Көкшетау көркейіп, өркендейді

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин алдағы жазда облыс орталығында күрделі жөндеуден өткізілетін көшелерді аралап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді және атқарылатын құрылыс жұмыстарының жобасымен және де Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің музейінде болып, тарихи жәдігерлермен, кітап көрмесімен танысты. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Самұрық-2018» қысқы ралли-спринтінен ел кубогы жарысының үшінші кезеңін тамашалап, осы спорт түрін дамыту мәселелеріне назар аударды.

Биылғы жазда «Көкшетау-Зеренді» күре жолынан бастап Жайлау шағын ауданына дейінгі 1,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жол әлеуметтік маңызы бар нысандарды өзара байланыстырып, «Көкшетау-Зеренді» автокөлік жолына шығуды қамтамасыз ететіндіктен, магистральді көше болып табылады. Тұрғындардың айтуынша, көше он бес жылдан бері жөндеу көрмеген.
Облыс әкіміне таныстырылған бұл жоба 2017 жылы мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. Оның жалпы құны 458 миллион теңге. Соның 178 миллион теңгесіне биыл жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылмақшы. Нақтырақ айтсақ, қар толық еріп, күн жылынысымен Вавилов көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бағдаршам, жиектас-
тар, аялдамалар орнатылып, жол жиегінде суағарлар, көлік тұрақтары салынып, гүлзарлар отырғызылып, көше толығымен жарықтандырылады. Осы маңдағы үш көшенің қиылысқан жерінде бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер жолы да болады. Сонымен қатар, биыл Көкшетау қаласындағы Наурызбай батыр, Мир көшелеріне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айта кеткеніміз жөн.
Кездесу кезінде тұрғындар аталған көшенің бойында балаларға арналған ойын алаңының жоқтығын айтып, осы мәселеге назар аударуды және де Вавилов көшесіне жөндеу жүргізген кезде оны Кенесары көшесімен жалғастыратын Құсайынов көшесінің 350 метрлік жол учаскесін де жобаға енгізуді сұрады. Жыл сайын көктемде еріген қар суы дөңнен төмен қарай ағып, жолдарды батпаққа айналдыратын көрінеді.
Егер 1,8 шақырымға созылып жатқан жол жөндеу жобасына Құсайынов көшесінің 350 метрлік жол учаскесін де қосса, тұрғындар ол көшені өздері көгалдандыруға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, мұнда қатынайтын №21 автобусқа тағы бір қосымша жолаушылар тасылмалдайтын микроавтобус бөлуді сұрады. Жобамен танысып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин:
– Заң бойынша ешқандай инфрақұрылымы жоқ жер учаскелерінде тұрғын үйлерді салуға рұқсат етпеуіміз керек. Кезінде осы мәселені назардан шығарып алып, енді тұрғындардың проб-лемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Өткен жылы шамамен 60-қа жуық ауланы жөндедік. Асфальт төселіп, балалардың ойын алаңдары салынды, ағаштар отырғызылды. Өкінішке орай, жасалған дүниелерге тұрғындардың тарапынан дұрыс күтім жоқ. Ойын алаңдары қирап, белгіленбеген жерге қоқыс тасталады. Сіздер тұрып жатқан көшеде жуық арада балалардың ойын алаңы салынады деп айта алмаймын. Алайда, бұл шаруа да біртіндеп шешіледі. Қазіргі таңда облыс орталығындағы бұрындары «Революция күрескерлеріне» деп аталған саябақ толығымен жөнделуде. Ол биыл күзге дейін аяқталуға тиіс. Тіршіліктің күретамыры – жол. Ең бастысы жол жөнделсін, қалған мәселелерге кейін тағы ораламыз, – дей келе, жұмыс қарқынына қарай шешім қабылданатынын, мерзім бойынша үлгеріп жатса, тұрғындар сұрап отырған қосымша жол учаскесін жөндеуге де облыстық бюджеттен қаржы қарастыратынын айтып, осы іске жауапты компанияға жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс басшысы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мұражайында болып, даңқты тұлғаның өмірінен сыр шертетін тарихи жәдігерлер мен кітап көрмесін аралап көрді. Мұражай қорында батырдың өмірі, ерлік және еңбек жолдары, ғылыми-педагогикалық еңбектері туралы жиырмаға жуық кітап сақталған екен. Мұражайдың ғылыми қызметкерлері он бір кітап басып шығаруға қажет материалдар жинастырып қойыпты. Осы орайда, облыс әкімі облыстық мәдениет басқармасына аталмыш кітаптарды басып шығаруға қажетті ақшаның көлемін анықтауды тапсырды.
–Кеңес Одағының Батыры, ғалым-ұстаз өмірінің ашылмаған парақтары тарих тұңғиығында ескерусіз қалып қоймасын, – деді бұл орайда Мәлік Мырзалин өз сөзінде.
Бұдан кейін облыс әкімі Қопа көлінің үстінде ұйымдастырылған «Самұрық-2018» қысқы ралли-спринтінен ел кубогы жарысының үшінші кезеңін тамашалады. Ұйымдастырушылар «Автоспорт КӨКШЕТАУ» қауымдастығының басшысы Рамиль Набиулиннің айтуынша, жарысқа еліміздің Астана, Павлодар, Петропавл, Қарағанды қалаларымен қатар, Ресейдің Омбы қаласынан да командалар келген. Жарыстың өткізілуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Запчасти №1» сервистік базасы қолдау білдірген. Экипаждар 60 шақырым бойы күш сынасып бақты. Қатысушылардың барлығы жеңіске лайықты. Алайда, командалық есепте Астанадан келген «Пегас» командасы ешкімге дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, бұған дейінгі екінші кезеңнің жеңімпазы көкшетаулық «Көкшетау WINKOD» командасы екінші, павлодарлықтар үшінші орынға тұрақтады.
Жерлестеріміздің арасында «Артқы жетек» санаты бойынша Александр Новиков пен Рамиль Набиулиннің экипажы үздік атанса, Валерий Наджафов пен Федор Панов жұбы үздік үштіктің қатарынан көрінді. «Алдыңғы жетек» санатында Владислав Ларюшин мен Илья Пастернак төртінші орынды қанағат тұтты. «Толық жетек» санатындағылар арасында Денис Луценко мен Дмитрий Смирнов жұбы мәреге бесінші болып келді.
Жарысты тамашалаған облыс әкімі бұл жолы ралли-спринттің үшінші кезеңін өткізсек, келер жылдары оны дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыру қажеттігін айтты. Себебі, жарысты тамашалауға келген қалың көпшілікке қарап, көкшетаулықтардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы зор екенін көруге болады. Сондай-ақ, өңір басшысы ралли-спринтті жыл сайын өтетін іс-шаралар тізіміне қосып, облыстық бюджеттен қаржы бөлуге болатынын да тілге тиек етті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар