Лидия Петровна Викторова! Бұл еңбек ардагерінің есімі облыс фтизиатрларының арасында зор құрметпен аталады. Өйткені, осыған лайықты еңбегі, өмірлік тағылымы бар. Жастайынан дәрігерлікті қалаған мейірімді жан Қарағанды облысының Новая Тихоновка кентінде дүниеге келді. Әкесі шахтада кенші болса, анасы төрт баланың тәрбиесімен айналысты. Ол кездегі жағдай белгілі. Тұрмыстары ауыр еді. Орта мектепті бітіргеннен кейін әкесі қызының Саран педагогикалық училищесінде оқығанын жөн көрді. Өзің жаныңдай жақсы көретін әке сөзінен аттап қайда барасың. Сөйтіп, осы оқу орнын бітіріп, 1955 жылы тәрбиеші болып бала бақшаның табалдырығын аттады. Сонда еңбек еткеніне тоғызыншы жылға аяқ басқан еді. Бірақ, ойда жоқта өкпе туберкулезіне шалдығып, он ай бойы тубдиспансерде жатуына тура келді. Қайтадан бала бақшасына барғысы келіп еді, мұндай аурумен жолы болмады. «Маған енді басқа жұмыс іздеу керек». Ойы осы. Ондай жұмыс та табылды. Кен байыту фабрикасы. Кешкі мектебі бар болып шықты. Тубдиспансердегі он айда өзін білік-білімі, мейірім-шапағатымен өмірге қайта оралтқандай болған дәрігерлердің қажырлы еңбегінен үлкен ой түйген Лидияның арманы енді солардай адам жанының арашашысы болумен ұштасты.
Сөйтіп, жігерлі қыз фабрикада білімін одан әрі тереңдетті де, Қарағанды медициналық институтынан бір-ақ шықты. Күндізгі бөлімінде оқи жүріп, ешкімге сабытын салмай, балалар емханасында жұмыс істегенін де қайда қоярсыз. Ал, төртінші курста кезекші дәрігерге дейін көтеріліп, медицина ғылымдарының кандидаты А.Вильдерманның жетекшілігімен фтизиатр дипломына ие болды.
Медициналық институттан кейін тағдырдың жазуы бойынша іргедегі Көкшетау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері күтіп тұр екен. Алғашында учаскелік дәрігер, кейін ординатор, ал, жеті жылдың аясында диспансерлік бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарды да, 1978 жылдан бастап он жыл бойы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымында жаңа биіктерден көрінді.
Осы жылдар ішінде өзін дәрігерлік ауыр кәсіптің қыр-сырын жете меңгерген білікті маман ретінде танытқаны, сонысын одан әрі басшылық қадір-қасиеті де жан-жақты толықтыра түскені осындағы байырғы қызметкерлердің бәріне жақсы мәлім. Осы уақыт аралығында өз білімін жетілдіруден бір танбаған Лидия Петровна небір мәртебелі конференциялар мен курс-тарда тәжірибесін ұштап, талай дәрігерлік машықтың қыр-сырына қанықты. Сөйтіп, басшылық тізгінін уақыт келіп, заман өзгеріп, басқаларға бергеннің өзінде бес мәрте бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланды. Облыстық және қалалық ауруханаларда науқастарды қарап, диагнозын дәл қоюдан да жаңылыспай көптің құрметіне бөленді. Соның бір айғағы ретінде салалық министрліктің де, облыстық басшылықтың да небір айтулы марапаттарына ие болып, жоғары санаттағы фтизиатр атанды.
Танымал ардагердің бүгін де қатардан қалмай келе жатқаны қандай жақсы. Сол туған ұжымында ардагерлердің бастауыш ұйымын үздіксіз басқара отырып, үш мәрте Көкшетау қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталуының өзі осы диспансердегі алар орнын айқын аңғарта түскендей. Бір кезде осы дәрігерлер ұжымын шеберлікпен басқарған Қоңыратбек Құрманбаев туралы естеліктер кітабының шығарылуына да қосқан үлесі мол. Республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдығына арналған облыстық байқау-конкурста Лидия Петровна жетекшілік еткен ардагерлер кеңесінің екінші орын алуы өз алдына бір мерей.
Еңбек ардагері жұбайы Владимир Петровичпен төрт бала тәрбиелеп өсіріп, олардың бәріне жоғары білім бере білді. Бір қызы тарих ғылымдарының кандидаты. Викторовтардың үлкен шаңырағында сегіз немере, екі шөбере ата-әжелерінің өнегелі өмір жолымен өз соқпақтарына сүрлеулерін тартуда. Осыдан кейін әманда жүзіңіз жарқын, өмір жасыңыз ұзақ болсын, қадірлі Лидия Петровна, дейміз біз де сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагеріне үлкен құрметпен.
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ұжымы мен аудан, қала фтизиатрлары да осы ақ тілекке шын жүректен қосылады.
Қ.КӘКЕНОВ.