Өмірі өнеге

Әншейінде бажайлап назар аудара бермегенімізбен ақырын жүріп, анық басқан, бар ғұмырын адал еңбекке арнаған адамдардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпақтың өнегесіне жарайтындығы сөзсіз.

Біз әдетте ел назары ауған атақты адамдар жайында ауыз жаппай айтқанымызбен, қарапайым адамдардың қарекетін тілге тиек етуге сараңдық танытып жатамыз. Асылында олардың да еткен еңбектеріне орай жан жадыратар бір ауыз жылы сөз естуге әбден хақысы бар.
Алматы қаласындағы медицина училищесін бітіргеннен кейін Мапруза Көбентаева облыс орталығындағы облыстық ауруханада еңбек жолын бастады. Алғашқы жылдар тынымсыз тірлікті тындыру мен тәжірибе жинақтауға арналса, арада біраз уақыт өткен соң өз ісінің маңдайалды маманы болып қалыптасты. Жылдар өте келе кешегі жас маман өкшесін басып келе жатқан әріптестерінің тәлімді тәлімгеріне айналды. Негізінде бойын сырқат меңдеген адамдарды ғана емес, сол сырқатпен алысатын ақ халатты абзал жандардың жан дүниесіне де мейірім-шапағат керек-ақ.
–Кез-келген адамға жылы жүзіңмен қарасаң, хал-ахуалын сұрастырсаң сырқатын пышақпен сылып тастағандай жазылып кетпесе де, көңілі бір жадырап қалады,–дейді Мапруза Шахметқызы.
Шынында да адамға жетпейтіні мейірім ғой. Көңілің де осы бір жақсылыққа әбден сусап жүреді емес пе. Урология, нефрология бөлімдерінде табаны күректей қырық жылдан астам жұмыс істеді. Бұл арада екпін түсіріп айта кететін жай, төменгі буын медицина қызметкерлерінің еңбектерінің ауыр екендігі. Жалпы денсаулық сақтау саласында қызмет ететін адамдардың құрметке бөленетіндігі, әрдайым ел алғысын арқалап жүретіндігі шындық. Менің пайымдауымша ол ең алдымен осы мамандық иелерінің табаны жолдан таймайтын тарланбоздай бойларындағы бар білімі мен білігін аянбай жұмсап, адам жанына араша түсулерімен тығыз байланысты.
Мапруза Шахметқызы да осы қырық жыл еңбегінің қайтарымы ретінде талай мәрте ел алғысына ие болған абзал адам. Жетпіске толған шағында қолтығынан қос періште демейтін де құдірет күш сол өзінің шарапаты тиген адамдардың ақ тілегі.
Бүгінде Арман, Әлия, Ұлан тәрізді перзенттерінің ортасында немерелері Данияр мен Данияның тәрбиесімен айналысуда. Олар да аналары тәрізді жақсылық шарапаттарын жан-жағындағы адамдарға тигізіп, өсіп келеді. Кісіге көп дүниенің қажеті жоқ та шығар. Ең қымбаттысы, адамдардың шынайы ықыласы ғой.

Хайриза ҒАЗИЗОВА,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар