Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Сарайымыздың төрт тағаны дүниенің төрт бұрышына бірдей айқара есік ашқан. Бұл ғимарат әлемнің әр тарабындағы барша ұлттар мен дін өкілдеріне дос құшағын ашқан тәуелсіз Қазақстанның символы іспеттес.
Бейбітшілік және келісім сарайы – сәулет өнерінің бірегей туындысы. Пирамидаға ұқсас тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. Бейбітшілік және келісім сарайы Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Елордада пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І-ші съезінде ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларының үлкен қолдауын тапты. Әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші бас қосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді. Сәулет өнерінің бірегей туындысы әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостерменнің басшылығымен салынды. Болат пен тастан тұрғызылған өнер туындысы өзара рухани келісімнің жаһандық орталығына айналды. Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді етіп салынған. Пирамиданың керегесі берік, салмақ түскенде майыспайтын, жуан металл трубаларымен керілген. Олар биіктей келе тот баспайтын бұрандалармен бекітілген де, алдын ала ойластырылған жоба бойынша кескінді өрнектер құралған.
Сарайдың ішкі жоспарлау мәнері де өзгеше. Ғимарат төменнен жоғарыға қарай бес қабатқа бөлінген. Бесінші қабатта пирамиданың биігінде 200 орынды көркем зал көз тартады. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің форумдары осы жерде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтеді. Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблея-сы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, университет, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған. Оның кіре берісі жер астында орналасқан.
Пирамиданың негізі 62×62метр болса, биіктігі 62 метр. Ғимараттың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал төбесі, яғни, күмбезі – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер
туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Жаңа сарайдың салтанатты ашылу рәсімінде әлемнің классикалық музыкасының жарық жұлдызы Монсеррат Кабалье өнерін паш етті. Сарай ішінде 1302 орынға арналған опера залы, Atrium салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі әлемінің академиясы орналасқан.
Сарай демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Экскурсиялар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.
Сарайдағы опера залы барлық талаптар бойынша әлемдік стандарттарға сай дыбыстық заманауи технологиялармен жабдықталған, ол ең ерекше қойылымның ең қиын интерпретациясын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, залда партер, бельэтаж, VIP-персоналар үшін секциялы 2 балкон бар. Сахнаның алдыңғы жағында 70 оркестр музыкантын орналастыруға шақталған оркестрлік шұңқыр орналасқан. Тереңдігі – 2,8 метр. Опера залында 18 грим бөлмесі бар.
Ал, Атриум залы – ғимараттағы көлемі бойынша ең үлкен зал. Ауданы – 2185 шаршы метр. Мәрмәр таспен көмкерілген зал 400-500 көрерменге лайықталған. «Бесік» залы – бұл пирамида шыңында яғни, күмбезінде орналасқан. Залдан Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясы «Ақ Орда», Қазақстан Республикасы Үкімет үйі, Жоғарғы Сот ғимараттары, қала символы «Астана – Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, қаланың оң және сол жағалауларын қосушы Астананың әдемі көпірлері көрінеді. 100 адамға шақталған зал заманауи ілеспе аударма техникасымен жабдықталған. Бейбітшілік және келісім сарайында «Құланшы» өнер орталығы бейнелеу өнерінің қазіргі заман галереясы десек артық айтқандық емес. Галереяның 880 шаршы метрінде литография залы орналасқан, онда Сальвадор Дали, Марк Шагал, Пабло Пикассо, сонымен қатар Германия, Ұлыбритания мен Польша қазіргі заман литография шеберлерінің туындылары қойылған. Өнер орталығының тұрақты экспозициясында Португалия, Түркия, Германия мен Қазақстанның атақты суретшілерінің көркем туындылары қойылған. Орталықта балаларға арналған бейнелеу өнерінің студиясы жұмыс істейді.