Елтай ауылындағы Наурыз тойы

Шығыс халықтарының жыл басы саналатын Наурыз мейрамын Зеренді ауданы Елтай ауылының тұрғындары биыл зор салтанатпен атап өтті. Бұл күні мерекелік концертпен бірге ауыл тұрғындары ұлттық ат спорты ойындарын да тамашалап, бір серпіліп қалды.

Сейфуллин ауылдық округіне қарасты Елтай ауылында өткен Наурыз тойына ауыл тұрғындарымен бірге басқа өңірлерден, тіпті Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Талап ауылынан да қонақтар келді. Жергілікті «Керім-ай» бишілер тобының «шашу» биімен басталған мереке ақ жаулықты әжелердің жиналғандарға шашқан шашуымен жалғасты. Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бекмағамбетов жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жүрекжарды ақ тілектерін айтты. «Қазақ ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин бауырымызға үлкен алғысымызды айтамыз. Өткен жылы Елтай ауылынан қазақ күресі секциясын ашуға жәрдем берген еді. Биыл ұлттық ат спортын ашып, тағы бір көмегін көрсетті. Бүгінгі тойда Елтай ауылының намысын қорғап шығып отырған жастарымызға табыс тілеймін» – деді ауыл әкімі.
Елтай ауылының тумасы облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Нартай Ысқақов та жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, жүрекжарды тілектерін айтты. Осындай дүбірлі тойды өткізуге қол ұшын беріп, қаржылай көмек көрсеткен демеушілер жайлы айтпай кетуге болмас. Олардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаты
Нартай Ысқақовтан бастап, «Қараөзек Есіл Агро» серіктестігі, «Гүлтана» шаруа қожалығы, «Зеренді-Астық» серіктестігі және Қияқбай Асанбаев, Өтеген Кәрімов, Абай Жүсібәлин сияқты жеке азаматтар бар.
Есімі Көкше жұртына танымал ақын Құдайберлі Мырзабек кеңес үкіметінің келуімен ұмытылып қалған Наурыз мейрамының тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеп, жаңғырып жатқанын айтып, Ұлыстың ұлы күні бір күндік мереке емес, ертеректегі қазақтардың бір ай бойы тойлағанындай ай бойы тойланатын жалпыұлттық мейрамға айналса деген тілегін білдірді.
Ауыл ақсақалдары Төлеген Мүшаев пен Олжабай Уәлиев жиналған жұртшылыққа арнап ақ батасын берді. Осыдан кейін Нау-
рыз тойы басталып, жергілікті өнерпаздардың концертімен және ұлттық ойындармен жалғасты. Ақын, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Мерген Тоқсанбай өткізілгелі отырған ұлттық ат спорты ойындары жарысы, оның тәртібі мен ережелері туралы баяндап берді. Ол жарыстардың ішінде көкпар, аударыспақ, жамбы ату және жабағы бәйге бар.
Алдымен алаңға аударыспаққа түсетін жігіттер шықты. Аударыспаққа әр ауылдан келген мықтылар қатысуға ниет етіпті. Сөйтіп, жарыс алаңына 11 пар, яғни, 22 жігіт шықты. Күннің салқындығы да, жерде сіресіп жатқан ақ қар да аударыспаққа түсіп, қайтсем де жеңемін деп жұлқынған жігіттерге бөгесін болмаған секілді. Тартысты өткен жарыста Краснояр ауылынан келген Жасұлан Тақыбаев қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, бас жүлдені жеңіп алды. Екінші және үшінші орын елтайлық Наурызбай Мүсәлам мен Мереке Әміринге бұйырды.
Жамбы атудан жасөспірімдер арасында тағы бір красноярлық Руслан Біләловтің бағы жанды. Екінші орынды елтайлық Еркебұлан Қартбай иеленсе, үшінші жүлделі орынды Бірлестік ауылынан келген Өмірсерік Қуантай жеңіп алды.
Ұлттық ат спорты ойындары десе, көз алдымызға көкпар мен бәйге келетіні белгілі. Бұл тойда да ұлттық спорттың бұл түрлері назардан тыс қалмады. Алдымен екі шақырымдық жабағы жарысы өтті. Облысымыздың әр өңірінен келген шабандоздар қатысқан бәйгеде Қараөзек ауылының мәртебесі биік болып, мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын елтайлықтарда қалса, үшінші орынды Жаңатілек ауылының шабандоз баласы иеленді.
Тойдың ең қызықты бөлігі – көкпар ойыны болды. Оған төрт команда қатысып, сайысқа түсті. Ауа райы салқындау болса да көкпарды тамашалауға жиналғандар қарасы көп болды. Жігіттің күштілігін ғана емес, ептілігін де көрсететін сайыста Краснояр ауылының көкпаршылары бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын елтайлықтардың еншісінде қалса, жүлделі үшінші орынды Молодежный ауылының көкпаршылары иеленді.
Ұлттық спорт ойындарында жеңіске жеткендердің бәрі арнайы дайындалған кубоктармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Той соңы жиналған жұртшылықтың Наурыз көже ішіп, мерекеге арнап жайылған дастарханнан дәм татуымен аяқталды.

Қалкөз Жүсіп.

Зеренді ауданы.

Суреттерді түсірген
Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар