Абырой биігін бағындырған жан

Біздің әрқайсысымыздың өзімізге ұнаған, үлгі тұтатын, оның игі қасиеттерін өз бойымыздан табылса деп армандайтын, оған ұқсағымыз келетін бір адамымыз болады. Ұлы Абай атамыз да «болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, ол адамның әдеттерін, жүріс-тұрысын өзімізден көрсек дейміз. Бүгін мен сіздерге көңілі көл дария, өмірге деген құлшынысы зор, мінезі ашық та жайдары, әрі әріптес, әрі ақылшы – ғажап жан Ләззат Қалқышева туралы сыр шерткім келіп отыр.

Менің толғанғалы отырған кейіпкерімнің пейілі кең, кез келген адамның бойынан жақсы қасиеттерді көре алады және айналасындағы жандар туралы қашанда тек жақсы пікір білдіріп, әркімге жаны ашып тұратын бауырмал. Мен жұмыс бабымен бір күнімді оның қасында өткізсем, одан өзімді рухани күш-жігер, қуат алатындай сезенемін. Осындай адамдардан жас ұрпақ өмір сүруді, мына жалғанға риза болуды, ауыртпалықтар мен қиындықтарға мойымай, алға ұмтылуды үйрену керек деп білемін. Ләззат Болатбекқызы Қалқышева қырық жыл еңбек еткен ардақты жан, оның соңғы 15 жылы мемлекеттік қызмет саласында өтті. Ең алғашқы еңбек жолын «Кокчетавводстрой» тресінің ПМК-31 кәсіпорнында шебердің көмекшісі болып бастаған ол кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтының топырақтану кафедрасында ассистент болып еңбектенді. Одан әрі Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетінің экология кафедрасында оқытушы болып, біраз жылдар шәкірт тәрбиеледі. 2006 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін ол облыстық құрылыс басқармасының сумен жабдықтау және су өткізу нысандары бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді.
Өз ісінің майталман шебері басқа адамдар секілді бір айлықтан келесі айлықты күтетіндер қатарынан емес, ол өзінің жұмысымен, сол жұмысының тыныс-тіршілігімен өмір сүреді. Өзің қаламаған, білмеген нәрсеңді біреуге үйрету мүмкін емес. Тіпті, біреудің бойында бар дарынды егер оның оған өзінің талабы болмаса ашу да мүмкін емес. Ал, Ләззат Болатбекқызының қасында жүрсең, өз бойыңдағы жасырын жатқан қабілетіңнің қалай ашылғандығын да байқамай қаласын.
Бүгінде Ләззат Болатбекқызы жұмыста бюджет есебінен құрылып жатқан сумен жабдықтау және су өткізу нысандарының құрылыс жұмыстарының барысына, ауыз су және шаруашылыққа арналған жер асты суларын іздестіру-барлау жұмыстарына мониторинг жасайды. Басқармада еңбек еткен кезеңде ол өзін жоғары білікті маман ретінде танытты. Өз міндеттерін орындауға асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзге қызметшілерден өзінің біліктілігімен, тез шешім қабылдауымен, табандылығымен ерекшеленіп тұрады. Орын алған жағдайды дұрыс бағалап, алдына қойылған мәселелердің оң шешімін дер кезінде таба біледі. 2009 және 2016 жылдары ол аймақтың құрылыс саласының дамуына зор үлес қосып, ересен еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыстың құрыш қолды құрылысшылары мен өз ұжымы арасында зор құрмет пен беделге ие Ләззат Қалқышева тәжірибесі мол маман, өз білгенін жастарға аянбай үйретіп келеді.
Күләш МҰҚАТОВА,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының
персоналды басқару қызметінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар