Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа үлгідегі қазақ әліпбиі – болашағымыз - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа үлгідегі қазақ әліпбиі – болашағымыз

Тілдің коммуникативтік қызметін жүзеге асырудың замандар бойы қалыптасқан ауызекі тілдесу және жазу арқылы тілдесу деп аталатын екі түрлі әдісі бар. Қазіргі замандағы телефон, телефакс, радио сияқты тілдесу құралдарын ескермегенде, ауызекі тіл тек бір-бірімен жүзбе-жүз кездескен адамдар арасында ғана коммуникативтік қызмет атқара алады.

Жазу – дыбыстық сөйлеуге қосымша графикалық белгілер жүйесінің көмегімен қарым-қатынас жасау құралы. Сонымен қатар, белгілі бір уақыт ішіндегі сөйлеу ақпаратын тіркеу, арақашықтыққа беру және бекіту үшін пайдаланылады. Жазу – грамматологияның, эпиграфиканың, пиктографияның зерттеу объектісі, сөздің сызба бейнесі. Ал, сөз белгілі бір мағынаны білдіреді. Бұл мағына ауызекі тілдесу барысында ғана ашылады. Басқаша айтқанда, ауызекі сөйлесу тілі айтушы мен тыңдаушы жүзбе-жүз кездескенде ғана тілдесім не қарым-қатынас құралы бола алады. Араға уақыт түссе немесе тілдесушілер бір-бірінен алыста болса, сөйлеу әрекеті жүзеге аспайды. Демек, ауызекі сөйлеу тілінің мүмкіндігі тым шектеулі. Ол уақыт пен кеңістікке тікелей байланысты. Бұл екі шарттың бірі бұзылса, адамдар бір-бірімен тілдесе алмайды.
Бұл ретте жазба тілдің мүмкіндігі шексіз деуге болады. Біз осыдан қырық, елу жыл, тіпті жүздеген жыл бұрын жазылған мұраларды оқып, мағлұмат ала аламыз. Осыдан шамамен 1500 жыл бұрын жазылған Күлтегін, Білге қаған тәрізді басқа да ескерткіштерді оқи аламыз. Ғалымдар осыдан бес-алты мың жыл бұрын жазылған ежелгі Шумер, көне Мысыр заманынан қалған жазбаларды да зерттеп оқып, халық игілігіне айналдырғаны белгілі. Бұл жазудың кеңістік пен уақытқа тәуелсіз екендігін айғақтайды.
Араб жазуының күрделілігі, диакритикалық белгілердің молдығы басқа жазу жүйесіне көшу идеясын туғызды. Мұндай идея алғаш рет Иранда пайда болды. Иран ғалымы Малкомхан ХІХ ғасырда-ақ латын жазуына көшуді ұсынды. Әзірбайжан жазушысы Мирза Ахундов бұл ұсынысты қызу қолдады. Иранда мұндай істің жүзеге аспайтыны өзінен-өзі түсінікті еді. Ал, Әзірбайжанда латын жазуын енгізуде патша үкіметі халықтан қаймықты. Өйткені, бұл халықтың күшті наразылығын тудыратын өте шетін мәселе болатын.
1917 жылғы Қазан революциясынан кейін бұл мәселе қайта көтерілді. Бұған енді коммунистер белсене араласты. Сол кездегі беделді коммунист Ағамалыоғлы мәселені Орталық үкімет алдына қойды. Бұл идеяны В.И.Ленин қолдады: «Латындастыру – күншығыстағы революция», – деді ол.
Шындығында, латынға көшу – түркі халықтарын мың жылдық тарихынан қол үздіру, яғни, ұрпақты мәңгүрттендірудің алғашқы қадамы еді. Латынға көшсе, 10-15 жылдан кейін кириллицаға көшіру онша қиынға соқпайды. Бұл Ресейдің түпкі және ең басты саясаты болатын. Ресейде сонау 1861 жылы-ақ араб жазуының орнына кирилл әліппесін енгізу мәселесі көтерілген болатын.
В.И.Ленин қолдаған соң коммунистер шұғыл кірісті. 1924 жылы Бакуде Кеңестер Одағының түркі халықтарының Бүкілодақтық конференциясының күн тәртібінде де осы мәселе талқыланып, қызу пікірталас туғызды. Үкімет қолдағандықтан болар, әйтеуір мәселе латынның пайдасына шешілді. Әзірбайжандықтар сол жылы-ақ латын жазуын қабылдады. Қазақстанда латын жазуы 1929 жылдан бастап енгізілді. Бұл латын әліппесінде 32 әріп болды.
Араб, мұсылман дүниесімен бір болуды көздейтін араб таңбалы әліпбидің ұтымды, оң жақтары мол. Бірақ, біз қалай айтсақ та, тарихи мүмкіндікті, оңтайлы сәттерді дер кезінде жіберіп алдық. Енді оған оралу мүмкін емес. Біз қазіргі тарихи шындықты мойындауымыз қажет.
Кирилл таңбалы әліпбиімізге келетін болсақ, әрине, біздің көзіміз оған әбден үйреніп алған. Төл дыбыстарымыз ерекше таңбалармен белгіленген. Былай қарасаңыз, бұл жазулар тонның ішкі бауындай өзіміздікі сияқты. Мұның бәрі әрине көзіміздің үйреніп кеткендігінен. Кейбіреуіміз біз кирилл жазуынан айырылсақ, жаппай сауатсыздыққа ұшыраймыз деп ойлаймыз. Алайда, шындық олай емес. Әліпби ауыс-
тыру тек біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Ресейдің рухани-мәдени экспансиясынан, ықпалынан құтылуымыз үшін латын графикасына көшуіміз қажет. Бүкіл Еуропа жұрты, түркі халықтары пайдаланатын латын әліпбиіне тезірек көшкеніміз жөн. Және де кирилл таңбалы әліпбиіміздегі төл дыбыстарымызға байланысты кеткен фонетикалық олқылықтарды енді жаңа латын әліпбиінде қайталамауымыз қажет. Тағы бір түсінбестік бар. Біздің қоғам таңба, әріп ауыстыруды әліпби ауыстыру деп түсінетін сияқты. Бізде бір ғана әліпби бар. Ол – Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған, Ахаң түрлеген жаңа үлгідегі қазақ әліпбиі.
Біздің қолданғалы жатқан әліпбиіміз осы Ахаңның әліпбиі. Ауысса таңбалар ғана ауысып отыр. Араб, латын, орыс әріптеріне, графикасына негізделген әліпбиге көшкелі отырмыз. Осыны дұрыстап ұғынсақ екен деген тілегім бар. Сөз соңында айтпағым, ұлттық мүддеден туындайтын қоғамдық-әлеуметтік мәселені бекерге сөз бұйдаға сала бермей, оңтайлы шешім қабылдауымыз өте маңызды.

Бақытгүл ШАҒЫРБАЕВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар