Жабай өзенінің су бөгеті нығайтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Атбасар ауданында өткен баспасөз туры барысында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көктемгі су тасқынына дайындық жайымен жан-жақты танысты.

Журналистер алдымен Жабай өзенін бойлай салынған бөгетті нығайту жұмыстарын көрді. Осы жерде аудан әкімінің орынбасары Бірлік Қамбатыров қолға алынған алдын алу шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша бүгінгі күні облыс бойынша негізгі күш Атбасар ауданына жұмылдырылуда.
– Биыл өңірде қар аз түсті. Сол себепті, су тасқыны бола қоймайды деп үміттеніп отырмыз. Бірақ та, соған қарап арқаны кеңге салуға болмайды. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, былтырғы жылғы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастадық. Қала арқылы ағып өтетін Жабай өзенін бойлай тұрғызылған су бөгеті нығайтылды. Оған қоса, қауіпті аймақтарда тұрған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалды. Апаттың алдын алу жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар бір кісідей атсалысуда, – деді Бірлік Қамбатыров.
Бұдан кейін журналистер өткен жылы су алған №1, №4 орта мектептер мен психикалық дамуы және интеллектуалды ойлау қабілеті нашар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының маңындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарына назар аударды.
Аудан әкімінің орынбасары бұл шараларға аудандық бюджет есебінен 57,3 миллион теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Лондон шағын ауданындағы аңғар, арықтар тазартылып, су бөгеті нығайтылып, жанар-жағармай мен қапшықтар, инертті материал-
дар күні бұрын әзірленіпті. Оған қоса, қауіпті аймақтардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, көшелерді және арықтарды қардан тазарту жұмыстары да бақылауға алынған.
– Атбасар қаласымен бірген Новосельское, Покровка және Полтавка ауылдарында Жабай өзенінің жағасына жақын орналасқан тұрғын үйлердің айналасына топырақ үю шаралары қолға алынды, – дейді Бірлік Қамбатыров.
Ал, Сепе-1, Сепе-2, Сочинское-1, Сочинское-2 және Самарка бөгет шлюзі гидротехникалық нысандарындағы жөндеу жұмыстары мен дайындығы туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов айтып берді. Оның айтуына қарағанда, биылғы жылы Жабай өзенінде барлығы 6900 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Су тасқыны орын ала қалған жағдайда 500 адам мен 150 арнайы техниканы жұмылдыру қарастырылған. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тұрғындарды уақытша қауіпсіз жерге орналастыратын 10 нысан, материалдық құнды заттарды қоятын 3 нысан және үй жануарларын ұстайтын 2 нысан босатылып, дайындалған. Наурыздың 15-інен бастап қауіпті аумақтарда тәулік бойы жұмыс істейтін 23 гидротехникалық бақылау бекеті орналастырылады.
– Биыл қар аз болғандықтан, жердің беткі қабатындағы топырақтың шамадан тыс қатқаны байқалады. Бұл күн күрт жылынып қар еріген кезде біраз қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан, алдын алу жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, апаттан құтқару жұмыстарына сақадай сай тұру керек, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, Алексей Советов Жабайдан өзге, Есіл жəне Нұра өзендерінің бойындағы су бөгеліп қалуы мүмкін аумақтарда кептелген мұзды жару, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін бөгеттер тұрғызу және нығайту жұмыстары да жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Апаттың алдын алу жұмыстары облысымыздың барлық өңірлерінде жалғасуда.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар