Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалды. Сондай киелі мекендерді зерттеп, табуда ұлы ғалым, қазақтың тұңғыш ғылым академигі Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың еңбегі зор.
«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде «Достар» мәдениет сарайының жанындағы қалалық үлгілі кітапхана қызметкерлері мен «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қаныш Сәтпаев: өмірі мен өнегесі» атты дөңгелек үстел өтті. Қазақ халқының ұлы геолог-ғалымы Қаныш Сәтпаевтың еңбек жолын дәріптеп, есімін ұлықтау, ғалымның өмір жолы арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, оқушыларға кәсіби және ғылыми бағыт-бағдар беру шараның басты мақсаты.
Аталмыш шараға сәтпаевтанушы, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Асық ату» облыстық федерацияның президенті Мейрамбек Қиықов, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар» кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында қонақтарға Қ.И.Сәтпаевтың өмірі мен еңбек жолы баяндалатын бейнебаян ұсынылды. Сәтпаев мұрасын зерттеп, оны өз шәкірттеріне насихаттап жүрген ұстаз, Көкшетау қалалық №4 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Арман Анешов және аталмыш мектептің 6 «В» сынып оқушылары Елена Мазур, Данил Лопаник пен Вячеслав Коврыгин ғалымның тұлғасы мен еңбек жолын зерттеуге бағытталған ғылыми экспедициялары туралы баяндап, шара қонақтарын өздері жинақтаған ғылыми материалдарымен таныстырды.
Ірі тұлғаларымыздың есімін ардақтап, ұлттық рухымызды жандандыратын осындай шаралардың өзектілігін де айта кету артық етпес. Осы дөңгелек үстелде жас өрендер қазақтың тұңғыш ғылым академигі Қаныш Сәтпаевты үлгі тұта отырып, болашақта ұлы ғалымның жолын қуып, өз кәсіптерінің білікті маманы атанатынына сенімдіміз.
Айнагүл ОМАРОВА,
Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының қызметкері.