Еуразия кеңістігіндегі ХХІ ғасырдың қаласы

Бүгінгі Астананың тарихы еліміздің терең тамырлы тарихымен бірге бітісіп, дамып келеді. Қала құрылысы мәдениетінің тарихы ерте және орта ғасырлардан басталып, Қазақстанның Ресейге қосылу және көшпенділердің жартылай отырықшы өмір салтына ауысу кезеңін қамтып, Кеңес үкіметі кезеңін, одан кейін бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы қала құрылысы мәдениетін қамтиды. Қазіргі тарихшылар мен археолог ғалымдардың деректері бойынша, бүгінгі Астана қаласының жанында Бозоқ (Бұзық) қалашығы болған. Қаланың дамуы мен өсуіне Воронеж және Курск губерниясынан шаруалардың жаппай қоныстануы әсер етті. Бекіністің батысында демобилизацияланған сарбаздар осында каторгіге жіберілгендерге үйленіп, қоныстана бастады. Осылайша тарихи Солдат слободасы атты елді мекен пайда болды. Бекіністің шығысындағы аумақты казактар таңдап, өздерінің елді мекенін құрды, ол Казак стансасы деп аталды. Мещандар, шенеуніктер, қолөнершілер, көпестер, жергілікті байырғы халықтың өкілдері, Орта Азия келімсектері Бекіністің солтүстігіне қарай қоныстанды. Яғни, қала бірнеше бөліктерге бөлінді (Бекініс, Слобода, Казак стансасы және Қала). Қаланың орталық бөлігінде қалалық басқару ғимараттары, тастан жасалған «Қонақ үй» ауласы және өрт мұнарасы салынды. Қаладағы өндірістік сектор май ерітетін, тері өңдейтін, сабын қайнататын қолөнерлік кәсіпорындармен құрылды. Солтүстік өріс жағынан (қазір Бөгенбай даңғылы) Ақмоланы жер диірмендер қоршады. Дәулетті адамдар (көпестер мен өнеркәсіпшілер) жеке үйлерді, дүкендерді, қоймалар мен кіріс табатын ғимараттарын тұрғыза бастады. Біртіндеп Ақмола әскери горнизондық елді мекеннен уезділік көпестік қалашыққа айналды. 1929 жылы Ақмола арқылы халықтың шаруашылық жүктерді тасу және азық-түлікпен, қарағандылық көмірді Орал мен Сібірде салынып жатқан индустриалдық алыптарға шығару үшін Петропавал-Қарағанды темір жол торабын тарту Ақмоланы тоқыраудан оятып, қаланың дамуында жаңа кезеңнің басталуын паш етті.
Ақмола облысының пайда болуы және 1939 жылы Ақмола-Қарталы темір жол тармағын салумен, қала өзінің сапалы кезеңіне өтіп, елдің ірі көлік торабына айналды. Қысқа уақыт ішінде халық саны екі есе көбейді (1915 жылы 15 мыңнан 1940 жылы 32 мыңға). Соғыс жылдары фашистік әскер басып алған, ҚСРО Батыс аудандарындағы ірі зауыттардан жабдықтарды және инженерлік-техникалық қызметкерлерді көшіру қаланың дамуына күшті әсер етті. Поволжьеден Ақмолаға немістер, Қиыр Шығыстан кәрістер, Солтүстік Кавказ аумағынан – ингуштар мен шешендер күштеп депортацияланды. Нәтижесінде қала халқы 8 жыл ішінде (1940-1942 жылдары) 32 мыңнан 76 мың адамға көбейді.

1957 жылы қала құрылысы Казгипросельстрой жобалау институты әзірлеген бас жоспармен реттеле бастады. Қала аумағында өндірістік объектілерді орналастыру және салу тәртібі реттелді. Осы жылдары Бейбітшілік, Карл Маркс (қазіргі Кенесары), Монин (қазіргі Ақжайық) көшелері құрылысының өзіндік сәулеттік келбеті қалыптастырыла бастады. Сол кезеңде салынған ең маңызды ғимараттар қатарына Теміржолшылардың мәдениет сарайын (қазіргі Жастар театры), «Ишим» қонақ үйін (қазіргі «Есіл» қонақ үйі) Ж.Омаров көшесінде орналасқан әкімшілік ғимараттарды жатқызуға болады. Олар көптеген ғимараттардан кәсіби-көркемдік шеберліктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Сондықтан, Астана қаласының бас жоспарының «Тарихи сәулеттік тіректі жоспар» атты бөлімінде бұл объектілерді өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы құрылыс өнеріне тән ескерткіштер ретінде тарихи-мәдени құндылығы бар құрылыс ретінде қорғау ұсынылған.
Тың және тыңайған жерлерді игеру басталуымен тың оқиғаларының нақ ортасында тұрған Ақмолада халық саны (1954-1960) алты жылда 77 мыңнан 129 мыңға өсті. 1961 жылы Ақмола Целиноград аталды. Тың өлкесінің астанасы деген дәрежеге ие болды. 1960-1969 жылдар кезінде Целиноград қаласының бас сәулетшісі Ерғали Болысбекұлы Нұрмағамбетов болды. Целиноградтың құрылысына КСРО-ның ең үздік Киев, Мәскеу, Ленинград қалаларының құрылыс-жобалау ұжымдары жұмылдырылды. Тек 1961 жылы ғана олар 650 пәтер мен 4-5 қабатты мектеп салды. Целиноград қаласын дамытудың бас жоспарын әлемдік сәулет қауымдастығы жоғары бағалап, классикалық үлгі ретінде атап өтті. Целиноград сол кезеңдегі ең озық қала құрылыс тәсілдері мен ережелік негізінде салынды да, оның сәулеттік келбеті асқан мәнерлілікпен ерекшеленбейтін еді. Оның себебі, 1954 жылы СОКП ОК және Кеңес үкіметі қабылдаған «Сәулеттегі артық бөлшектермен күрес туралы» қаулыда көзделген қатаң нұсқауларға байланысты болды. Сәулетшілерді еркіндіктен, өзіндік композициялық-көркемдік шеберліктерін көрсету мүмкіндіктерінен айырды. Нәтижесінде Целиноградтағы ғимараттардың біразы халық «хрущевка», «коробка» деп атап кеткен бір-біріне егіз туған баладай ұқсастыққа әкеліп соқты. Осыған қарамастан Целиноградты абаттандыру мен салуды дамытуда прогресс болғандығы да шындық. 5 қабатты бір типті панельді үйлерді салу кезіндегі біркелкілікті жою үшін ленинградтық сәулетшілер бірнеше гүл бақтар салуды қарастырды. Осының арқасында Бейбітшілік көшесі көгалдандырылған едәуір көркем келбетке ие болды.
1991 жылдан бастап қала тәуелсіздік алған жас мемлекет – Қазақстанның қаласы ретінде дамудың жаңа дәуіріне бет алды. 1992 жылы бұрын Целиноград болып аталған қалаға Ақмола атауы қайтарылды. Бір таңқаларлық жайт, бұрынғы Кеңестік мемлекеттер ыдырап, экономикалық байланыстар үзіліп, әлеуметтік-экономикалық дамудағы орталықтандырылған бақылау жүйесі жойылып, тіршілік деңгейі күрт төмендеп, халықтың наразылығы мен көші-қон мәселелеріне байланысты дағдарыс кезеңінде Елбасы Н.Назарбаев бар жауапкершілікті өзіне алып, ел астанасын Ақмолаға көшіру жөнінде шешім қабылдады.
Елдің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру себептері мен мақсаты жайында Елбасымыз «Еуразия жүрегі» атты кітабында: «аумақтардың мамандануы мен экономикалық дамуындағы бұрынғы қалыптасқан тепе-теңсіздікті ескеру қажет болды. Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік қуаттары оның орталық және солтүстік облыстарында орналасқан. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, өнеркәсіп саласына қызмет ететін басқа ұлт өкілдерінің тарихи Отанына көшу үрдісі басталды. Қалыптасқан демографиялық дағдарыс нәтижесінде республиканың орталық және солтүстік аудандарында өндіріс қуатының тоқырау үрдісі басталып, әлеуметтік проблемалар да күрт шиеленіске ұшырады. Осыған байланысты елдің бүкіл аумағын әлеуметтік-экономикалық дамыту үрдістерін жедел және тиімді басқару үшін кезек күттірмейтін шұғыл жауапты міндетті қолға алу керек болды. Сол кезде Алматы тұрғындарының саны 1 миллион 200 мың адамнан асып, қала орналасқан тау етегінің желденбеуі, халық саны мен көлік құралдарының күрт өсуі экологиялық жағдайдың шиеленісуіне себеп болды. Осы факторларды ескере отырып, елді дамыту бағыттарының 32 халықаралық стандарттар параметрі бойынша жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси-стратегиялық және әкімшілік-басқарушылық аспектілерін мұқият зерттеу нәтижесінде Елбасымыз 1994 жылы 6-шы шілдеде Астананы Ақмола қаласына көшіруді Республика Жоғарғы Кеңесінің қарауына ұсынды. Жоғарғы Кеңестің мүшелерін Ақмоланың әсемдігі жағынан Алматыдан кем түспейтін астанаға айналдыру қажеттігіне және ол мүмкін екендігіне сендірді. Бұл бір ерекше батыл шешім болғаны соншалық, сол кездегі Жоғарғы Кеңес мүшелерінің біразы «бұл шешімнің еліміздің мемлекеттілігі мен тұтастығын сақтауға, экономиканың динамикалық тұрғыда дамуына әлеуетті мүмкіндіктер құруға негізделгенін бірден түсінбедік және бағалай алмадық» деп мойындауда. Шынында да, сол кезде қалаларда жарық, жылу болмай, кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, дүкен сөрелері бос тұрғанда астананы Ақмолаға көшіру туралы мәселе қоюдың өзі тіпті, түске кірмейтін таң қаларлық жағдай еді. Бірақ, Елбасы 1995 жылы 15 қыркүйекте астананы Ақмола қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойып, сол жылғы қыркүйектің 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекеттік мекемелерді елдің жаңа астанасына орналастыру жөнінде комиссия құрды. 1997 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы деп жариялау туралы Жарлығын шығарды. 1998 жылғы 6 мамырда Президенттің Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып ауыстырылды. Астананың қарқынды дамуы ел Астанасы болғаннан кейін басталды. Қаланы және оның экономикасын өркендету мақсатында Астанада «Астана – жаңа қала» атты экономикалық аймақ құрылып, құрылыс индустриясы қарқынды дамуда. Астананың эскиз-идеясы жарияланған байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз жапон сәулетшісі Кисе Курокованың қатысуымен, 2030 жылға дейінгі қаланы дамыту жоспары негізінде ескі ғимараттар қалпына келтіріліп, жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала салудың кешенді астаналық бірыңғай жүйесі қалыптасты. Есілдің сол жағалауында жаңа біртұтас қала құрылды. Ондағы салынған әрбір ғимараттың өз сәулеттік ерекшелігі бар, қазіргі жаңа технология мен материалдар пайдаланылып, бір-біріне ұқсамайтын әлемдік озық үлгіде салынған. Олар Президенттің резиденциясы, Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжіліс ғимараттары, Үкімет, Министрлер үйі, Жоғары Сот, шет ел елшіліктері дипломатиялық қалашығы көптеген ұлттық компаниялардан, тұрғын үйлерден, тағы басқаларынан тұрады. Әсемдігі көз тартатын, архитектуралық әр алуандығымен ерекшеленетін ғимараттарға пирамида пішінінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан шатыр» атты әмбебап сауда орталығы, 3500 орындық концерт залы, 30 мың орындық жабық стадион, жаңа Астананың символы іспеттес «Бәйтерек», ұшып жүрген тәрелкеге ұқсас цирк ғимараттары жатады. Қаланың оң жағалауындағы бөлігі де қайта жаңғырды. Астана түгелдей өзгеріп, заманауи алаңдар, даңғылдар, шағын бақтар, сая- бақтар мен жасыл желектер аймағы қалыптасып, Есіл өзенінің жағасы адам танымастай өзгерді. Ал, Опера және балет театрының ішкі қабырғасы ерекше салтанатты ашық түсте және ұлттық нақышта абаттандырылғаны адамның көңіл-күйін көтеріп, әсемдігімен мақтаныш сезім тудырады. Астана осынысымен ерекшеленеді және бір көргенде ұмытылмастай әсерімен есте қалады.
Қазіргі қала көшелерінің сәулеттік келбетін көрсететін объектілерге жататын – теміржол вокзалы, «Целинэнерго» ғимараты, «Мәскеу» әмбебап дүкені, «Колос» гастрономы және әуежай осы қаланың өзіне тән ерекше сән беріп тұр.
Сол кезеңдегі заманға сай стильде салынған Тың игерушілер сарайының ғимараты өткен ғасырдың 50-60 жылдарының талғамын көрсететін, сәулет өнерінің озық туындысы ретінде қаланың құрылыс өнерін дамытудағы белгіні білдіретін объекті ретінде мемлекет қамқорына алынған. 1964 жылы Тың өлкесінің таратылуымен Целиноград қаласының мәртебесінің әкімшілік облыс орталығына төмендетілуі және бюджеттік қаржының қысқартылуы қаланың әрі қарай дамуына кері әсерін тигізді. Бұл қиыншылықтарға қарамастан, қала тұрғындарының саны өсіп, құрылыс жұмыстары жалғаса берді. 1996 жылы қалада халық саны 287 мыңға жетті. Қалада қуатты жекеменшік индустриясы қалыптаса бастады. Жоғары білікті инженер-құрылысшы мамандарды дайындайтын инженер-құрылыс институты, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында сәулетші мамандығын дайындайтын бөлім ашылды. Халықаралық конкурстың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстанның жаңа астанасын дамыту бас жоспарын әзірлеуші авторлық топтың жетекшісі болып Б.Досмағамбетов, оның мүшелері болып С.Рустамбеков, Т.Ерғалиев, К.Монтахаев,
С. Баймағамбетов тағайындалды. Целиноградтың динамикалық дамуына, ірі құрылыс индустриясы базасының қалыптасып, құрылыс мамандығы бойынша жоғары білікті мамандар дайындай алатын оқу орындары бар қалаға айналуына септігін тигізген және негізін қалаған институт ректоры, профессор М.Гендельман, жерге орналастыру факультетінің деканы, доцент Е.Тихомирова, профессор М.Спектор, Л.Елюхин, профессор В.Горяев Целиноград сәулет мектебінің алғашқы ұйымдастырушылары болды. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының сәулет факультеті кезінде жалпы одақтық атаққа ие болған-ды.
Астананың заңдық мәртебесінің бекітілуінен кейін елордалық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін қысқа мерзім ішінде әкімшілік ғимараттардың және мемлекеттік органдардың кеңселеріне күрделі қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, орталық көшелер мен аумақтар абаттандырылып, көгалдандырылып, заман талабына сай дүкендер, дәмханалар, мейрамханалар, ойын-сауық объектілері салынып, қаланың келбеті ай сайын өзгеріп, тіпті, біраз уақыттан кейін қалаға келгенде бұрынғы өзіміз білетін көшені, ғимараттарды танымай, сұрастырып барып табатын болғанымыз шындық. Қысқа мерзімде болып жатқан бұл өзгерістер халықаралық деңгейде де елеусіз қалмады. – 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы медальмен марапаттап, «Әлем қаласы» деген жоғары атақ берді. Сарыарқаның даласында қарасаң көз тоймайтын Астанамыз ертегіден шындыққа айналған көрініс сияқты. Бүгінгі Астананың келбетінен жасампаз халқымыздың асқақ рухын, тарихын, мәдениетін, еліміздің қарыштап өсіп келе жатқан экономикасын көреміз. Тәуелсіз еліміздің, оның жүрегі Астананың бас архитекторы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында Қазақстанды, Қазақ халқының әлеуетін әлем таныды, мойындады. Оның дәлелі, ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізуге әлем қауымдастығының көпшілігі дауыс беруі және Қазақстан БҰҰ-ның тұрақты емес мүшелігіне сайланып, Қауіпсіздік Кеңесінің төрінде тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті төрағалық етіп, қазақша сөйлеп, Қазақстанның әлемдік деңгейде мерейі үстем болды. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің бас қаласы Астананың әрбір ғимаратында еліміздің, оның халқының тарихы, жүріп өткен жолы тасқа қашалып жазған хаттай келесі ұрпаққа аманат болмақшы.
Астанаға ерекше көрік беріп тұрған архитектуралық стильде салынып, көрікті шағын аудан болып қалыптасқан, әлем таныған ЭКСПО-2017 ғимараттары екенін айтпауға болмайды. 2018 жыл – Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтой жылы. Бүгінде Астана – заманауи, саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік мәселелерді әлемдік деңгейде бірігіп шешетін, шет ел инвестицияларын тарту мәселесі жыл санап дамыған, сәулет өнерінің заманауи жобалары іске асырылып жатқан Еуразия кеңістігіндегі ХХІ ғасырдың қаласы. Біз Астанамен мақтанамыз. Еліміздің жүрегі Астананың мерейтойы бәрімізге құтты болсын, ағайын!

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар