей ме, Күлшат жары. Сондағы «түсімде аян берген бабам мен сенсің ғой менің туған жерге табанымды тигізген» деп елжіреген әке қуанышын қай қалам сол қалпында дәл бере алсын?!.
Өмір осындай естен кетпес үзіктерден тұрады. Бұл сырды ауылдағы бас көтерер жұмыстардың бәрінде елге бір кісідей еңбегі сіңіп, 1983 жылы көз жұмған әке мен араға он төрт жыл салып, өмірден өткен анасы өз ғұмырларының мағынасындай бұларға қалдырған. Енді оны Шияп ағадан мен естіп отырмын. Әрі қарай оқырман оқып, біледі. Ұшқан ұяңнан алған тәлім осы. Сол тәлім де ғой, бір жағынан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдатып, ұстаздық ұлы мамандыққа жол салғызған.
Содан бойындағы әуелі маман, бірте-бірте басшы, азамат ретіндегі қабілет-қарымы, кісілік келбеті де ашылып, бой көрсете бастайды. Өзіне көптің арасынан көзі түскен Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Азнабай Әбілмәжінов алғаш оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынғанында:
–Жаспын, тәжірибем жоқ,–деп болмаған. Бірақ, кісі танитын ойлы басшы:
–Тәжірибең аз болса, ынтаң бар,–деп қоярда-қоймай осы қызмет жолына салып жіберді.
Осы орында алты жыл істеп, жұмысты да жолға қойды, абырой-беделден де кенде болмады. Сол алты жылда аудан мектептерінде мұның қол ұшын беріп, септігі тимеген мектеп жоқ шығар. Кейін облыстық мәслихатта тексеру комиссиясының төрағасы болып жүрген кезі. Бір күні кабинетіне аудандағы ауылдардың бірінен өзі бұрынғы жұмысынан жақсы білетін мұғалімдердің бірі келіп кірді.
–Шияп, қарағым-ау, алып жүрген зейнетақым түкке тұрмайды. Мен облыс ұстаздарына дейін талай ашық сабақ өткізген, еңбек еткен жылдарым жеткілікті, айлығым жақсы, жоғары санатты мұғалім емеспін бе?! Өзің бәрін білесің ғой. Қарадан-қарап күйінемін де қоямын. Тексертейін десем ананы-мынаны айтып, шығарып салады.
Шияп ағаның алдына осы сияқты сауалдарымен аудан мұғалімдері бертінге дейін келетін. Әрине, бір кездегі басшыларын өзімсінгендері, оған сенгендері. Сол жолы да зейнетақысын қайта тексертіп, көмектесіп жіберген. Есептеуден кеткен қателік орнына келіп, қарт ұстазды кабинетінде тағы бір көрген. Бірақ, бұл жолы шексіз алғысымен.
Шияп Шарапұлының бар саналы ғұмырының өзі осылай жұмыс бабында, жайшылықта болсын, айналасына ізгілік нұрын себумен өтіп келеді десек, бір жалғаны жоқ. Қашанда азаматтық пен адалдықтың, кішіпейілділік пен жылылықтың адамы. Жалпының, жалқының күрмеуі қиын бір ісі – оның да ісі. Ондайдан ешқашан бойын аулақ салып, шетқақпай қалып көрген емес. Ойлайтыны үнемі ел бірлігі, ел ынтымағы.
Келесі бір қызмет баспалдағы – аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігінен кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуымының төрағасы әрі Одақ, республика депутаты Мақтай Сағдиев Көкшетау облысынан өз көмекшілігіне осы Шәкеңді таңдап алған еді. Мұнысы өз жемісін берді де отырды. Шияп аға азаматтарды қабылдауды да өзі жүргізеді, сауалдарын да қолынан келгенше шешіп, бірде-бір мәселені жерде қалдырмайды. Содан бірде Мақтай ағаның ағынан жарылғаны ғой:
–Талай көмекшім болып еді, бірақ, сенің орның бір бөлек екен,–деп.
Өз ісіне жауапкершілігі мен іскерлігі көрнекті тұлғаны да мойындатқан Шияп ағамыз содан кейінгі бір қайраткерлігін, атадан намысы бар ұл болып туғандығын Көкшетау облысы таратылғанда танытты.
Баяғы қол бастаған Ақан бабасындай, бастамашыл топ құрып, елдің мұңын, елдің сөзін Елбасына, Үкіметке жеткізуде бір төбе еңбегімен ақыры, Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы Көкшетау қаласына көшірілуіне дәнекердің бірі болды. Сол алмағайып тұста көршілес Солтүстік Қазақстан облысы мен таратылған Көкшетау облысының мәслихаты біріктіріліп, ондағы тексеру комиссиясына осы Шияп ағамыз басшылық етті. Ал, бірнеше жыл сол облыстағы көші-қон басқармасының тізгінін ұстап, шеттен қандастарымызды қабылдап, жайғастырудағы зор құлшынысы «Құрмет» орденімен аталып өтті. Мұнда да көп жағдайда түсі қандай жылы болса, «біреуге жақсылық жасасам, жадау көңіліңдегі кірбіңді сейілтсем» деген жан ынтазарлығы мен қазақ үшін осы бір тарихи мүмкіндіктің мән-маңызын терең түсінген қара басының қадір-қасиеті көмекке келді.
Қашанда ел мен ердің бітімін тұтастырып тұрар бір айшық бар бұл дүниенің дидарында. Көкшетау дегенде де осындай нар азаматтар келе қалмай ма көз алдыңа. Ана бір кезде, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында жанына өткендеріміз алдындағы парызы тыным бермей жүріп, ауылындағы ата-баба зиратын қоршатып еді. Одан кейін бертін округ әкімі Асылбек Есмағамбетов пен Ауған алапатын кешкен Дуанбай Ыбырай үшеуі мұрындық болып, ел қотанына соғыстан оралмаған боздақтар ескерткішін көтерді.
Қазір де бос уақыты жоқ Шияп ағамыздың. Кеше ғана облыс, қаланың ардагерлер Кеңестерінде төбе бидей жарқырап жүрген Шапай Әбутәліпов, Рүстем Шериязданов сияқты игі-жақсылардың ісін жалғастыруы керек. Өйткені, өзі де бүгін сол ардақтылардай Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы. Ағалар орнын басқан соң, жұмыс та кем соқпағаны жөн. Алдымен, қаланың ортасынан отыратын орындарын сайлап алды. «Ақбұлақ-Родник» әйелдер шығармашылық клубы мен шахмат клубы да өздерімен бірге. Келім-кетім кісіден есік жабылмайды. Қалалық әкімдік те бар жағдайды жасап жатыр. Айына бір рет мекеме басшылары мен депутаттардың ардагерлерді жеке мәселелерімен қабылдайтыны – Шияп аға ойластырған республикадағы тың бастама.
–Аға, өзіңіздің «Қазақстан» ұлттық арнасынан сөйлеген сөзіңіз, яғни, кісі қайтқанда етті турап әкелу мәселесі не болып жатыр?–деймін мен бұл жөнінен де жалпы жағдайды білгім келіп.
–Ептеп көшіп жатырмыз. Кедергілер де жоқ емес әрине, бірақ, оны да жеңеміз ғой деп ойлаймын.
Аузыңызға май. Соңғы уақытта үш жерде ысырапшылдыққа жол берілмей, етті турап әкелгенін көріп, бұған қуанған рай бізде де бар.
Атадан жақсы болып туып, ел қамын жеген қандай ғанибет. Өзімен бір институт, бір топта оқыған Мүслима Олжабайқызы тәтемізбен тату-тәтті өмір сүріп, бес бала, сегіз немере, бір шөбересімен мерейленген Шияп Шарапұлы Әлиевтің бұл күнде жұлдызы жарық. Аруақты бабаларыңыздай әлі де еліңізді ірілігіңізбен сүйсінте беретініңіз айдан анық, абзал аға!

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар