ДОСТЫҚ БЕСІГІ

Қазақстан Тәуелсіздігінің басты құндылығы – ұлттар достығы. Біздің ортақ үйіміздің шаңырағы биіктеп, үнемі шуақ төгіп тұратыны да сондықтан. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырушы маңызы орасан.

Жұртшылық жүрегіне жақын құрылым мемлекеттің ұлттық саясатын жүргізудегі негізгі тұтқа саналып отырғандығы айқын. Ұлттық бірлік күнінің жалпыхалықтық мереке ретінде аталып өтуінің өзі еліміздің болашақ ұстанымдарының беріктігін байқатады. Оның идеологиялық негізі халықтық дипломатияны өрістету қызметінен де көрінеді. Елімізде этностық қатынасты нығайтуда ұлттық мәдени орталықтар мен бірлестіктердің қызметін нығайтуға күнделікті көңіл бөлінуде. Қоғамдық құрылымдардың белсенділігі құрметке лайықты. Олардың қызметі сан-тарау. Облыстағы патриоттық акциялар, этномәдениет күндері, халықтық мейрамдар, танымдық-көпшілік шараларды бұларсыз елестету де мүмкін емес. Осылардың барлығы астаналық облыс тұрғындарын ұлттар мен ұлыстардың сан қырлы салт-дәстүрлерімен таныстырып, мәдениеттердің жақындай түсуіне, бір-бірін толықтыра түсуге әсер етеді. Адамдар арасындағы шынайы достық, сенім мен құрмет сезімдері осынау ыстық ауан арнасында қуаттанатыны белгілі.
– Облыста «Қазақстан-2030» Стратегиясының талаптарын жүзеге асыруда мәдени-тілдік саясатты жүйелі әрі сарабдал түрде іске асыру мерейлі міндет саналады, – дейді бізбен әңгімесінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары Ринат Галлямов. Өңіріміздегі барлық ұлт өкілдері өзінің тілі мен тарихын оқып білуге, діни ұстанымдары мен халықтық салт-дәстүрлерін құрметтеу ісіне еркін араласады. Бұған кең мүмкіндіктер берілген. Облыста 13 жексенбілік мектеп жұмыс істеп, мыңнан астам адамға білім беруде. Ұлттық киімдер тіктіру мен мәдени шаралар өткізуге биыл облыс бюджетінен 4,5 миллион теңге бөлініп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев облыс орталығындағы заманалық сәулеттегі жаңа Достық үйінің салтанатты ашылуына қатысып, жұртшылыққа құтты болсын айтты. Моноқала Степногорскіде де достық үйі жұмыс істеуде. Мұндай жұмыс аудан орталықтарында да қолға алына бастады. Өйткені, халық бұл шуақты орданы «Достық бесігі» ретінде айрықша әспеттейтіні анық. Облыстық ассамблеяның өзіндік әнұраны да «Достық бесігі» аталатыны осыдан.
Ақмола ассамблеясының жанынан ғылыми-талдамалық орталықтың құрылуы жұмыстың жемісті ырғағын қамтамасыз етуде. Кеңестің көшпелі мәжілістері дәстүрлі сипат алуы түйткіл жайттарды шұғыл шешуге, ортақ мәселелер төңірегінде бірлесіп ой қорытуға мүмкіндік ашып отыр. Облыс аумағында өткізілген мәжілістерде Қазақстанның Ұлттық бірлік доктринасы қызу талқыланды. Сондай-ақ, 10 ақпараттық-насихат тобы құрылып, ел ішінде елеулі қызмет атқарса, доктринаға қатысты қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде анықтамалық сөздіктің жарық көруі де игі іс ретінде бағалануда. Бұған қосымша, балалар мен жастардың 36 ұйымында кіші ассамблея құрылып, жастар арасындағы азаматтық ұстанымдар мен патриоттық тәрбиені нығайтуға үлес қосып жүргеніне жылы лебіздер білдіруге болады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің мерейтойлық салтанатындағы «Еншімізге бұйырған ерен бақыт» аталатын баяндамасында қоғамның барлық жетістіктерін ұлттар мен ұлыстардың ортақ табысы ретінде бағалады. Алда атқарылатын міндеттердің маңызды буыны ретінде, «Біздің Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі және оны нығайтудың шарты – ұлттар бірлігі. Бұл құндылық Қазақстан дамуының кез келген сатысында маңызға ие болмақ», – деп атап көрсетті. Бұл бағытта астаналық Ақмола облысында жоспарлы да мақсатты жұмыстар жүргізілуде деуімізге болады. Қазіргі таңда қазақ тілінде тәлім беретін бала бақшалардың саны 2001 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Қазақ мектептері саусақпен санарлықтай болса, ол 173-ке жетті. Өзге тілдерді дамытудың да өрісі кеңейді. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының бастамасымен Көкшетау қаласындағы №1 мектепте тілдерді тереңдете оқытатын «Шаңырақ» орталығы ашылды. Мұнда әр ұлттың 256 баласы Қазақстан халқы ұлттарының 11 тілі бойынша дәріс алуда, оның ішінде қазақ тілі де бар. Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілді.
Жалпы, өңір өркендеуінің кешенді бағдарламаларына ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің қосып отырған үлесі күн санап айшықтала түсуде. Олар әлеуметтік жобаларға белсенділікпен араласып, елеулі табыстарға қол жеткізгені жайындағы мысалдар жеткілікті. Біз осы орайда, этномәдени бірлестік жетекшілерінің де ой-пікірлерін білу мақсатын алға ұстаған болатынбыз.
Бекхан Евлоев: «Зама» шешен-ингуш мәдени орталығының Атбасар аудандық бөлімшесінің төрағасы: «Қазақ халқында «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қарапайым да қарымды даналық бар. Міне, ынтымаққа, татулыққа шақыратын осы ұлағатты сөзді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге көпұлтты еліміздегі ұлттар мен ұлыстар күнделікті ісінде басшылыққа алып, елімізді әлемге танытты.
Біздің бірлестік 1997 жылдың
1 шілдесінде өз жұмысын бастады. Мәдени орталығымызда «Вайнах» ұлттық би ансамблі құрылып, өзіміздің би үлгілерімізбен қатар, елімізде тұрып жатқан басқа да халықтардың мәдениетін насихаттап, мерекелерде көпке танытып жүр. Осының бәрі Елбасының – Ұлт Көшбасшысының жүздеген ұлттар мен ұлысты бір шаңырақтың астына біріктіріп, бір атаның балаларындай береке-бірлікте ғұмыр кешкізіп жатқан сарабдал саясатының, данагөйлігінің арқасында деп білемін».
Борис Лотц: «Видергебурт» облыстық немістер қоғамының Сандықтау аудандық филиалының төрағасы: «Менің анам Қарағандының қызы, әкем Германияда туып-өскен. Кейін Қазақстанда жоғары білім алып, көңілдері қосылған екен. Өзім Қазақстанда туып, ержеткенім үшін, осынау дархан дала төсінде шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеп отырғаныма, ұлтымыз басқа болса да тілегіміз бір болғанына қуаныштымын.
Облыстық қоғамның қаржыландыруымен аудан орталығы – Балқашындағы мектеп жанынан мәдени орталық ашылды. Онда қариялар мен жастар, басқа ұлт өкілдері де тіл үйреніп, мәдени іс-шараларға қатысуда. Біз Елбасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баршамызға дәуір талаптарына сай қойған міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді сарқа жұмсаймыз. Көпұлтты тәуелсіз Қазақ-
станымыз жасай берсін».
Бақыт АРМАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар