Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ізгі ойларды жүзеге асыру мақсатында «Көкшетау минералды сулары» АҚ кәсіпорнында латын графикасындағы материалдардың, кітаптардың және құжаттардың «Exhibition for workers» тақырыбындағы көрмесі ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат – «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасы Жарлығын жұртшылық арасында насихаттау, латын әліпбиі әлемдік өркениетпен жақындастыра түсетін құрал екендігін кәсіпорын қызметкерлеріне ұғынықты етіп түсіндіру болатын.
Шараны ашып, жүргізген облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Алпыс Бекенов жаңа үлгінің ағылшын тілі грамматикасына негізделіп жасалғанына қысқаша тоқталды.
Одан кейін облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, облыстық мемлекеттік архив директоры Темірбек Батырханов, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Савенкова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар үшін облыстық мемлекеттік архиві «Қазақ латын әліпбиі тарихының архив құжаттары» және облыстық кітапхана «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбындағы көрмелерін ұйымдастырып, облыстық мемлекеттік архивінің ақпараттық ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Қоқышева мен Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері Г.Мұхамедқалиева мен Н.Рамазанова көрмеге қойылған материалдармен таныстырып шықты. Облыстық кітапхана көрмесінде латын графикасы жөнінде жарлықтың жарияланымдары, мерзімді басылымдар беттерінде шыққан мақалалар мен зия-
лы қауым өкілдерінің ой-пікірлері жинақталған. Сонымен қатар, слайд бағдарламасында қазақ әліпбиінің жазылу тарихы, кириллицадан латын графикасына көшу жөніндегі жарлық, латын әліпбиінің өткен жылғы нұсқаларымен қоса соңғы жаңа әліпби нұсқасы мен аталмыш тақырып аясында кітапхана қызметкерлері өткізген суреттері қоса берілді.
Ал, Ақмола облысының мемлекеттік архиві 1929-1940 жылдар аралығындағы қазақ жазуының латын графикасында кеңінен қолданылғанын растайтын мұрағаттық құжаттарды көрмеге қойған. Онда мерзімді баспа басылымдарынан «Ленин туы», «Сталинский путь», «Жаңа арқа» газеттері мен ресми құжаттардан қаулылар, өкімхаттар, бұрыштамалар, статистикалық есептер, хаттамалар, азаматтардың жеке құжаттары, туу туралы жазба актілері, сауалнамалары, өмірбаяндары және тағы басқалар бар. Көрме өз кезегінде 90-ға жуық жәдігерді жинақтаған. Жалпы, көрмедегі мұрағаттық құжаттар 1929-1940 жылдар аралығында қолданылған қазақ жазуының латын графикасына ауысуының тарихи тәжірибесін көруге мүмкіндік беріп отыр.
Одан әрі «Көкшетау минералды сулары» АҚ ұжымының қызметкерлеріне интерактивті тақтада латын әліпбиінің жазылу емлесін өздеріне жаздыру арқылы таныстырылды.
Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасы, облыстық архив және құжаттамалар басқармасы мен облыстық мәдениет басқармасы бірлесе отырып жүргізілген іс-шара осылайша өз мәресіне жетті. Көрмені екі күн бойы кәсіпорынның 300-ден астам қызметкерлері тамашалады.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.