Өртпен шарпысқан саналы ғұмыр

Саналы өмірінің көбі тілсіз жау өртпен шайқасқан бейнеті зая кетпеді. Жиған қаржысын қиын-қыстау шақта ұрпақтар кәдесіне жаратты. Жылымды ауылына қарағайдай мектеп салдырып, иманға бет бұрған ауылдастарына көптің күшімен мешіт тұрғызды. Жылымдылықтар Қажы аталарының өнегелі ісіне дән риза. Егер тірі болғанда полковник Нұрпейіс Ақпарұлы мерейлі жас 85-ке толар еді.

Анасы Жамалдан айырылған сәби жүрек мұңды, көзі жасты, уақыт өткен сайын анасын сағынған Нұрпейісті әкесі Ақпар немен жұбатарын, немен қуантарын білмеді. Балаларына елжірей қараған, еркелете сөйлеген аналарды көргенде көз жасына ие бола алмай үйілген шөптің ішіне кіріп күні бойы жылаушы еді. Анасының иісін жылы алақанын аңсаған бала өмір бойы анасына деген сағынышынан үзілмеді.
Екінші анасы Қазима да баланы түсіністікпен бауырына басты. Алыстатпады, жақындатты. Жылымды ауыл мектебінің бастауыш сыныбында оқып жүргенде-ақ, Нұрпейістің қолынан кітап түспейтін. Абай, Жамбыл, Крыловтың өлең мысалдарын мектеп сахнасында құйқылжыта, мәнерлеп оқыған баланың болашағына көз жүгірткен ауылдастарының, мұғалімдерінің үміт күтері сөзсіз еді. «Болар бала жасынан» демекші өз қатарынан озық, білімге құштар, айтқанынан қайтпайтын қайсарлық, бала бойына дарыған қасиет есейгенде де жоғалмады.
Соғыстың қаулап тұрған кезі. Бәйшешектей гүл жарған, талдырмаш, бұғанасы қатпаған Жылымды мектеп оқушылары, ауылда қалған қарт кемпір-шалдармен жесір қалған әйелдер, тай-тұяғы қалмай колхоз жұмысына жегілді. Таң атып күн батқанша, аш құрсақ балалар соқамен жер жыртып егін екті, шөп шапты, егін ору, оны бастыру өгіз арбамен тасымалдап үкіметке өткізу жұмыстарына балалар жұмылдырылды. «Бәрі майдан, жеңіс үшін!». Үлкендермен бірге соғыстың зардабын тартқандардың бірі – Нұрпейіс те, балалықпен ерте қоштасып, ерте есейгендердің бірі. Жұмыстан әбден шаршаған, әлі құрыған, әлсіз өзі қатарлас балалардың тарамыс қолдарымен ауыр жүкті көтере алмағандары бригадирсымақтардың таяғын да жеді.
Соғыста жеңіспен аяқталды. Етек-жеңін жинаған жылымдылықтармен мектеп оқушылары да өз ордасына оралып, бейбіт өмірдің дәмін татқан-ды. Солтүстік өңірдің шұрайлы топырағын, әсем табиғатын саялап келген әр ұлт өкілдері, әр жақтан қоныстана бастаған кез. Құшағымыз қашан да кең, қазағымыз қонақжайлығымен есігін ашып, келгендерге төрден орын ұсынған әдетімен ешкімді жатсынбады. Соғыстан қайтпаған, қаза тапқан азамат жауынгерлердің орнын толтырмақшы. Ана тілінің мәйегімен тілін сындырған, қазақ халқының эпостық жыр ертегілерін жастанып оқитын бала Нұрпейісті, болашақты әріден танитын салауатты Ақпар әке Нұрпейістің бағын байламау ниетпен Көкшетаудағы танысы Костяның үйіне орыс тілін үйрену үшін орналастырып кетті. Қатыгездік, орыстандыру емес, «Заманың қалай болса бөркіңді солай ки» демекші. Солтүстік қазақ елі ілгеріде орыстанатынын сол халықтың тілін жақсы білсең алдағы өмірде айтысқанмен айтысып, жұлысқандармен жұлқысатын тіл керектігін әкесі ертерек болжай білді. Мектепті ойдағыдай бітірген бозбаланың бойында армандар да көп. Жоғары білім ошағы менмұндалап шақырып тұрғандай. Өмір, жігіттің ойлағанындай емес екен, біраз есік ашылып жабылды, жолы болмады. Талай рет сағы сынды беті қайтты. Жас жігіттің жүрегі жараланды, түңілді, ешкімге айтпай іштей қиналды.
–Жоқ, жоқ екі қолым балғадай, жауырыным қақпақтай, батыр тұлғалы Шөкен атама тартқан бойым бар, неге түңілуім керек?
Іштей қайраттанған намысшыл Нұрпейіс түңілудің шапанын аяғымен теуіп, жанашыр азаматтардың қолдауымен Харьков қаласындағы өрт сөндіру училищесіне жолдама алып тұрған жерінен өзінің орнына басқалардың өтіп кетуі жанына батты. Бұл әділетсіздіктің алғашқы сатысы еді. Ауылдық, қалалық жерде қарапайым милиция жұмысын атқарды. Солтүстік аймақта тыңның көтерілу кезі. Әр жақтан келген сойқандар, жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылық көрсетіп қылмыс көбейген тұс. Бетпе-бет зұлымдықпен айқасқан Нұрпейіс көзге түсе бастады. Заң орнында біраз тәжірибе жинақтады. Жоғары милиция мектебін бітірді. Нұрпейістің қабілетті азаматтығын байқаған, облыстық өрт сөндіру орталығының басшылары, Шучье өрт сөндіру, өртке қарсы жасақтау бөліміне басшы болуға ұйғарым жасады. Рузаев, Зеренді, Володар аудандарында да жұмыс әрі қарай жалғасты. Ауыр жұмыс, тәжірибе мен іскерлік керек. Екі-үш күннің бірінде өрт, кей жерде су тапшылығынан уақытында хабарлама жіберілмегендігінен, өрттен талай шығындар, кем-кетіктер де аз емес. Жиналыстан жиналыс, сенім артқан басшылар тарапынан сын айтқандар көбейді. Жұмысқа салғырт қарамайтын азаматқа тағылған кінә жөнсіздігін, дәлелдеген әріптестерінің арқасында талай басшылардың сөгісінен аман қалды.
«Сақтансаң сақтаймын» демекші, тілсіз жау, өртпен күресудің амалын ойлаған Нұрпейіс, үлкендер мен жасөспірім балалар арасында үгіт-насихат жүргізді. Жанып жатқан от құшағында оранған мал-жандардың жан түршігерлік оқиғаға түсірілген шағын фильмдерді назарларына аудартуда, біршама нәтижеге жеткендей болды. Соның өзінде алдынан шыққан тырнақ астынан кір іздейтін кей басшылардың әділетсіз, жөнсіз, жұмысқа кедергі келтіргендермен айқасып жон жотасынан қамшымен тіліп алғандай сөз саптауы, кеңседен теріне сыймай бұлқына шыққандарды Нұрекеңнің орысша тіл сындырып, жетік білуі де себін тигізді. Қауіпті, қатерлі өрт сөндірудің машақатына әбден ысылып, төселген Нұрпейіс Ақпарұлының табыстары да аз болмады. Адам жанының азаптанбауына ден қойған, өрт сөндірудің қыр-сырына қанық, өрт шыққан жерге шыбын жанын шүберекке түйіп өз басшылығымен жасаған игі істері, ел аузында мақтанышпен айтылып жатты. Ісіне тынымсыз, тәжірибесі мол іскер Нұрекеңді Жетісудың Талдықорғанына, Солтүстіктің Қостанай, Торғай, Арқалық облыстарында ішкі істер басқармасының бастығына ұсынды. Көп жылдар бойы тілсіз жау өртпен күресті. Білгір маман ұзақ жылдар бойы осы өлкелерде еңбек етті.
Аяғынан шалған кейбір басшылықтардың әділетсіздігінен полковник шеніне ұсынылған Нұрпейіс Ақпарұлы, бұл шенді кешеуілдетіп алғаны рас. Өмір мен өлім үстінде тілсіз жаумен айқасып ауыр еңбектің бағасын білген ұлты басқа қатарластары Синельников, Шабанов, Миронов, көп жылдар қызметтес өз саласының білгір мамандары Сәбит Баталов, Әбділда Байжұманов тағы басқаларының әділдікпен жүгінудің нәтижесінде полковник шені 49 жасында Мәскеуде бекітіліп берілді.
Өмірде жақсылармен ғана жанасып, достасқан, ағ-іні тұтқан, Мақтай Сағадиев, Еркеш Ибрагим, Мәлік Ғабдуллин, Кәрім Ильясов, Шынболат Ахметжанов, Қайрат Байбосынов, Сәкен Жүнісов – Көкшенің сұлу табиғат саясында талай рет кездесіп, қазақтың домбырасымен ән шырқап, әңгіме-дүкен құрушы еді. Нұрекеңнің де өнерге құштарлығы артты. Көрген-білген естеліктері қағаз бетіне жазылып, қалам ұшына ілікті. Нұрекеңнің бала кезден көрген қиыншылығы, жоқшылықтан тарығып, сұм соғыстың зардабын қатарлас құрбыларының басындағы ауыртпалықпен тең кешкені бұрын айтылды.
Адамдық қасиет: ар-ожданның тазалығы, бей-берекет өтірік сөз, сырттан өсек айтып жағымпаз жәдігөйлік, көреалмаушылық, қызғаныш, осылардың бәрінен ада Нұрпейіс Ақпарұлының бойына ана сүтімен дарыған қасиет еді. Оның өзінде бар адалдыққа жақын, шыншыл, ел үшін ақ сөйлейтін, турашыл, жазушы Сәкен сері Жүнісовпен көп жылдар бойы достасып, тіл табысты. Екі азаматтың көздегені, пікірлері бір жерден шықты. Ұсақ-түйек әңгіме емес, ел қамы. Көкшенің топырағынан жаратылған екі сырбаздың әңгімелерінің көбі өрімдей өсіп келе жатқан қазақ жастарының бейқамдығына алаңдау. Ұтарынан ұтылары болмай, тырнақтап жинаған атадан қалған мұра шашылып төгілмей, ұрпақтарының кәде-игілігіне жараса дейді. Ел қорғаған батыр аталарымыздың сүйегі жатқан мекендер, ұлты қазақтың өз атауымен аталса, басқа ұлт меншіктенбей, ата-бабалардың атаулары жоғалмауын, ұлттық салт-дәстүрдің жоғалмауын көздеді. Өмірдің әр саласынан қабілеті бар Нұрекең мен Сәкен әңгіменің бетін әнге бұрды. Ақан серінің «Қараторғай», Біржанның «Теміртасы» Жетісудың Талдықорғанында Көкше серілерінің дауыстары тау-тауды аралап кеткен-ді.
Нұрекең жар таңдауда да қателескен жоқ. Ата-баба салтымен құдаласып екі жақтың батасымен қосылған Шолпаны, ата-анаға сыйлы, ақ жарқын, ана тәрбиесін, ана ақ сүтін емген жан. Ер азаматын қас-қабағынан танитын Шолпан, қиыншылығына демеу, қуанышын бірге бөліскен адал жар. Шаңырақтың берекесін, ақ түтінін түтетіп отырған Нұрекеңмен отасқан алпыс жылдар ішінде өмірге Рәзия, Райхан, Мұрат, Мараттай асыл ұрпағын әкелді. Ата-ананың тәрбиесімен, бесік жырымен тәрбиеленіп өскен балалары әке жолын қуған заңгерлер. Елінің тыныштығын бұзғандарға аяушылық жоқ. Олардың жолын кесетіндер де, заңмен құрықтайтын да Нұрекеңнің әділдіктен аспайтын балалары.
Нұрекеңнің достары ішінде жақын іш тартар жерлесі, бірге қызметтес болған Шынболат Ахметжанов заң саласында көп жылдар бойы еңбегі сіңген азамат. Елінің тыныштығын қорғауда, талай бұзақылармен жекпе-жек келіп, бетін қайтарған Шәкеңнің үйінде Бәну жеңгейдің шын ықыласымен жайылған дастарханнан талай дәм татқан едік. Шынболат пен Нұрпейістің дастархан басындағы әзілдері, қуақы әңгімелері жарасқан жандардың, асыл ағалардың орны бүгінде ойсырап тұр. Екеуі де бақытты әке еді. Соңында атамды сағындым дейтін немере, шөберелері бар бақытты ата.
Ақпар әкенің сүйікті перзенті, Жылымды топырағының түлегі, Нұрпейіс Ақпарұлы төтенше келген ажал құрсауынан елін қорғай алды ма, алдына қойған мақсатына жетті ме? Бұл сауалды әділдікпен бағалайтын, Нұрекеңнің Отан алдындағы борышын мүлтіксіз қайталайтын, жалғастырар ұрпағаның еншісіне қалдыралық.
Құрметті Нұрпейіс қажы Ақпарұлы, сіз марапат үшін емес, адам тағдырына қанатымен су сепкендей қарлығаштың күйін кештіңіз. Талайлардың батасын алдыңыз. Алдыңыздан Алланың рақымы, Пайғамбардың шапағаты мол нұрға бөлене беріңіз.
Роза ЖҮНІС,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 260 Total Views,  4 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар