Мүгедектер қоғамнан теперіш көрмеуі керек

Мүгедектер үшін Қазақстан кедергісіз аймақ болуы тиіс. Бұл адамдарға қамқорлық жасау қоғам алдындағы міндетіміз. Мүгедектерге қатысты әлеуметтік саясаттың ең өзегі, олардың құқығы мен бостандығын жүзеге асыру мүмкіндігін Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен тең дәрежеде қамтамасыз ету болып табылады.

Мүгедектердің толыққанды өмір сүруіне, қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саяси өміріне белсене қатысуына және өз азаматтық міндетін атқаруына мүмкіндік беру үшін олардың өміріндегі шектеуді алып тастап, қолайлы жағдай жасау қажет. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін кедергісіз ортаны қалыптастыру орайында тиісті мемлекеттік шаралар жасалуда.
2015 жылы Елбасы «Мүгедектердің құқығы жөнінде конвенцияны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Мүгедектер құқығы жөніндегі конвенция мүгедек адамдарға қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою жолындағы халықаралық белсенділіктің жаңа кезеңі болып табылады. Конвенцияның мақсаты – адамның барлық құқығын және негізгі бостандығын барлық мүгедектерге толық және тең жүзеге асыруды қамтамасыз ету, оларды қорғау және марапаттау, сондай-ақ, абыройын сыйлауды көтермелеу. Конвенция мүгедектерге қатысты кемсітушілікті жоюға, олардың еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу құқығын, қоғам өміріне толық қатысуын, әділеттілікке қол жеткізуін, дербес құқықтылығын, қанау мен қиянат көрмеуін, ерсілі-қарсылы жүру бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен, азаматтардың бірқатар санатына әлеуметтік көмек берумен, мүгедектерді әлеуметтік қорғаумен Қазақстан Республикасының Еңбек, тұрғындарды әлеуметтік қорғау комитеті, сондай-ақ, жергілікті жерлерде оның аумақтық органдары айналысады. 2016 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жауапты хатшысының бұйрығымен облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменттерінде тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласын бақылау бойынша бөлім құрылды. Оның міндетіне әлеуметтік қызмет көрсететін медициналық-әлеуметтік мекемелер мен өзге ұйымдарда мүгедектер мен егде адамдардың арнайы әлеуметтік қызметті сапалы, толық әрі уақытылы алуын бақылау, медициналық және әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдардың зейнетақысы мен жәрдемақысының дұрыс жұмсалуын қадағалау кіреді. Сондай-ақ, бөлім «Қазақстан Республикасының мүгедектерін әлеуметтік қорғау туралы» заңда қарастырылған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына мүгедектердің қолжетімділігі бойынша бейімдеу жұмысын жүргізеді.
Өткен жылы бөлім арнайы әлеуметтік қызмет көрсету және мүгедектердің қоғамдық көлікке, тұрғын үйге, қоғамдық және өндірістік ғимаратқа кедергісіз қол жеткізу мәселесі бойынша тексерістер жүргізді. Соның нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды қалпына келтіру жолдары қарастырылып, бірқатар субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әртүрлі меншіктегі денсаулық сақтау, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, білім және көлік нысандары тәуекелділіктің жоғары деңгейіне жатады және мемлекет, жеке және заңды тұлғаның заңды мүддесін білдіреді. «Қазақстан Республикасының мүгедектерін әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, кәсіпкерлікпен айналысатын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік стандартқа сәйкес мүгедектердің жүріп-тұруына, қоғамдық көлікке мінуіне жағдай жасауға міндетті. Мүгедектерге жағдай жасамаған лауазымды тұлғалар сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.
Бақытжан ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің
бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар