«Өшпес ерлік, өлмес талант»

Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы музейде Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге Батыр атағының берілгеніне 75 жыл толуына орай, «Өшпес ерлік, өлмес талант» атты тағылымы мол іс-шара болып өтті.

Шараның мақсаты «Мәңгілік ел» идеясының қадір-қасиетін арттыруда ерлігі мен еңбегі барша халыққа үлгі болған Мәлік Ғабдуллиннің өмір-шежіресінен сыр шерте отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, қазақ елінің тәуелсіздігін қорғайтын отаншыл тұлғалар тәрбиелеуге ықпал ету болып табылады.
1943 жылғы 30 қаңтар – Мәлiк Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берiлген күн. Бұл Алтын жұлдыздың бағасы қазақ халқы үшiн өте қымбат. Соғыс басталған күннен бастап небiр ерен ерлiк көрсеткен қазақ жауынгерлерiнiң қаһармандығы дәл осы күнi мойындалғандай едi. Содан да М.Ғабдуллин «Бұл маған ғана емес, қазақ халқына берiлген атақ» деп айтқан болатын.
Шара осы айтулы күнге орайластырып, жыл сайынғы дәстүр бойынша М.Ғабдуллин атындағы мектептер арасында онлайн режімінде өткізілген республикалық мүшәйраның қорытындысын шығарудан басталды. Оған респуликамыздағы Батыр атындағы жеті мектептің оқушылары қатысты. Олар Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын кәсiби мектеп-гимназиясы, Алматы облысы Қарасай ауданының Абай ауылы, Жамбыл облысы Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылы мен Жуалы ауданындағы Ертай ауылының М.Ғабдуллин атындағы орта мектептері, Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Бескетiк ауылының М.Ғабдуллин атындағы орта мектебi, Ақмола облысы Зерендi ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебi. Сонымен, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің және қазылар алқасының төрағасы Б.Смағұлдың қазылығымен жүлделі 1-орынды Көкшетау қалалық М.Ғабдуллин атындағы №3 көптiлде оқытатын кәсiби мектеп-гимназиясы, 2-орынды Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының орта мектебі, 3-орынды Алматы облысы Қарасай ауданының Абай ауылдық орта мектебі иеленді.
Iс-шарада музей директоры Қ.Мырзабек, облыстық Қарулы Күштер ардагерлерi кеңесінің төрағасы М.Елеусiзов, «Ел бiрлiгi» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Смағұл құттықтау сөз сөйледi.
«Жас ұлан» әскери-патриотық клубына қабылданған жас ұландар салтанатты түрде ант беріп, оларға мүшелiк билеттердi М.Елеусiзов пен Көкшетау техникалық институтының профессоры С.Қасымова табыс етті.
Сондай-ақ, Мәлiк Ғабдуллиннiң болашақ iзбасарлары, техникалық институттың 2 курс курсанттары Әбiлқайыр Қанат пен Мақсат Ердана өз өлеңдерiн оқып, көпшiлiктiң ықыласына бөлендi. Iс-шараға осы оқу орнының ұжымы, музей қызметкерлерi мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мұндай тағылымы мол іс-шаралардың музейде жиі өтіп тұратыны көңіл қуантады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар