БУРАБАЙДАҒЫ БЕЛДІ ШИПАЖАЙ

«Осында келгелі Бурабайдың халқымыз үшін қаншалықты қымбат екендігін түсініп, баршамызды толғандырар көркемдіктің көгілдір құшағында жүргендеймін. Абылай алаңында болдым. Хан иемнің көзі көрмеген армандарының арасында жүргендей сезіндім. Жаныма шипа таптым. Шипа демекші, мемлекет өз азаматтарының денсаулығын ойлап, тіршіліктің шамын жарқыратуға күш салатынына мың тәубе дегім келеді. Арнайы жолдамамен «Бурабай» оңалту орталығында демалып, жанашыр ұжымның басымнан өткен бүкіл хикметтерімді ұмыттырып жібергеніне ризамын».

Мұны «Бурабай» республикалық мемлекеттік оңалту орталығындағы демалушы, ақтөбелік Асылбек Жүнісовтің «Хош келдік» пікір кітабындағы рахым рахметінен жазып алып едім. Қандай ғажап! Тәуелсіз қазақ мемлекетінің мерейлі мұраттары осы ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға арнаған жуырдағы Жолдауында: «Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 26 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 26 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр»,–дегенді нықтап айтты. Осы ақжарылқап сөздердің астарында көп мағына бар. Бәрінен бұрын болашаққа бастайтын даңғыл жолымыз түйіндеп айтқанда, дені сау қоғамның қолынан келмек. Біздің басты артықшылығымыз да осында. Ел тұрғындарының орташа жасы жетпістің ортасына жақындап қалғаны айтылуда. Бұл шырайлы шындық.
Асылбек айтпақшы, ел азаматтарының саулығы үшін қызмет атқарып жатқан «Бурабай» республикалық оңалту орталығының құрылғанына биыл 108 жыл толады екен. Әрине, ғасырдан да ұзақ ғұмырында мекеме бірнеше құрылымдық өзгерістерге түскені белгілі. Бурабай музейіндегі академик А.Успенскийдің жазбасында аталған мекеме 1910 жылы саяжай, одан кейін өкпе ауруларына арналған корпус, курорт түрінде жұмыс бастаған. Осы туберкулез санаториясы «Қарағай» атымен «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қайырлы Құрмановтың басшылығымен ерен істер атқарды. Бүгінгі күні мекеме қайтадан «Бурабай» атын алып, тәуелсіз мемлекетіміздің «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенбек Аманжоловтың басшылығымен берекелі тірлігін жалғастыруда.
Оң істерге бой бұрған орталық сауықтыруға қажетті барлық қолайлы жағдайларды жұптастырып отыр. Біз бұған мекеме басшысының орынбасары Еркін Асқаровпен бірге орталықтың негізгі корпустарын аралағанымызда айқын көз жеткіздік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осындағы ересектер, балалар, жасөспірімдердің көпқабатты ғимараттары жөндеуден өткізіліп, қажетті медициналық, тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Біз Бурабайда болғанда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген кісілердің емшара жөнінен ешқандай кілтипанға кезікпейтінінің куәсі болдық.
–Мен осында екінші рет келіп отырмын,–дейді қызылордалық қария Бақыт Оспанов. –Жас күнімізде білмейміз, денсаулықтың қадірі жас еңкейгенде екен ғой. Үкімет берген мүмкіндікті пайдаланып, сауықтыру шараларынан өтіп жатырмын. Медбикеміз Гүлжамила Бапынова қарағым өз қызымдай болып кетті. Светлана Васильева, Валентина Тен, Ольга Шлемовалар кәсібіне берілген жандар деп білемін.
Бәрінен құдайдың қайырымындағы табиғатқа қайранмын. Тынысым ашылып, түлеп қаламын. Солтүстік серпіліс үстінде. Елбасының шақыруымен біздің біраз ағайын Көкшетау маңына көшіп келгені білгендік. Мұның басқа да астары бар. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Серпін» бағдарламасымен бес жүзден астам бала жоғары білім алуда. Ертеңіміз еңселі екендігін осыдан-ақ аңғара бер.
Екібастұз тумасы Данияр Нұқышев ағамыздың пайымы былай: «Шипажайда жанға жайлы жағдайлар көңіл өсіреді. Жан-жағымыздың бәрі тазалық. Бес мезгіл тамағымыз бар, қымыз, бал дейсіз бе, түр-түрімен ұсынады. Дәрігерлер, медбикелер, күтім жасаушылар жан ұшырып жүреді. Алғашқы тексерісте маған бес түрлі емшара алуға кеңес берілген. Ризамын. Мәдени, спортттық шаралар да көңілден шығады. Кәде-сый дүкенін ашқаны да ұнайды. Дүкенші Қымбат Өзбекованың сөресі Бурабайдың табиғатын, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін әспеттейтін дүниелерге толы екен.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған корпус зәулім бес қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда 90 бала сауықтырылып жатыр екен. Жоғары санаттағы педиатр Қымбат Жақұтова өзін анасындай қоршаған балалардың ортасында гүл-гүл жайнайды. Асыр салған бір дүние. Мұнда балалар артық-ауысты ұмытып, көңіл көкжиегін аша түсетіндей. Медбике Бақыт Әміренова мен аға тәрбиеші Самал Таңатарованың көмегімен Қазақстан аумағына саяхат жасағандай болдық. Мұндай мүмкіндік павлодарлық 7 сынып оқушысы Ділназ Алдоңғарованың, атыраулық Ақерке Қуаныштың, шымкенттік төртінші сынып оқушысы Элуиза Көшенованың, Жамбылдағы Жуалының 11 жастағы ұланы Елнұр Сайлаудың туған өлке туралы тақпақтарынан туындаған еді. Бұл думанды қаумалаған тынығушылардың қошаметімен тамашалағанымыздың өзі ғанибет еді.
Мемлекеттік мекеме жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда 2014 жылдан бері әр жылда 3369 адам денсаулығын түзетіп келеді. Мұның ішінде 718 бала мен жасөспірім бар. Шарапатты шипажай биыл да осы көлемде мемлекеттік кепілді тапсырыс алып отыр. Негізгі ұстаным туберкулез, тыныс жолдары, жүйке аурулары, тірек қозғалыс желісі, тағы басқа кеселдерге шалдыққандар мен ауруханадан кейінгі арнайы есептегі кісілерді оңалтуға бағытталған.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар