Қырғи тілді Қожамбет ақын

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген айтулы ақындардың бірі Қожамбет Ордабайұлы. Нақтырақ айтқанда, 1858 жылы туып, 1932 жылы өмірден өткен. Ақынның туған жері Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Бірлік ауылы. Руы Атығай. Әкесі Ордабай ауқатты адам болыпты. Ал, анасы Сұлуман Ұлытау өңірінің қызы екен. Әке баласының болашағын ойлап, арабша молдадан сауатын аштырған. Қадімше жазып, оқуды үйренген Қожамбет есейе келе сауда-саттыққа, ел билеу істеріне араласа жүріп, орыс тілін де меңгереді.

Қожамбет есін жаңа біле бастағанда көлденең Есіл бойында қатты жұт болып, көп мал қырылады. Ордабай Ұлытау жағында тұратын қайын атасының: «Қысқа қарай малыңды бізге айдап әкеп қыстатқайсың»,– деген сөзіне құлақ аспай, «мал біткеннің басы кемімесін» деп, өзінен гөрі жағдайлары төмен, әрі малайлықта жүрген жарлы-жақыбайларға қар аршытып, жұмысын істеткізеді. Әкесімен бірге жүрген бес-алты жасар Қожамбет шарт жүгініп отыра қалып, қарды шимайлай бастайды. Баласының бұл қимылын байқап қалған әкесі Ордабай да жақынырақ келіп «әй, не істеп жатырсың?» – десе, оған баласы Қожамбет:
Ел қинап, күш көрсетпе Алланың аязына,
Сақтасаң айда малды Ұлытау саясына.
Істі болып кетер едің, жетсе егер,
Бұл хатым жазған орыс оязына, – депті.
Ұлының тік мінезді екенін көзбен көріп, қатқыл сөзін естіген Ордабай сөзге тоқтап, өктемдігін жұмсартқан екен деседі. Қожамбет өлеңді жазып та, ауызша да шығара берген. Төңіректегі Байеке Бабасұлы, Нұркей Өгізбайұлы, Мұқан Құлыкешұлы, Шағырай Төбетұлы, Мұстафа, Мұсайын Сегіз сері ұлдары, Байеке Айдаболұлы, Өске, Көрпе, Балта атты ақындармен бірге жүріп, олардан үлгі-өнеге алады. Сондай ерекше, өзінің біліктілігімен Қожамбетке әсерін тигізген ақындардың бірі Тоғжан Ендібайұлы. Жасынан зағип болса да, көкірегі ашық, құранды жақсы білген. Ел басқару ісінде өзінен жиырма бір жас үлкен аталас ағайыны Жаулыбай шешеннен үлгі алған деседі.
Орыс тілін жетік білген Қожамбет ел ішінде сайлау кезінде ауылнай болыпты. Әлихан Бөкейхановтың Омбы губерниясының әкімшілігіне берген мәлімдемесінде
«…список корреспондентов на 15 января 1902 г.
Акмолинская область, Кокчетавский уезд… Қожамбет Ордабай–Айыртауская волость» деп көрсетеді. Сол кездерде ауылының атынан мәлімдеме беретін ауылнай екендігі айғақталып тұр.
Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты еңбегінде Қожамбеттің жарияланбаған қолжазба шежіресінен үзінді келтіреді:
Адамға бірнеше ұл беріпті,
Хауаға бірнеше қыз беріпті.
Тұқымы сол Адамның сегіз мың боп,
Бірнеше шаһар болып, ел болыпты.
Сол кезде халықтың бәрі батыл бопты,
Жер жүзі көде шықпай, тақыр бопты.
Тіл алмаған халқына дұға қылып,
Топан су қаптап, дүние ақыр бопты.
Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты еңбегінде архивтен алынған деректерде айтылады. 1864 жылғы санақта Түшке тармағы тұрғындары …Кене Шолақов, Ербатыр Бөбетаев, Ордабай Бөбетаев, Дүйсен Бостанов, Ақыш Жаулыбаев. Ал, енді 1914 жылғы санақта Айыртау болысының 3 ауылының тұрғындары… Қожамбет Ордабаев, Сейтахмет Ордабаев, Баймұқан Ербатыров, Қиқым Дүйсенов, Асылтас Тоғанбаев…
Ол өзінің елге өтімділігімен ғана емес, ақындығымен, ақылдылығымен де абыройлы болады. Қожамбеттің ауылнай болып тұрған кезінде Ақан сері, Қылыш, Үкілі Ыбырай, Мұстафа (Сегіз серінің Мұстафасынан кейінгі Мұстафа), Балуан Шолақ, Шыныбай сынды әнші-ақындармен көңілі бір, дәмі ортақ болады.
Қожамбет пен Ақан серінің арасындағы қарым-қатынас, сыйластығы өз алдында бөлек болса керек. Ақан сері Омбы, Қорған, Қызылжарға өтіп бара жатып, жол-жөнекей Қожамбеттің үйіне тоқтап, онымен сұхбаттасып өтеді екен. Ақан сері Қожамбеттің жасы кіші болса да, сырласындай көрген. Сондай бір жолаушылап шығып, жолда Қожамбеттің үйіне ат басын тіреп, шай ішіп отырғанда Қожамбет Ақанның аяғында мәсі жоғын байқап, былай деген екен:
Ақан-ау, біз бір қайық болғанда, сіз бір кеме,
Жауапты жөні келген айтты деме.
Бір өзіңде бар дейді 500 жылқы,
Аяққа киілмейді мәсі неге?
Сонда шай құйылып отырған шүмегі сынық шәйнекті байқап қалған Ақан:
Әрине, сіз бір қайық болғанда, біз бір кеме,
Жауапты жөні келген айтты деме.
Түшкеге үш жүз үйлі ауылнайсың,
Құманыңның шүмегі жоқ пұшық неге? –деген екен. Екеуінің арасындағы бұл достық қақтығыс толық сақталмаған.
Ел ішінде: «Ақан сері ойпаң жермен жүріп, перінің қызымен кездеседі екен», – деген өсек тараған шақта Қожамбет Ақан серіге былай деп хат жазады:
Жаманнан кір кетпейді жусаң-дағы,
Тұрмайды ақыл қапшық бусаң-дағы.
Кетпейді бақ айналып талапты ерден,
Атадан жалғыз болып тусаң-дағы.
Жамандар өнерліге жете алмайды,
Қос атпен тұлпар мініп қусаң-дағы.
Бір күнде болып едің Ақан сері,
Бұл күнде жолдасыңыз дию – пері.
Алты ай жаз бір қорада жаттың жалғыз,
Болды ғой қисық ағаш қоныс жерің.
Бұл күнде сөйлемеймін сені мақтап,
Жүрген соң пері менен жынды жақтап,
Мен оны «Ғайнижамал» дей алмаймын.
Кетті ғой тал бойында битің қаптап,
Сыртынан әр жақсының өлең жазбай.
Сен өзің түзелсейші, бойыңды ақтап,
Жасымнан атқа міндім жақсыға еріп.
Талай ұлы кеңесте болып серік,
Бата беріп жіберді ақсақалдар.
Өзімнің өнерімді көзі көріп,
Сан жүйрік, шаршы жиын, түстім топқа.
Алдымда тұра алмады бірі келіп,
Атығай, Қарауылмен, Керей, Уақ.
Талай саңлақ тұрды ғой тізе бүгіп,
Бұл күнде былайша деп бағалаймын.
Кеткенің «тоқылдақ» боп, ағаш кезіп,
Өткен жұмыс бәрі де болар кешу.
Қосылсаң ел жұртыңа қайта келіп,
Жасырын әйеліңнен барма бала.
Өзіңді қалай жұбатасың еміреніп,
Тоқтарсыз үшбу айтқан сөзімізге.
Өткен іс ойға келсе өзіңізге,
Қырық пен дәл елудің арасында.
Бір сұлу жолықты ғой кезіңізге,
Жасырын өзбектей боп, қорғалатпай.
Жеңгейді бір көрсетші көзімізге,
Бұл сөзді Ақан аға етпе айып.
Пікірді сөз етеді көп халайық,
Әзілмен өкпемізді тұрмын жазып.
Бәйімбеттен Қожамбет Ордабаев,
Әншейін достық кеңес біле білсең.
Жүре бер өз бойыңа болса ылайық,
Сырттан Ақан сөз қылып кеңесеміз.
Жолдан тайды қалайша бұл десеміз,
Бөз қалғанша артыңда «бір із» қалсын.
Өзіңіз біл, болмасын демесеңіз.
Осы хатқа Ақан былай деп жауап берген екен:
Сері деп Орта жүзге атанғанмын,
Бұл күнде бұраң жолға маталғанмын.
Қайта жасап гүлденіп, «руһ» шашпай,
Бұрынғы атағымдай боп, қатардағың.
Қайтейін кемтар болды жалғыз ұлым,
Не болар артта қалса оның күнін.
Артымда тұяқ болып, тірі қалса,
Дос, бауырлар, салыңыз көздің қырын.
Екеуінің арасындағы тағы бір айтыс толық күйінде сақталмаған. Әйтсе де, содан ел есінде қалған шумақтары мынандай:
Қожамбет:
Әй, Ақан! Көп айтасың атаңызды,
Пері алып көрсетпедің қатыныңызды.
Сөзіңе дұрыс жауап қайтарайын,
Бұл жазған Қожамбет деп атымызды.
Ақан:
Әй, Қожамбет, тигізбе сөздің қырын,
Халыққа мәлім болған менің сырым.
Бәйімбет, Құдайберді болса атаң,
Дәл періден туған дейді бізден бұрын.
Сен неге өз еліңді менсінбейсің,
Олай болса Ордабайдан неге тудың?
Дүние бір қалыпта тұрған емес,
Жазуы бір Алланың келсе қырын.
Ах, дүния өткен күн деп қайғырарсың,
Күн туар, өзгеріс боп осы порым.
Өзіңді өз туысың кетер тастап,
Мал бітіп, бақыт тайып, жырым-жырым.
Әй, Ақан сен солай деп айта алмассың,
Көре алмай, өтемін ғой сенен бұрын!
Бірде Қожамбет ел аралап жүріп, Сибан еліне тоқтайды. Сый-сияпатын көріп, әңгіме дүкен құрып, аттанайын деп жатқанда, бір бала келіп «мына қағазды сізге Сәбит Мұқанов берді дейді. Қағазды ашып оқығасын, екінші жақ бетіне бір нәрсені жазып, баланың қолына ұстатады да, өзі аттанып кетеді.
Қағазды Сәбит оқиды, сосын маңайындағылар жөн сұрайды. Сонда Сәбит балаң жігіт кезі екен. Қожамбетке сұрақ қойыпты:
Бұл сізді шежіре тарих қуған дейді,
Ата жолда белін бекем буған дейді.
Рас па осы ел ішінде буаз сөз бар,
Атаңыз Құдайберлі періден туған дейді.
Сонда Қожамбеттің берген жауабы:
Құдайберлі Бәйімбет Қалқастың бел баласы,
Сөзімнің бұл жерде жоқ еш қатесі.
Керей атасын керіжорға ит дейді,
Бұл дағы сол сияқты сөз жаласы.
Айта кететін тағы бір ұлы тұлға, Қожамбетпен араласты-құраласты болған Балуан Шолақ. Бірде Ақмола жағының бай орыс көпесінің 80 өгізін айдап әкетіп, «Болатнайдың» (Болотнинское ярмарка, қазіргі Новорыбинка селосы Жамбыл ауданы Солтүстік Қазақстан облысы) базарына апара жатқанда, Қожамбеттің үйіне тоқтайды.
Сауданың бұл күндері нарығы кең,
Патшаның саудагерге салығы кем.
Сексен қара түнделетіп, өзің бастап,
Жүретін болыпсың ғой айдың жарығымен.
Балуан Шолақ:
Қожамбет тілің тәтті, сөзің майда,
Түнде жүрсем көреді көзім дайда.
Саудагер жүрген шығар боққа батып,
Ол қайда, сұрап жүрген өгіз қайда.
Бұл айтыс та бізге толық күйінде жетпеген. Балуан Шолақ сексен өгізді бөтен көзден таса жерде бірнеше ай бағып, сосын күндіз жусатып, түнде айдайды екен.
Ел ішінде не болмайды. Бірде Қожамбет пен Асан есімді дәулетті ағайынмен арасында шабындыққа байланысты дау туады. Асан алам дейді, Қожамбет ауылнай алмайсың дейді. Содан арадағы кикілжің ушығып, Асан Көкшетаудағы дуанға тартады. Мұны естіген Қожамбет те қос ат жеккен тарантасына мініп, жол кеседі. Ақыры Тораңкөлге келіп, жол ортасы осы ғой деп, тарантасында дем алып отырса, салып ұрып Асан келеді. Асан жолы жағынан Қожекеңнен үлкен екен. Сонда Қожекең былай деген:
Армысың арындаған, Асан аға,
Шаңдатып ат келтірмеп ем босағаңа.
Шабындық шаң болады мал өткенде,
Уезной сені менсіз тоса ала ма.
Дау еншісі болады бірақ басқа,
Дірілдеп тұр шаршаған күрең қасқа.
Насыбаймен осы істі доғарайық,
Кемімес бір атымнан күміс шақша.
Келіссең, міне көңіл, міне құшақ,
Жеңсік болған асым еді, шақшаңды бері таста.
Асан шақшасын Қожекеңе күрең қасқаның үстінен тұрып лақтырған екен, түсіп бара жатқан шақшаны Қожекең аяғымен теуіп, қолымен қағып алады.
Құдайдың бізге бүгін бақ бергені,
Ағаммен келістірер шақ бергені.
Ризамын қолым мен аяғыма,
Біреуі теуіп, біреуі ап бергені, – депті. Сөйтіп елдің екі азаматы төс қағыстырып, дауды бітістірген.
Ақынның өзі жайлы өрген өлеңі былайша сабақталады:
Он бесте тай үйретіп, міндім құнан,
Бата алдым тіл қайырмай ата-анадан.
Тілдерін ата-ананың қайтармадым,
Деуші еді кісі болар осы балам.

Жиырмада ақтаңдатып кидім киім,
Құрбымен өзім теңді бірге дүйім.
Жиында шаршы топта сөз сөйледім,
Келе ме енді айналып өткен күйім.

Отызда төрде отырып құрдым билік,
Түшкеге құрметтімін үш жүз үйлік.
Қызметін сенген бізге патшалардан,
Шен алып, оқалы жаға шекпен кидік.

Кәмалат толып едім қырық жасқа,
Құдайым ләзім қылды мал мен басқа.
Атағым Атығайдан әрі асып,
Жарадық бес беріс пен алты алысқа…

Елуде сайлау деген шықты тәртіп,
Алашта жан бар ма еді менен артық.
Үй қамын қатын бала ойлаймын деп,
Азырақ аяғыма түсті сартық.

Алпыста лашын құстай салақтаймын,
Бөксе жоқ қу тілменен жалақтаймын.
Кемпірмен күндіз ептеп сауда қылып,
Кеш болса түк таба алмай алақтаймын.

Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың,
Мойныңды бөтен жаққа бұра алмайсың.
Хабарын маңайыңның біле алмай,
Көңілді жай әншейін құр алдайсың.

Шынында жетпіс бесте ат боларсың,
Күтетін балаң болса шат боларсың.
Жасыңда күшің жетсе сайраңдап өт,
Қартайсаң сұрауға да қат боларсың.
Сексенде селкілдеген шал боларсың,
Айлаң жоқ күндік жерге дал боларсың.
Егерде күйің келсе қарыштап қал,
Қартайсаң шығуға да зар боларсың.

Тоқсанда миың қалар торғайдай-ақ,
Жатарсың төсегіңде қозғалмай-ақ.
Өз кейпіңнен шошисың сол уақытта,
Ескіріп жаңа киім тозғандай-ақ.
Шыбынға жем боларсың қорғанбай-ақ,
Жатарсың жантайма деп көргенді аяп.
Үйінде қатын балаң ақыл айтар,
Өзімсіп, өзі туып болғандай-ақ.

Ал жүзге жанның бәрі жете алмайды,
Ажал келмей күні бұрын өте алмайды.
Баласын Ордабайдың көрген бетте,
Таң қалмай тірі аруаққа кете алмайды.

Ордабай әкем аты рудағы,
Қайратым өткір қылыш қынымдағы.
Бұл күнде оннан салсам, мыңнан шықты,
Үйректей суда жүзген жылым-дағы.
Түшкенің адамсыған жігіттері,
Әншейін ада менің жолымдағы.
Бұл күнде мен де болыс болмас па едім,
Жауекең өліп қалған сорымдағы.

Жауекең болған екен қарадан хан,
Жиылған жаназаға мың жарым жан.
Бұл жерде Жауекең дегені – Жаулыбай. Атығай Бәйімбеттің беделді биі Жаулыбай 1837 тауық жылы туған. Ол Жақып Уәлиханов, Сұлтанғазы Абылайхановтармен құрдас кісі. Шоқан дүниеден озғанда, естіртуге барған қаралы топты басқарған. Атығай Тоқсанбай Сасықұлының болыс болып тұрған тұсында төрт бидің үлкені, яғни, аға биі болған. Тоқсанбай Сасықұлы мен Жақып Шыңғысұлы болыстыққа таласқанда, Жаулыбай Тоқсанбайды жақтаған. Ол Жақып, Махмет, Қоқыш, Шыңғысұлдарымен өз тұсында билікке көп таласқан адам. Сонымен қатар, Жаулыбай – Шыңғыс төре Уәлиханұлының әрі сүйікті, әрі тұңғыш баласы Шоқанның қайтыс болғанын естірткен кісілердің бірі. Қызылжар өңіріне тіпті бүкіл Сарыарқаға атағы жайылған адамның бірі Атығайдың Құдайберлі руынан шыққан Жылғара Байтоқаұлы. Қара қазақтан шығып, дуан басшысы – аға сұлтан болған, подполковник дәрежесіне дейін көтеріліп, дворян атағын алып, екі рет алтын медальмен марапатталған. Ұрпағы өсіп, кеңінен жайылған. Балаларының бәрі шетінен ел басқарған. Мұса дейтін баласы аға сұлтан болған (қазіргі Явленка селосы бұрын Мусино деп Мұсаның атымен аталған). Ал, Әлібектің орны бөлек.
Әлібек өз елінің сал-сері, өнерпаздардың қолдаушысы. Ақан серінің жанашыры, өлерінің алдында «бір арманым өзіммен кетіп бара жатыр, Құлагердің құнын ала алмадым» деген екен.
Әлібек Қожамбетке де қамқоршы болған. Үш жүзді аралағанда өзімен бірге Қожамбетті ала жүреді екен. Дүниеден Әлібек өткенде жоқтауын Қожамбет айтқан.
Бисмилла еді сөз басы,
Әлекең еді қолбасы.
Сексен бесте өтті дүниеден,
Иманы болсын жолдасы.
Әкесі оның Жылғара,
Атасы Шопан мырза еді.
Солардан туған Әлекең,
Атығайда құлжа еді.
Шопан мырза інісі –
Әлекең елдің ырысы.
Ақылменен түзеген,
Істің болса бұрысы.
Сондай-ақ туар бір бала,
Жайылған аты баршаға.
Бес жасына келгенде,
Белгілі болды данышпан.
Он жасына келгенде,
Жүйрік мініп жарысқан.
Жарысқандар қалысқан,
Он бес жасқа келгенде,
Сал-серімен танысқан.
Өлең сөздің порымын,
Тани білген алыстан,
Дәл жиырмаға келгенде,
Айға шапқан арыстан,
Артық болып атадан,
Ерегіскен дұшпанын.
Шылбырменен матаған,
Жиырма беске келгенде,
Әскер жиып, ат байлап,
Жолдас болып Қожықпен,
Мұқатқан жауын айғайлап.
Отыз жасқа келгенде,
Айға шапқан арыстан.
Отыз бес жасқа келгенде,
Кәпірлермен алысқан,
Алысқандар қалысқан,
Қырық жасқа келгенде
Қыран қара бүркіттей,
Салтанат түсті халқына.
Қырық беске келгенде,
Тораңғұлды жайлаған.
Елу інген мен елу биені,
Қатарынан байлаған.
Әлекем еске түскенде,
Ішім оттай қайнаған.
Патшадан алған шендерін,
Әр жақсыға байлаған.
Өзі өткен соң не болды,
Малы кетті айдаған.
Сарбаздары бытырап,
Қаруы қалды сайлаған.
Көк ат қалды белдеуде,
Тұшпалап мықтап байлаған.
Қожекең талай тойларда қыздармен айтысқан. Сондай айтыстың бір үзіндісін келтірейік.
Қожамбет:
Бойыңды қыздырғанда қымыз деген,
Балбырап босайды екен уыз денең.
Бағында бұл жалғанның масайраған,
Сал жігіт мен боламын қыз іздеген.
Іздедім қызыл гүлін құба белдің,
Жол болып алдымыздан шыға келдің.
Шіркін-ау бұдан асқан бақ бола ма,
Талай күн бір көруге шыдап едім.
Қыз:
Қожамбет білесің бе қыздың сырын,
Көңілім таспа жалдай бұрым-бұрым.
Гүлді ақтап, белді кезіп жүргеніңше,
Іздесең болмап па еді бізді бұрын.
Қамшылап қари сөзбен сабағанда,
Мүккәрәм атың қалар жырым-жырым.
Қожамбет:
Қызарған қыз дегенім гүл емес пе,
Бір тоят жігіт қыздан тілемес пе.
Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл,
Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе.
Бірде ел аралап жүріп, жоғарғы Бәйімбеттегі Босатай деген байдың үйіне түстеніпті. Сараңдау болса керек, уақыттың кештігін сылтауратып, бір лақты сойып беріпті. Ертеңіне Қожамбет келді деп естіген, сол елдің игі жақсылары Сахат пен Бименде сәлемдесуге келеді. Хал сұрасып:
–Қожеке, Босатай жаңа байып келе жатқан жігіт еді, дұрыстап қарсы ала алды ма,– деп сұрайды. Сонда Қожекең:
Қонған үйім Босатай,
Ішкенім сарысу шай.
Бір еркек лақ сойып еді,
Тауыса алмадық, аппақ май, – деген екен.
Тағы да ел аралап Қарауыл Назар болыстың үйіне ат басын тірейді. Атқосшысы Шағыр деген жігіт болыстың үйіне кіріп:
–Қожамбет дейтін кісі түсем дейді, рұқсат па?
Болыс өзі жоқ екен, бәйбішесі:
–Қожамбет сыбағасын татқан, түспейді,–дейді.
Киіз үйдің ішіндегі әңгімені естіген Қожекең қағазын алып, бірдеңені жазып, атқосшыға ауылдың молласына апарып бер дейді. Хат моллаға жеткізілгесін, аттанып кетеді. Ат шаптырым жерге жеткен кезде соңдарынан қуғыншы келеді. Бай келді, сізге кері қайтсын деді. Не керек кері қайтып келсе, бай бәйбішесін сабап жатыр екен. Әзер тоқтатып, сабыр айтады. Содан үйге кіргізіп, кешірім сұрап, ертеңіне қадірлеп шығарып салады. Жол үстінде Шағыр-Баба, соншама өзгеретіндей бай ауылына не болды деп сұрайды. Сонда Қожамбет хат сырын таратып айтса керек.
Назармен жаздым сәлем Қошқарбайға,
Ісімді қаулы қылған Атығайға.
Шоқтыбай Бәйімбетпен жақсы екен,
Жүрмейік күлкі болып Есенбайға.
Ініңнің құп алғайсың жазған хатын,
Ел білер екі болыс мұның артын.
Үйіңе қонақ келсе қондырма деп,
Қожайын үйретті ме насихатын,–деп жазыпты хатында.
Қожамбет патша заманында көп жыл «ауылнай» болып, совет заманында да осы қызметін атқара білген. Бірақ, ұлы кәмпеске болады деп, Қорған облысына қарасты Частоозерье елді мекеніне көшеді. Сол жақта жүргенде көп қиыншылық көріп, жоқшылықтың да дәмін татады. 1932 жылы сол жерде дүниеден өтеді. Денесі сол елдің зиратында. 1996 жылы Бірлік ауылының жігіттерінің қолдауымен топырағы туған жеріне әкелініп, басы бекітіліп, белгі қойылды. Құлпытасына өзінің өлеңінен үзінді жазылды.
Басыңа келген кезде құба қайғы,
Бұл кімдер қапаланып жыламайды.
Белден күш, бұттан тіреу кеткен кезде,
Құлан да қалайша құламайды.
Көзден кетер көрінбей шырағыңда,
Жауап болмас іздеген сұрағыңда.
Құдыққа құлан келіп құлағанда,
Көлбақа ойнайды екен құлағында.
Құлаған сол құдыққа біз бір құлан,
Жаманнан ашылмайды қалың тұман.
Ғалел көңіл ғазез ойлап,
Дүниеде кім бар дейсің бағы аумаған.
Сарыарқа менің жерім-ай,
Сарықамыс қайран көлім-ай,
Көрем бе қайтіп елім-ай.
Қазіргі заманның тұрғысынан қарасақ Қожамбет сияқты ақындардың, өнерпаз тұлғалардың халқымыздың тарихына, өнеріне сіңірген еңбектері зор. Қожамбеттен төрт бала туады. Олар: Қақажан, Қозыбай, Есет, Омар. Қақажаннан Әбдуманап, Сейітбаттал, Шамшіману. Есеттен Сәлімгерей, Зураш, Зәуреш. Қозыбай, Омардан ұрпақ жоқ. Сәлімгерейден Дәулеткерей, Құрманғазы, Амангелді, Жангелді.
Арқаның айтулы ақындарының бірі Қожамбеттен қалған көл-көсір жыр дастанының бір парасы осындай.

Дастен БАЙМҰҚАНОВ,
өнертанушы.
Петропавл қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар