«Абай әлеміне саяхат» клубы ашылды

Наурыз мейрамы қарсаңында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында балаларға арналған «Абай әлеміне саяхат» клубының ашылу рәсіміне арналған салтанатты шара өтті.

Бұл игі істі білім ордасының Айгерім Тәженова жетекшілік ететін балалар әдебиеті секторының қызметкерлері ойластырып, жүзеге асырды. Клубтың ашылу салтанатына облыс орталығындағы мектептерден көптеген оқушылар келіп қатысты. Шара барысында халқымыздың жан жадыратар Жыл басы, көктем мерекесі – әз Наурыздың да келіп қалғандығы айқын сезіліп тұрды. Өз білім ордасының оқушыларын осы салтанатқа бастап келген Сәкен Жүнісов атындағы №18 қазақ орта мектебі-лицейінің жоғары санатты ұстазы Әлия Мұқажанованың іс-шараға өзіне жарасқан ұлттық киіммен келіп қатысуы ерекше сүйсіндірді.
–Бүгінгі жиынға 22 бала әкелдім. Директорымыз Баян Бақытқызы Сәрсенбаеваның жетекшілігімен мектебіміздің ұстаздары осы нау-
рыз айы басталғалы бір ай бойы білім ордасында ұлттық киім киіп жүретін болдық,–деді бізбен әңгімесінде ұлағатты ұстаз.
Өзіне құйып қойғандай оюлы қамзол бойына әбден жарасып тұр. Қаланың, облысымыздың басқа мектептері де алдағы уақытта осындай өнегелі істерден үлгі алып, ұлттық құндылықтарымызды құрметтей білсе, нұр үстіне нұр.
Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған кітапхана директоры Талғат Ыбыраев алдымен жас жеткіншектерге арнап «Абай әлеміне саяхат» клубын ашудағы өз мақсаттарына тоқталып, осы клубқа мүшелікке өткелі отырған оқушыларды өмірлеріндегі айтулы оқиғамен құттықтады. Сонымен бірге, ұлы Абайдың өлмес мұрасынан сөз қозғап, жиналғандарды Абай әлеміне, оның шығармаларына осы бастан терең дендеп бойлауға шақырды. Алдағы уақытта клуб мүшелерінің санын көбейтіп, жас ұрпақты ұлы ақынның өнегелі өмір жолымен таныстыру, өлеңдері мен қара сөздерін және әндерін білгізіп, еліміздің көкірегі ояу, саналы азаматтары етіп тәрбиелеудің іргелі міндеті туралы да айтылды.
Қазақтың ұлттық киімдерін киген сектор меңгерушісі Айгерім Тәженова мен кітапханашы Айдана Сейітова әсерлі жүргізіп отырған «Абай әлеміне саяхат» клубының тұсаукесері бұдан әрі жас жеткіншектерді осы клубқа мүше етіп қабылдау рәсіміне ұласты. Клубтың алғашқы мүшелеріне осыны айғақтайтын төсбелгілерді Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, балалар ақыны Қайырбай Төреғожа тапсырды.
Шара соңында клуб мүшелері шағын концерттік бағдарлама ұсынып, Ілияс Байжол мен Арай Серғалиева мәнерлеп жатқа айтып берген Абайдың көпшілікке белгілі «Жаз» және «Күз» өлеңдері, сондай-ақ, Надина Құрмантаева орындаған «Көзімнің қарасы» әні жиналғандарды бір серпілтіп тастады.
Сөз соңында ұлы Абай мұрасы бұл күнде әлемдік руханияттың ажырамас бір бөлігі екендігін айта келіп, жас ұрпақты данышпан ақынның шығармаларымен сусындатқысы келген кітапхана ұжымының осынау игі бастамасы баянды болсын дейміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар