Жұрт арасында жылы лебізге лайықты адамның бірі – Гүлнұр Сәдуақасова. Ол 1991 жылы педагогикалық институтты бітіріп, бірден индустриялы шаһардағы Заводской орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданғанда-ақ көп назарын өзіне аударған. Бұл ел тарихындағы бетбұрысты әрі қиын-қыстау кезең екендігі белгілі. Осындайда жалынды жастардың жарқырап алға шығатыны ғанибет. Степногорск қаласы өзіндік ерекшеліктері, тіпті, бөлекше ұстанымдары бар шаһар десек болғандай. Сол ұстанымдардың ашығырақ айтсақ, Мәскеуге тікелей бағынып келген жасырын қала менталитетінің сең-тоңдары да оңайлықпен бұзыла қоймағаны жасырын емес.
Әсіресе, жасөспірімдердің бойына тәуелсіз Қазақ елінің асыл мұраттарын сіңіру маңызды мемлекеттік шаруа еді. Ел алдындағы парыз бен қарыздың пәтуасын түсінген Гүлнұр қатарлы жастар сананы сілкінту шаруасында жан аямай, шаттанып та, шырқырап та жұмыс істегені көз алдымызда. Мектептің аты шыға бастады, құрметпен ауызға ілінетін болды. Бұрындары нашар атымен танымал Заводскойдың тіршілік ауаны түзеліп, үлгі аларлық қырлары көбейе бастады. Мектеп түлектерінің бәрі түгел демей-ақ қоялық, басым көпшілігі жоғары және орта оқу орындарына түскені де жыр етіп айтуға жарарлық еді. Қазіргі күні жергілікті тұрғындардың қолынан келмейді деген кеншілік, шахтерлік, құрылысшылық, инженерлік мамандықты ұршықтай үйірген азаматтар қатары қалыңдай түскен.
Дүниенің тұтқасы тәрбиеде десек, Гүлнұр Әнуарбекқызының 14 жылдық ғұмыры Степногорск қалалық білім бөлімінде өткені заңды құбылыс сияқты. Соның тең жартысында басшы қызметін атқарды. Степногорскінің білім мен зияткерлік бағыттағы сілкіністері көп тірлікке қозғау салғаны «жақсының жақсылығын айт» деген нақылды үнемі еске түсіреді. Облыста мектептер мен балалар бақшасын бәрінен көп салған да осы қала. Бұл игі істер Гүлнұр Сәдуақасованың қала әкімінің орынбасары лауазымын атқарған 2007-2013 жылдары ерекше екпінмен дамыды. Облыстағы бірден-бір моноқала дәрежесіндегі шаһар барлық қырынан шырайланып тұр. Шырайлана беретініне де шәк келтіре алмайсыз. Мұны Гүлнұр жұлдызының жарқыраған тұстары десек болғандай. Қандай да мәдени-көпшілік, саяси, экономикалық тұрғыдағы шаралар осында өткізіліп, жинақталған жақсы тәжірибелер Қазақ елі көгін аралап кеткені қашан.
Бір қарағанда, қаланың қызы Гүлнұр Сәдуақасованың Шортанды ауданы әкімінің сайлауына үміткер болып қатысқанына таңғалғандай күй кешкеніміз рас. Үнемі күлімсіреп, жылылық төгіп жүретін нәзік жанның қайрат қайнарларының ауқымы кеңи бастағанын түсіндік. Астанаға жақын аудан ауырлау еді, есесіне үш үміткер мықты көрінді. Гүлнұр жеңіп шықты. Әкім атанды. Жай ғана емес, Ақмола облысының тарихындағы тұңғыш әйел әкім атанды.
Жылға толмайтын уақытта біршама жұмыс тындырылды. Оны тізбелеп жату міндет емес дегеннің өзінде, бүгінгі уақыт әр нәрсенің бағасын талап ететіні бар. Қазіргі күні мейлінше терең баға тұрғындармен есепті кездесулерде беріледі. Біз биылғы ақпан айында сол жиналысқа қатысып едік.
Ауданда 2017 жылы 18,7 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылса, биыл оның көлемі екі есеге дейін өспек. Жұмысқа қосылған «Төңкеріс ХПП», «Полимер-Пласт» серіктестіктері тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын дайындайтын «Есіл Стоун», «Иман 2030», «Бозайғыр», «Шортанды гранит», «Turan Indastry» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері еңбек өнімділігін жаңа технологиялар негізінде арттыра түсті. Аталған кәсіпорындардың өнімдері «ЭКСПО-2017» құрылыс нысандарын салуға пайдаланылды және бұл материалдар облыстан тысқары өңірлерде сұранысқа ие болып отыр.
Шағын және орта бизнес қызметі аудан экономикасын дамытуда лайықты орнын алуда. Мұнда 1500 нысан тіркеліп, 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2017 жылы 435 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл ішінде бой көтерген «Аида» бизнес орталығы, «Тамаша» шағын маркеті мен «Сандыбат» дәмханасы жол бойындағы сервистің кеңи түсуіне септік жасады. Кәсіпкер М.Сломинский 1500 тонна қаз етін астаналықтардың дастархан мәзіріне ұсынды. Болашақта мұнда құс санын көбейту жоспарланған.
Аудандағы 50-ден астам ұлттың өкілі ортақ тіршіліктің ұйытқысы бола білгеніне «бәрекелді» деуіміз керек. Ауыл шаруашылығында 10,7 миллиард теңгенің жалпы өнімі өндірілген. Көрсеткіштің еселенуіне салаға құйылған мемлекеттік 365 миллион теңге қаржының әсері мол. Осының арқасында бір жылдың ішінде
1 миллиард теңгенің 38 жаңа комбайны мен 4 дән себу кешенін сатып алуға мүмкіндік туған. Барлық түлік бойынша мал басының өсуі 2,3 миллиард теңгенің өнімін өндіруге жол ашқан.
Мұнда Елбасының Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы айрықша назарда ұсталады. Шортандылықтар 3400 тонна ет, 12600 тонна сүт дайындаса, соның дені Елорда дастарханының сәнін ашқаны әкімнің баяндамасында қанағатпен атап өтілді. Шортандылық аграршылар А.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми талдамалары негізінде егіншілік өнімін еселеудің тиімді әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданатын болады.
Ауданның барлық саладағы көрсеткіштері облыс деңгейінде ауызға ілініп жүргені белгілі. Өзіміз пресс-турларға қатысу барысында жазылған мақалаларымызда оны ашып көрсетуге тырыстық. Бізді аудан әкімінің ешқашан асып-таспайтыны, алдағы міндеттердің қатпарларын салмақтай алатыны, ең бастысы, адамдармен тіл табыса білетіні, жігерлендіріп жүретіні тәнті етеді. Көп сеніміне ие жанның көпсалалы жұмысының үйіріліп тұратыны осыдан болса керек. Бұл ауданда екі ауылдық округтің әкімдік тізгінін әйел азаматшалар ұстап отыр.
Бақберген Амалбеков.
Шортанды ауданы.