Жиырма жылдан кейін қойылған құлпытас

– Осы жолы тағы да сәті түспеді-ау. Соңғы кезде бұл үйде дастарқан басында Сержан нағашыларының аты аталмай, бір шай ішілмейтін болған. Бүгін де Мәрден ойға алған осы шаруасын бітіре алмай қойғанына іштей қобалжулы еді. Сол өкінішін тағы бір сыртқа шығармай отыра алмады.
– Қыс болса, келіп қалды. Енді салқын түспесе, жылы күн қайда? Осы сенбі, жексенбіде бір жөні болар деп едім, мына көліктің қол байлағаны-ай, – деп жанында шай құйып отырған келіншегіне өкінішті раймен көз қиығын тастаған.

Оның да осы жай жанына көптен бері батып жүр. Екі күннің бірінде Мәрденнің есіне салып қояды. Айдан-айға сырғып екі жыл да қалай өте шыққан? Бұл өзі көптен келе жатқан шаруа. Шаруа емес, парыз деген дұрыс шығар.
Арғы жылы, қоңыр күзде бұлар көрші облыстың орталығына тойға барған. Біржола Сержан нағашыларының да тағдырынан хабардар болып келуге бұдан артық қолайлы мүмкіндік туа қоймас деп осы сапарға өзі де асық еді сол жолы. Содан келіншегі, бажасы мен балдызы, төртеуі тойдан кейін жақын туыстарының үйіне келіп жатып қалды да, таңертең ертелетіп бері қарай жолға шығып кетті.
Міне, бұлардың болжауынша нағашылары өмірінің соңғы жылдарын өткізген Березовка ауылы. Екі облыстың ортасында, нағыз күре жолдың бойында тиіп тұр. Сырт қарағанда сыны кете қоймаған, ұзыннан-ұзақ созылған қалпы аумағы кәдімгідей екі-үш шақырымды алып жатыр.
– Ал, бұрылайық, – деп кеше осылай шыққаннан бері әбден пісіріп қойған әңгімені тағы бір нықтағандай көлігін оңға бұрды. Аты да айтып тұрғанындай, негізінен орыс ауылы. Екі ара 400-500 шақырым. Сонда сонау Шалқар жақта жүріп-жүріп келіп, қалай осы жерден бір-ақ шыққан десейші.
Өзіне салса бәрі есте. Геологиялық-барлау экспедициясымен Қазақстанның талай ой-қырын аралап, оқта-текте біресе анда, біресе мындамын деген хабары ғана тиіп тұрған нағашылары бір күні Қызыларайдың шетінде тұрып жатқан мұның жатаған үйіне өзі-ақ сап ете түссін. Басында осы жүрісі, өздерін қалай іздеп тауып алғаны бұларға тым тосын көрінгенімен:
– Алпысқа толып, зейнет демалысына шықтым. Алғашқы тәтелеріңмен шыны керек, дәм-тұзымыз жараспады. Кейін тағы бір рет үйленіп көріп едім, онымен де көп ұзамай арамыздағы жарастықтың кенеуі кете берді. Содан бері салт басты, сабау қамшылымын. Қайтемін, тағдыр… Атам қазақ «есің барда еліңді тап» деген емес пе. Мына Гүлназды кішкентайынан бүкіл жиендерімнің ішінен ерекше көруші едім. Өзі де кісіге жақын, сүйкімді еді. Марқұм апа-жездеме келсем, болмай тіземе отырып алатының есіңде ме, әй, қара қыз?.. Енді міне, әрі ойлап, бері ойлап, неде болса, сені сағалап келдім. Кет десең қазір-ақ кетемін, қал десең, қашан бір жөні болғанша қала тұрамын. Қол-аяғым бүтін, басым орнында, ептеп үйреніскен соң өзім де тырбанып, кісіге сабытымды салмаудың амалын табармын,– деген соң екеуі де жағдайын түсініп, келіскен сыңай танытқан.
Содан нағашылары осы үйде қалды. Екі жаз, бір қыс тірліктері бірге өтті. Ас-су өздерінен. Зейнетақысына қол салған жоқ. Өзі жұмсап, керегіне жаратады. Нан алса да, Гүлназ «қайтесіз өзіміз аламыз» деп отырғаны. Болмай, ара-тұра бір көкқұлақты Медетке ұстатады. Сол үш не бес сом да араларын жақындатып жіберді білем, бала әбден «аталап» бауыр басып алды. Бұлар жұмысқа асығып жатқанын көріп, бала бақшаға өзі ала тартады. Кешке тағы солай. Алып келеді. Не керек, осы үйдің бір жаны болып кетті. Көрші-қолаңға да үйренісіп, оны-мұнысына көмектесе қояды. Домбыра шертетін, пеш салатын өнері тіпті, бәсін көтерген. Бір күні аудандық комхоздан бір жігіт келіп тұр.
– Сіздің үйде печник аға бар дейді. Сөйлессек деп едік.
Гүлназ басында аздап таңырқап қалғанымен, пешшінің де сирек кәсіп екенін бажайлап, өз-өзіне тез келе қойды.
– Иә, бар. Бірақ, жаңа моншаға кетіп еді. Күтсеңіз, келеді.
Сөйтсе, жұмысқа шақыра келіпті. Әлгі жерден үш-төрт ай істеп, үй алды. Ертеде салынған екі пәтерлі үйінің бір жағы. Өзіне жарап жатыр. Бұлардан ұрықсатын сұрап, бәрі мәре-сәре болып, қимай сол үйге шығарып салды. Гүлназдың көрпе-жастығы, үстел, орындығымен берген еншісі де көңілін босатып, кетерінде:
– Қайда жүрсем де, сендерге ризамын. Өз бала-шағамнан көрмеген жақсылықты сендерден көрдім,–деп көзіне жас алған. Гүлназды қайдам, «тірідей отырып, жастайынан анасымен кеткен ұл-қыз енді сізге иліге қояр ма екен?» деген ой Мәрденнің басына сонда сап еткен. Сап еткен де, өздері бауыр басып қалған осы бір қағылез жанды біртүрлі аяп кеткен. Сол нағашысы үшін өзі бұрын-соңды танымайтын мына Березовкаға кіріп келе жатқан әрекеті де бір шеті сондағы жылы сезімнен еді.
Иә, одан кейін не болды?.. Іле бұл ойламаған жерден басқа ауданға қызметке ауысты да, араға бірер ай салып, үй ішін жаңа орынға көшіріп алды. Кетерлік қонақасыда бірге болып, Сержан нағашылары сол үйренген жағында қала берді.
Анда-санда көрген көзтаныстан «біздің нағашы қалай?» деп сұрап қояды. Еститіні: «аман, жүріп жатыр». Қат-қабат жұмыспен айналып бір соғуға бұлардың да қолы тимей кеткен, ол кісі де қайтып көрінбеген. Арада бір жарым жылдың шамасында түс кезінде үйге келсе, нағашылары отыр. Жанында бұл танымайтын бір әйел. Көңіл-күйі, үсті-басы жап-жақсы. Сөйтсе, үйленген. Сол үшін көрші облысқа, мына жеңгейдің қасына көшіп барған.
–Менде де туыс-бауыр барын білсін деп жаныма ертіп алдым да, сендерге тартып кеттім,–дейді сөз арасында кешегі бірге тұрған күндердегідей өзімсініп.
Не керек, Гүлназ қазан көтеріп, аунап-қунап бір күн жатып, бұлардың жатсынбағанына, жаңа жарының алдында абыройын көтеріп тастағанына риза болып-ақ аттанған. Әсіресе, өзі жақсы көрген Медетті айналып-толғанып, мауқын бір басқаны әлі есінде.
Еһ, бұл өмірде кім адаспайды, қатыгез тағдыр кімді тас маңдайдан ұрмайды?! Ана бір жылдары бойдағы сүйіспеншілік сезім суымаса, өзінің алғашқы қосағын да іздеп тауып, көңіл жарастырып көрсе де артық болмас еді. Арада үзілмейтін алтын арқаудай бала-шаға бар емес пе? Жарайды, енді осылай-ақ болған екен, мына кісімен де тіл табысып тұрып кетсе тәубе.
Бұлар аттанғасын Гүлназ екеуі осылай десіп, осылай тебіреніскен. Бірақ, арадағы қарым-қатынас тағы да үзіліп, қайтып жүздесу әріге созыла берді. Баяғы Шалқардағыдай кең қолтықтау қызмет емес, аузы-мұрныңнан шаншылып жатқан бір бітпейтін жұмыс. Қысқасы, іздеп не бұлар ат ізін сала алмады, не олар келе алмады. Сөйтіп жүргенде жыл артынан жыл сырғып өте берген. Әй, тегін емес-ау, біз бармасақ та, өз туған жеріне бір бой көрсетіп кетуге тиіс еді деп жүргенде, Гүлназ барған жерінде бір кісілерден естіп құлазып келсін. Нағашылары о дүниелік болғанына әжептәуір уақыт өтіпті. Сол екінің бірін сұлатып жатқан жүрек талмасынан дейді.
Ақыры келіп осылай болып шыққанына, кейінгі әйелінің өздеріне хабар бермегеніне қолында өскендей болған естияр Медетке дейін өкінген. Сосын шынын айту керек, мына небір тосындықтарға дейін тұтқиылдан килігіп жатқан жанталас өмір бұл жағдайды да ұмыттырған. Дегенмен, арада қанша жылдар өтсе де, бір кездері өздерін сағалап келген, қолдарында тұрған Сержан нағашылары көңіл түкпірінен біржола жылыстап кетпегені аян. Солай болғанына әлі де сенбейтіндей, ара-тұра сөз бола қалғанда «басына бір барып келер ме еді?» деген әңгіме де қанша рет ауыздарынан шығып, қанша рет құп алынбады дейсіз осы жылдарда.
«Ол ниет неге кешеуілдеді?» деп те сөкпейік бұл жандарды. Өз отбасы, балалары тұрғанда, бұлардікі қайта кісілік еді.
Березовкаға осы бұрылғанда да Мәрденнің көңілінде «басы құлазып құр жатыр ма екен, әлде бір белгі бар ма?» деген екіұшты ой тұрған. Сондағы келгенінде шаруашылықта инженер болып істейтін балдызы бар екенін айтқан еді. Сол жігітті тауып, мән-жайды білмесе, басқа шетінен ұстайтын дерек жоқ. Ақыры, солай сұрастырып жүріп оны да тапты-ау. Жаман жігіт көрінбейді. Тек орыс арасында өскендіктен тілге шорқақ. Иә, Сержан деген жездесі болған. 1997 жылы қайтқан. Ауыл зиратында жатыр. Осы күні апасы да жоқ. Жалғыз бауыры өзі ғана қалған. Қысқа-қысқа қайырған бар сөзі осы.
–Жатқан жерін көрейік. Енді зират басына апарып келсең,–деп қолқа салды Мәрден мән-жайға ептеп қаныққан соң.
Ауылдан 3-4 шақырым жол түрлі ойларға жетелейді. Балдызы да тіс жарып, басы артық ештеңе айтпайды. Бұлар да үнсіз. Әлде екеуінің арасында бір кілтипан болды ма? Әлде, мінезі сол ма? Әйтеуір, «жездем» деп елпілдей қоймайды. Сол тым-тырыс мінез зират басында да көрініп қалған.
– Міне,–деп балдызы жермен-жексен болуға жақындаған бір қабірді көрсетті. –Нағашыңыздың жатқан жері осы…
– Анық па? – деп не қоршауы, не белгі тасы жоқ тұлдыр бейітке қарап тұрып қалған бажасы екеуінің дауысы бірге шыққан.
Ойларында иен темірдің ортасында жүріп, тым болмаса бір шарбақ та орнатпаған екен деген кейістік бірге қылаң бергенін мына жігітің қайдан сезсін.
– Мен білемін ғой. Осы жерге қойғанбыз. Мына жанындағы Дәулет деген туысымыз,–деп бұлардың сауалымен болып тұр.
Сол жолы бажасы екеуі әйелдерінің нағашысының басы осылай иесіз жатқанына қарадай қысылып, келер жылы қайткенде де бір белгі қоямыз деп уәделескен. Ойлағаныңдай бола қоя ма, аяғы қысқа айналған сол қара күзден бері де тіршіліктің анау-мынау күйбеңімен екі жыл өте шығыпты. Бірде уақыт, бірде тиын-тебен тапшы, зыр айналған ұршықтай көш-керуен дүние керегіңді қолыңа ұстата бере ме?!
Ақыры, биыл «енді шегінер жер жоқ» деп Мәрден қаладағы ескерткіш тас жасайтын шеберханалардың біріне, архивтен қайтыс болған жылдары мен күндері туралы нақты деректерін тауып, апаратын тасын да дайындатып қойған. Енді соны сәтін салған күні тезірек жеткізіп, орнатып келулері керек. Күнде дерлік бұл үйде келіншегі Гүлназ екеуінің арасында бір қозғалмай қоймайтын әңгіме осы.
Сол шаруаны бүгінге ұйғарған Мәрден таң ала кеуімнен тықыршып жата алмады. Қас қылғандай бір ай бойы жаумай, күзгі жиын-терімге де жақсы болып тұрған күн райы таңертеңнен бұзылмасы бар ма. Біраз сіркіреп барып басылған жаңбыр алғашқыда мұның көңіліне тақа күдік ұялата қоймаған. Манағы тұтасқандай көрінген бұлт тарап, күн ашылған сыңайлы. Көптен маза бермей жүрген бұл шаруаны бүгін тиянақтамаса, енді қашан реті келеді? Әр жағы қыс. Тағы қалады ғой.
Шайдан соң бажасы мен ұлына хабарласып, сырт киімін киді. Барған соң бір-екі табақ кісі жинап, құран оқытармыз деп бір тоқтының етін алып қойып еді. Гүлназ оны да тоңазытқыштан шығарып, ол-пұлын ыңғайлай бастап еді:
–Балдызы бүгін болмайтын болды. Облыс орталығындағы қызына жиналып қойыпты. Келгесін көрші-қолаңның басын қосып, осы жақта берерміз,–деп тоқтатуына тура келді.
Бұлар өздері тұратын Күміскөлден 100 шақырымдай ұзағанда, бет алған жақтары жаңбыр екені асфальт үстіндегі жиналған судан да анық сезіле түскен. Аспанды сабалақ жүндей тұтас орап алған қалың бұлт сонау көкжиекпен астасып, тұнжыр күн қабағын бір ашар емес. Қашан ұзақ жолды еңсергенше, жаңбыр бір саябырсып, бір үдеді де отырды. Осыны көріп, енді онсыз да таңертеңнен алаң көңілге күдік ұялайын деді. Жүріп-жүріп жаңбырға тап келгендерін қарашы. Бүгін жолдары болып, тасты қоя алса жарар еді. Осы бір үміт, бір күмәнмен анада көрген Березовканың қотанына да кірген. Қиюы кеткен грейдердің үстінде жеңіл машинаның жүрісі қожырап-қожырап кетеді. Мына түрімен мынадай жаңбырда зират басына жету мүмкін еместей. Әйтеуір, Елшат балдызы қалаға кеткенімен, кеше телефонмен келіскендей, күрек-сүймені, су мен құмын есіктің алдына қойып кетіпті.
Уақыт жылжып өтіп барады. Желімдей жабысқан балшықта ортанқол «Ниссанға» ауыл сыртына шығу қайда. Бір барып, жолдан тайып кете жаздап, әупірімдеп қайта келген. Қотан тым-тырыс. Осы күні жайшылықта көшеге көп шыға қоймайтын жұртқа, бүгін не жорық?! Әлден уақытта жаяу көше жағалап кеткен Сырым бажасы соңында тіркемесі бар көк «Нивамен» күлімсіреп келіп тұр.
– Екі мың теңгеге келістім. Апарып-алып келеді,–дейді.
Содан жаңбыр сәл саябырсыған ашық сәтті пайдаланып, үшеулеп жан-тәндерімен іске кірісті. Біреуі цемент езіп, біреуі ұшты күрекпен жердің қыртысын қопарып, тас тасып, әкелген ескерткіш белгіні тік тұрғызғанда, жиырма жыл бойы кім жерленгені белгісіз, құлазып жатқан бейіт басы да басқаша рең алып сала берген. Күздің ақ жауыны қайта айналып соққан осы қарбаласпен арада бір-бір жарым сағат уақыт өткенде үстері малмандай су болған бұлар мына жарық дүниеден әрқилы жағдаймен көз жазып кете барған талай жақсылар мен жайсаңдар жатқан көне қорымда келген шаруаларын да бітіріп, қайтар жолға жинала бастап еді. Көзкөрім айшықты тастың дұрыс орныққанына тағы бір көздері жеткен соң, араларынан Сырым аруақтарға бағыштап құран оқыды.
«Енді сенің де басыңда осы зиратқа келіп-кетіп жүретін жұрт көз тоқтатып, аты-жөнің мен шыққан тегіңді оқитын белгі тұр, нағашы. Қанша жыл атаусыз жатқаныңа аруағың да назырқанған шығар, бәлкім. Кеш бізді, тірілерді. Алла жазып аман болсам, келесі жазда кірпішпен басыңды да көтеремін» деп күбірлеген Мәрден көлікке мінерде анадай жердегі тасты бейітке тағы бір көз тастап.
Сулы асфальтпен бұлар мінген көлік қайтадан Күміскөлді бетке алған. Бүгін күн ауыр болды. Жанталасып жүргенде батуға да таяпты. Осы отырғанда арқасынан бір ауыр жүктің түскенін сезді. Рас, бұл батырға, биге орнатқан ескерткіш емес. Келіншегінің нағашысының аруағын сыйлаған болмашы ғана іс. Қазіргі «Рухани жаңғырумен» айтсақ, ой-сананың өз жүйесін табуы. Бірақ, сол үшін де Мәрден өз-өзіне іштей қатты риза еді…

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар