Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, өңірімізге сапары барысында алдымен Зеренді, Сандықтау аудандарының тұрғындарымен, Көкшетау қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде кездесу өткізіп, жергілікті телеарнаға сұхбат берді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер үшін сынамалы тәртіпте еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, көрсетілетін қызметтерді электронды үлгіге ауыстыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметшілердің әдеп қағидаларын сақтау мәселелерін қамтыды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау агенттіктің кадрлық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті.
–Мемлекеттік қызметте жазалау мен ынталандыру арасында тепе-теңдікті ұстануда кейбір жөнсіздіктер бар. Осыған орай, агенттік қызметі бұл жағдайды тұрақтандыруға бағытталады. Мемлекеттік қызметшілердің өтініштері жедел әрі әділ тәртіпте қарастырылатын болады, – деді агенттік өкілі А.Бердалин.
–Ақмола облысының өзінде 2017 жылы 274 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалса, соның 201-і өткізілген ішкі конкурстардың нәтижесі бойынша анықталған. Агенттік мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру, мемлекеттік басқару жүйесінің үздік өкілдерін анықтау және ынталандыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта биыл ақпан айында екінші рет «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауы 15 ақпанда бастау алды. Осы ретте, Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілерін байқауға белсенді қатысып, өздерінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге шақырамын, – деді А.Бердалин.
2017 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды үлгіге ауыстыруды қарастыратын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар және ұйымдар уақытында әрі қысқа мерзімде қызмет көрсетуге ұмтылуы қажет. Бұл заман талабы. Халық үшін электронды түрде қызмет алудың тиімділігі жоғары. Біріншіден, азаматтар мемлекеттік мекемеге бармайды, яғни уақытын үнемдейді, екіншіден, кезек күтпейді, барлығы жылдам жүргізіледі.
Агенттік электронды түрде қызмет алуды насихаттау, оның тиімділігін түсіндіру мақсатында барлық өңірлерде, оның ішінде Ақмола облысының азаматтары (мектеп оқушылары, студенттер, тұрғындар) арасында кездесулер, оқыту жүргізді.
Агенттікпен Әдеп кодексінің нормаларына ауқымды түсіндірме беру мақсатында Pocketbook (қойын кітапшасы) әзірленді. Покетбук тек қана мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, магистранттар, докторанттар, оқытушылар, әдеп ережелерін сақтау мәселелері қызықтыратын көпшілік оқырманға арналған. Агенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағытына жетекшілік ете отырып, өзгерістердің негізгі агенттері болуы тиіс мемлекеттік қызметшілердің ой-санасын кең ауқымда трансформациялауды жоспарлап отыр. Жоба мемлекеттік органдарды, сондай-ақ құқық қорғау, сот органдары мен олардың қарамағындағы ұйымдар және квазимемлекеттік секторды жаңғыртуға бағытталған. Жаһани өзгеру үшін біз күнделікті дағдыларды өзгертуіміз керек. Бұл бағыттағы агенттіктің бірінші қадамы болып қызметтік куәліктерден бас тартып, айди-карталарға көшу болып табылды. Мұндай карталарды пайдалану функционалдық міндеттердің кейбірін тиімді орындауға мүмкіндік береді (деректерді сақтау, объектілер мен ғимараттарға еркін кіру және т.б.), сондай-ақ мемлекеттік органның және мемлекеттік қызметшінің ерекше қызметтік мәдениетін айқындап береді.
Бүгінгі күні ID-карталар агенттіктің және аумақтық департаменттердің барлық қызметкерлері үшін пилоттық тәртіпте енгізілді. Тәжірибе оң нәтиже берген жағдайда, ID-карталармен алдағы уақытта барлық мемлекеттік органдардың қызметшілері иемденуі қажет болады.
Агенттіктің басым бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, соның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларда алғашқы орынға ең алдымен мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін айтуға болады.
Агенттік өкілі студенттермен кездесу барысында да мемлекеттік қызметтің жаңа моделі ашық бәсекелестік қағидасы мен іріктеудің ашықтығы бойынша мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін және мансаптық өсу мүмкіндігін арттыруға, «топтық ауысуларға» арналған алғышарттарды қысқартуға ықпал еткенін ерекше атап өтті. Спикер Назарбаев университеті, Нархоз және КазГЮУ университеттерімен адалдықты, сондай-ақ, білім алушылардың еңбек нәтижелеріне адал әрі әділ қатынасты білдіретін «Академиялық адалдық» қағидасын жүзеге асырудың оң тәжірибесі туралы әңгімеледі.
– Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілері, бизнес өкілдері, жастары, жалпы барлық тұрғындары мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына белсенді қосылады деп сенемін, – деп сөзін аяқтады агенттік өкілі Арман Бердалин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар