Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Латын графикасына көшу – оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту құралы» атты тақырыпта практикалық семинар болып өтті.
Аqmola оblystyq bіlіm basqarmasynyń uıymdastyrýymen J.Mýsın atyndaǵy Kókshetaý joǵary qazaq pedagogıkalyq kolledjіnde «Latyn grafıkasyna kóshý – oqýshylardyń fýnktsıonaldyq saýattylyqtaryn damytý quraly» atty taqyrypta praktıkalyq semınar bolyp óttі.
Жиынды осы колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат ашып, жүргізіп отырды. Семинарда латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде бірқатар баяндамалар тыңдалып, ұсыныстар айтылды. «Латын әліпбиі – мемлекеттік тілді жетілдірудің, оны әлемдік кеңістікке енгізудің кепілі» атты тақырыпта баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бердібай Шалабай латын әліпбиіне көшудің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-мәдени маңызы зор екенін, латын әліпбиіне көшу мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына енуі үшін жасалып отырған нақты қадам екенін атап өтті. Бүгінде латын графикасына негізделген әліпбиді әлем елдерінің 80 пайызға жуығы пайдаланатын көрінеді. Демек, ол халықаралық қатынас әліпбиі саналады.
– Әліпби реформасы – жалпыұлттық мемлекеттік реформа. Оның басты мақсаты – мемлекеттік тілді жеке дара Қазақстан Республикасының ұлттық рәмізіне айналдыру. Қай ұлттың болмасын рухының биіктігі тілінде көрініс табады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған рухани жаңғыруымыз үшін тілімізге де түбегейлі реформа жасау қажет, – дей келе баяндамашы латын графикасының қазақ тілінің төл табиғатына, оның дыбыстық ерекшелігіне сай келетіндігін, ал, кирилл әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық әуенінің бұзылуына апарып соқтырғанын айтты. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы латын әліпбиінің нақты емле-ережелері бекітілетіні, ал, келер жылдан бастап оны нөлдік, одан кейін бірінші сыныптарда оқыту басталатыны айтылды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Лайс Қапезұлы «Қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеудің кейбір ерекшеліктері» атты баяндамасында латын әліпбиінің бүгінгі күнге дейін ұсынылған үш нұсқасына терең тоқталып өтті. Біріншісінде 25 таңба, 8 диграф беріліп, бұл сингармонизм заңына қайшы келгендіктен қолдау таппағанын айтты. Екіншісінде 32 таңбаның тоғызы апострофпен берілгендіктен, бұл да қосымша таңбалардың көптігінен жазуда қолайсыздық туғызды. Ал, қазіргі беріліп отырған үшінші нұсқадағы әріптер алты апострофпен және екі диграфпен белгіленіп, 32 таңба сақталып тұр. Алайда, бұл нұсқа да әлі жетілдіре түсуді қажет етеді деп есептейді филолог ғалымдар. Осы орайда, аталған университеттің аға оқытушысы Лайс Қапезұлы қазақ әліпбиін жасау үшін алдымен дыбыстық жүйемізді белгілеп алуымыз керектігін айтып, үшінші нұсқада берілген «Ii» (і) әрпі мен «Iı» (и)-дің таңбалануы ауыстырылса деген ұсыныс айтты. Себебі, «Ii» ағылшын тіліндегідей «и», ал қазақ әліпбиіне тән өзіміздің төл дыбысымыз «і» «Iı» деп таңбаланса, баршаға түсінікті, әрі жеңіл болар еді деп есептейді тіл маманы. Ұ, ү, у әріптерін латынша таңбалауда да әлі ойланатын жайттар бар.
Осы сынды көптеген ұсыныстар айтылған семинарда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Бақытгүл Шағырбаева, облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Айнагүл Бейсембина өз ойларын ортаға салып, әрі қарай семинар жұмысы секциялық отырысқа ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.