Әсет елін абыройға бөледі

Ақмола облыстық әкімдігіне хат келді. Астанадағы «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінің командирі Б.Утеуовтің жазған осы бір хатында біздің облыстан әскер қатарына шақырылған сарбаз Әсет Жұмашұлы Қайратовтың өзіне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқаны туралы айтылыпты.

Әсет Жұмашұлы – Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Азат станциясының орта мектебін бітірген. Щучинск қаласындағы жоғары колледжді 2017 жылы «Байланыс және радиоэлектроника» мамандығы бо-йынша бітірген. Ақмола облысы Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскер қатарына шақырылып, бүгінде «Айбын» Президенттік полкінде» жауынгерлік борышын өтеуде. Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым болып табылады. Мерзімді жауынгерлік қызметті бұл құрылымның қатарында атқару – сарбаздар үшін үлкен абырой, асқан жауапкершілік. Біздің жеке құрам қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен, әр облыстардан денсаулық жағдайы, мінез-құлқы, жеке қасиеттері тұрғысынан үздік деп танылған жастар таңдап алынады. Жауынгер Әсет Жұмашұлы Қайратовтың осы қатардан табылғаны – оның туған өлкесінде: отбасында және мектебінде, оқу орны мен еңбек ұжымында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Кезекті шақырылым кезінде үздік жастардың біздің құрылым қатарына таңдалып алынуы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тиянақты жұмысының нәтижесі екенін де айта кету керек.
Әсет Жұмашұлы әскери қызметінің бірінші күндерінен бастап, жауынгерлік өмірдің қыр-сырына үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде ол белсенді, жауапты азамат ретінде танылды. Сөзі мен ісі қабысқан еңбекқорлығымен қатар қарапайым мінезді. Жауынгелік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана біледі. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым
ең үздік бағаларға орындайды. Өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Жауынгерлік кезекшілікте әрдайым қырағылық танытып, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапатталған.
Әсеттей сарбаздың әскери борышын өтеу кезіндегі жетістіктері туралы оның жерлестері білуі тиіс деп ойлаймыз. Сондықтан, осындай сарбазды өсіріп-тәрбиелеп, «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі қатарына жіберген жерлестеріне деген алғысымызды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларына ұсынуыңызды өтінеміз. Жерлес жа-уынгер туралы жақсы ақпараттың көпшілікке жетуі жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге, жасөспірімдерді болашақ Отан қорғаушылар ретінде тәрбиелеуге қосқан үлесіміз болар еді.
Міне, осы хат себеп болып, Әсеттің ата-анасы тұратын Азат ауылына келгенбіз. Қуаныш иелерінің үйі станцияның жанында екен. Ауыл тіршілігі ертемен басталып кеткен. Уткеновтердің үйін тез таптық. Ашық-жарқын амандасып, төрге оздық.
Ата-ана үшін балаңа айтылған баталы сөз, ізгі ілтипаттан артық бақыт жоқ шығар. Әскердегі Әсеттің әкесі Жұмаш пен анасы Бибігүлдің есі шығып жүгіріп жүр. «Ел құлағы елу» емес пе, көрші-қолаң да ақырындап жинала бастаған. «Құтты болсынның» астында қалған Уткеновтер біздің қолымызға тигенше біршама уақыт өтті.
Қызығып тұрмыз. Қызығатындай жөні бар. Жұмаш құрметті теміржолшы Қайрат атай мен элеватор жұмысшысы Сайран апамыздан тараған он баланың алтыншысы екен. Марқұмдар осы Азаттың түпкілікті әрі сыйлы тұрғындары еді. Әсет атасының атымен Қайратов болып жазылатыны да тағлым тұтар жай. Бибігүл әйгілі Абылай хан ауылының Мезгілсорындағы көпбалалы отбасының қызы. Айтпағымыз, бұлар еңбекқор жандар. Жұмаш Азат элеваторында жұмыс істесе, жеке кәсіп ашқан Бибігүл дүкен ұстайды екен.
Өнегелі ұядағы Әсет үй шаруасына мығым, оқуда озат, достыққа берік, адал да намысшыл болып өскенін айтады төңіректегінің бәрі. Математика, физика пәндерінен олимпиадаларға қатысып, үш рет жеңімпаз атаныпты. Бұл жерде Азаттағы оқу орны тоғыз сыныптық негізгі мектеп болғандықтан, олимпиадалық байқаулар негізінен жоғары сыныптарда өтетінін ескере отырғанымыз жөн. Әсет жергілікті мектепті үздік бітіріп, Щучинск қаласындағы жоғары техникалық колледжге ең жоғары балмен түскен. Мұны «Байланыс және радиоэлектроника» мамандығы бойынша қызыл дипломға аяқтаған.
– Былтырғы күзде Әсетті ауыл-аймақ болып әскерге шығарып салдық, – дейді Жұмаш Уткенов. Әуелде ол Алматыдағы «Батыр» Президенттік полкінде» алғашқы жауынгерлік даярлықтан өтті. Әсеттің 2017 жылғы 25 қарашадағы жауынгерлік Ант қабылдау салтанатына анасы мен кіші ұлым Әмір қатысып келді. Анасы бір қуанып, бір жылаумен болды. Бесінші сыныптағы Әмірдің бар айтқаны – «мен де ағам сияқты боламын!». Көп ұзамай ол Астанадағы «Айбын» Президенттік полкі» әскери бөліміне ауысты. Полктің әртүрлі сатыдағы командирлері мен саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарларынан жақсы лебіздегі хаттар алдық. Баламыз бір хатында алдағы өмірін әскери қызметке арнағысы келетінін жазыпты. Демек, өзіне ұнағаны. Арнайы білім алып, жалғастыратын болса, біз қарсы емеспіз.
– Әсет сабаққа ұқыпты, мақсатына берік, талапшыл және қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы болып өсті, – дейді бізбен әңгімесінде Азат негізгі мектебінің директоры Руслан Ермұханов. Ол аудан көлеміндегі бірнеше пәндік олимпиадаға қатысып 1 және 2-ші орындарды алып жүрді. Өзі қатарлы балаларды ұйымдастырып, шағын жаттығу алаңын жасақтап алды. Футбол, волейбол, баскетбол, хоккей спортына бейімі бар. Колледжде оқып жүргенінде ауылымызда жаңадан салынған ангар типті спорт залымызға жиі келіп жүрді. Жалпы, ол өзі құралпы жастардың көшбасшысы бола білді. Әсет былтыр ауылымыздан әскерге аттанған жалғыз бала. «Айбын» Президенттік полкі» әскери бөлімінің командирі Б.Утеуовтен облыс әкімшілігі атына келіп түскен Алғыс хат баршамызды мақтаныш сезіміне бөлейді. Біз мектебімізде Әсет сияқты жауынгерлерге арналған бөлім жасақтауды ойлап отырмыз. Бұл өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруде маңызды болмақ.
Бізді Жұмаштың көршілері Григорий және Ирина Зерновтар шақырып жатыр деген хабар алдық. Қарияларға құрмет ізетімен амандастық. Олар Әсеттің көз алдарында өскендігін, немерелерімен бауырласып кеткенін, анау-мынау шаруаны айтпай-ақ орындап тастайтынын, оны мақтан ететінін айтып тауыса алмай жатты.
Біз жуырда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұйымдастырған патриоттық шараға қатысқанбыз. Әскери міндетін атқаруға шақырылған жастармен әңгімелестік. Олардың Отан алдындағы парызын өтеуге құлшынысы, жанарларындағы отты жалын Әсет сияқты жауынгерлердің көп болатындығын байқатқандай еді.

Бақберген Амалбеков.

Зеренді ауданы.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар