Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Би дегеніміз – биік тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Би дегеніміз – биік тұлға

Би сөзі шамамен XIV-XV ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі «бек» атауының бір нұсқасы. Ол ел билеуші, басқарушы мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік реңкінен ажырап, көбінесе дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған.

XVII ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «жоғары мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тірліктен азат адамдардың» барлығы би аталғанын жазады. Ал, қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау мына мағынада қолданылған: ел билеушісі, иелік етуші; сот, төреші; батагөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылған.
Билер турасында қазақтың мақалы бар. Батыр мен биді салыстырғанда: «Батыр деген бір шырағат, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана шығатын» дейді («Дала уәлаятының газеті», 1888, ғ.51). Билердің батыр, бай, тағы басқа әлеуметтік жіктерден ерекше құрметтелуінің бірнеше тарихи себептері бар.
Біріншіден, би деп мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылары бар адамдарды айтады. «Жеті Жарғы» қағидаларында ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, би халықтың әдет-ғұрпын, салт-рәсімін, жол-жосығын жатқа білуге, дауласқанға әділдікпен жөн сілтеп, адасқанға даналықпен жол көрсетуге, әсіресе, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс еді.
Екіншіден, сонымен қатар би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болатын. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси беделді, сұлтандармен тең дәрежеде мемлекеттік мәселелерді талқылауға қатысты. Ел ішіне біліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен даңқы тараған Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке би, тағы да өзге саңлақтар хан жанындағы билер кеңесінің құрамына енді. Олар нақты тарихи-әлеуметтік ахуалға қатысты жол-жоба белгілеп, заңи жосындар қабылдап, маңызы кеміген қағидаларды елдік мүдде тұрғысынан қайта қарап, жаңасын қолданысқа енгізіп отырды.
Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болып, қолбасшылық қызмет те атқарған. Мысалы, Бұхар мен Ақтамберді жыраулар, бертін Әз би тағы сол сияқтылар бұған дәлел бола алады.
Төртіншіден, би – дипломат, елші. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер ағайын араздығын басып, руаралық дау-жанжалдарды бітістірумен шектелмей, қазақ ұлысының көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, әртүрлі байланыс орнату ісінде де ханға көмекші әрі кеңесші қызмет атқарғаны белгілі. Мысалы, Абылай хан 1743 жылы ойрат басқыншыларының қолына түскен кезде Қаз дауысты Қазыбек би Ресей үкіметі жолдаған секунд-майор Миллер экспедициясының құрамында елшілікке барған. Қазақ еліне қадірі асқан Қазыбек бидің «біз, қазақ, мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» деп Қалдан Сереннің алдында жалындай сөйлеп, тайсалмай талап қойғанына разы болып, хан басына азаттық берген.
Бесіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Қазақ даласының көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры – шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған. Халық арасында бір ауыз сөзбен құн кесіп, жалғыз уәжбен дау шешкен ділмарлардың аты ардақталып, төрелік істері үлгі-өнеге тұтылған.
Қазақ тарихында атадан балаға билік тізгінін жалғап, бірнеше ұрпағы ел ішінде би атанған әулеттер өткен. Мұндай айрықша қасиет дарып, абырой қонған әулет билігін халық шынжырқатар деп атаған. Кейінгі уақытта билер жүйесі көп өзгерді.
1822 жылғы реформадан кейін хандық билік жүйесі күйреді. Ал, билер институты 19 ғасырдың аяғына дейін формалды түрде өмір сүрді.1854 жылдан бастап би атағын сұлтандар мен ауыл ақсақалдары қоғамдық сайлау арқылы, округ басшыларының бекітуімен алды. 1868 жылғы 21 қазандағы «Далалық облыстарды басқару туралы ереже» бойынша, би атағы уақытша, тек қызметтік лауазымды атқару барысында ғана берілетін болды.
Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асырған құжат – 1891 жылғы 25 наурыздағы Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже дәстүрлі потестарлы билік жүйесін толық істен шығарып, би лауазымын жойды. Дегенмен, халық үйренген билер институты көпке дейін сақталып келді. Би деген ат халыққа жақын, сондықтан ақын, жырау, саятшы, сазды әнші мен көсемдер би, кейіннен аттарын ел қалай атаса, солай жүре берген. Санды кісілердің аттары бұрын нақты би екенін білдірмей өзінің халыққа жаққан аттарымен аталатын болған. Оны мына мысалдардан байқаймыз.
Мысалы, аты елге мәлім Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1718 жылдар) туралы жазылған деректемеде: «Бұхар жырау ерте кезден көзге түсіп Тәуке ханның тұсында-ақ қабырғалы би болған деседі. Бірақ, Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқайсысымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы жанады, сөйтіп, хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады». Ал, атақты Ақтамберді Сарыұлы (1675-1758 жылдар) жырау: «Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау» болған депті. (Айбын энциклопедиясы. Б.О.Жақып. Алматы. Қазақ энциклопедиясы. 2011жыл). Сондай сөз Дәулеткерей Шығайұлы күйші (1820-1887 жылдар), Сүйінбай Аронұлы ақын (1827-1896 жылдар) және тағы басқалары жайлы да айтылады.
Қазақта «оң қолың, сол қолың – бәрі өз қолың» деген мақал бар. Сондықтан оған яғни, билікке мән бермегендер де болған. Мысалы, Асан қайғы туралы мынадай сөз бар: «Асан қайғы Сәбитұлы XIV ғасырда ғұмыр кешкен… Халық қамын, елінің болашағын ойлап үнемі мұңға батып жүргендіктен, замандастары оны «қайғы» деген сөз қосып, Асан қайғы атап кеткен. Алтын Орданың ыдырау дәуірінде өмір сүрген Асан қайғы алдымен сарайда, кейін Қазанда Ұлығ Мұхаммед ханның ықпалды билерінің бірі болған». tts//surak.baribar,kz. (210755). Осыдан-ақ ел ішінде мұндай жағдай аз кездеспегендігін байқауға болады. Атын ел қойып, бірақ өздері тұрақты ісімен бірыңғай айналысқандар аз болмаған. Себебі, қазақтың ол заманы солай еді. Бәрі әр салада жүріп санатты адамдар саналған. Ол бертінге дейін жалғасты. Мысалы, алысқа бармай-ақ бертінгі Паң Нұрмағанбет жайында бір алуан әңгіме бар ел аузында. Өзі шектеусіз бай, саятшы, этнограф дейді зерттеушілер. (Ақмола энциклопедиясы. Алматы-1995. Бектұров Ж. Астана-2002. Жолдасбекұлы М. Шың мен шыңырау. Астана-2002 жыл.) 1886 жылы әкесі Сағынайдың асына 500 ақ үй тігіліп, 500 бұхар шапаны таратылып, 20000 қой мен 100 жылқы сойылған. Кезінде Омбыға келген екінші Николай патшаға 1000 керемет жылқы мен ақ киіз үйді тарту жасаса, сол ақ үй әлі эрмитажда сақтаулы тұр. Ал, паң Нұрмағанбеттің төрт рет қажы болғаны, Шам қаласында қазақтар түсетін үй салдырғанын, елде мешіті болғанын ешкім қазір айта да, біле де бермейді. Сондай сан алуан жағдай ел ішінде көп болған.
Сондай-ақ, қазақ тарихында Көкше өңірінен де дүйім жұртты аузына қаратқан, нәрлі сөздерімен тыңдаушыларын қорғасындай балқытқан, айрандай ұйытқан, қара сөзден қаймақ қалқыған, аузы уәлі, сөзі бәтуалы айтулы билер мен дүлділ шешендер өткен. Сонау Абылай заманында, Кенесары дәуірінде ол билер өздерінің тарихи миссиясын абыройлы орындады. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атанған Көкшетаудан сал-сері, өжет ақындар, айтыскер-жыршылар ғана емес, ел қамқоры, жұрт қамқоры, нөсер сөздің шебері сұрапыл би-шешендер де шыққан.
Мағжан ақын айтқан «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» атанған Қанай би, саяхатшымыз өнерімен елді тәнті еткен, дуалы ауыз Дүйсен би, жұртқа билік айтқан Бекше би, Кенесары қозғалысы кезіндей алмағайып заманда жұрт қамын ойлап, елді тыныштықта, бірлікте ұстаған, әзіл сөздің иесі Бөгенбай би. Дүйсен Есенбердіұлы саятшылық өнерімен барша жұртқа аңыз болып, кезіндегі тарлан билердің ерекше тәжірибе-тәрбиесінен өтіп, өзі де билік құрып, ел тұтқасы ақсүйек-төрелерімен ерекше қатынаста болған. Балалары да билік қуған. Дүйсеннен тараған ұрпақ Дүнкелді деген атпен белгілі ата болып отыр.
Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қорғалысы кезінде, көтерілісінің басы-қасында болып, хан Кененің ақылшысы, кеңесшісі, бас биі болған Бөгенбай Құттықадамұлы көтеріліс басшылығынан кейін де ел арасының батагөй, қамқоры, біліктілігі болғаны ел есінде. Өле-өлгенше туған жұртының қамын ойлап, бірлігін аңсап өткен жан.
Қазақ баспасөзінің қарымды қаламгері, белгілі журналист-жазушы Сарбас Ақтаев соңғы жылдары туған жерінің асылдарын ардақтап, өлке тарихына көп үңіліп жүр. Аталмыш билер жөнінде тұжырымды да сүбелі мақалалар жазды. Осы істі әрі қарай жалғастырып Қасымхан Құсайынов, Аманжол Есмағұлов, Төлеген Қажыбаев, Ғалым Мұсатай сияқты азаматтар да өскелең ұрпақ білсін деп жоғарыдағы ардақты билер жөніндегі тарихи танымы мол тағлымды еңбектер жазып, кітаптар басып шығарды. Осындай ел қамын ойлаған, абыройлы істері үшін ол азаматтарға мың алғыс дегіміз келеді.
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» еңбегіне және қазіргі заман үрдісіне сай, заманауи мемлекеттік жүйені қалыптастыру үшін, шынайы ұлттық мемлекет жасау үшін ұлттық салт-дәстүрге негізделген ұлттық билік жүйесіне, ұлттық мемлекеттілік жүйесіне үңіле түскеніміз абзал.Сол жайында әлі де көптеген зерттеулер қажет. Бұл енді зиялы қауым мен ғалымдардың абыройлы міндеттері болса керек.
2017 жылғы 20 қарашада Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен осы оқу орнының ғалымдары мен Ақмола облыстық сот басқармасы ұжымының бірлескен қазақ билеріне арналған ғылыми конференциясында осы мәселелер ғылыми тұжырыммен баса айтылып, дұрыс көтеріліп, ендігі таңда қоғамымыздың құқықтық кеңістігінде әділ де демократиялық принциптерге негізделген дәстүрлі билер институттарын қайта жаңғырту қажеттілігі өте орынды айтылды. Бұл мәселені көпшілік бірауыздан мақұлдады. Соған орай біз де бұл ұйғарымды толғағы жеткен мәселе деп қабылдадық.

Бердібай Шалабай,
профессор, филология ғылымдарының докторы.
Сәбит Жәмбек,
доцент, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар