Бірлік – бәрінен де қымбат

Біз күні кеше Астанадан оралдық. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясына қатысып қайттық. Бұл үлкен жиынның Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізілуінің тарихи маңызы бар. Біз Елбасының Ассамблеяда сөйлеген сөзінен Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының маңыздылығын тағы да терең сезіне түстік. Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың достығын, татулығын, ынтымағын, ұйымшылдығын одан әрі нығайту барлық қазақстандықтардың міндеті деп білемін.

Бірлік бүгінгі таңда кейбір елдердің мақтанышына айналса, ал, кейбір мемлекеттер үшін қол жетпес арман болып отырғаны шындық. Қаншама бейкүнә жандардың өмірін қыршыннан қиған атыс-шабыстар, қақтығыстардың орын алуының басты себебі бірліктің болмауынан. Біз қазақстандықтар бейбітсүйгіш елде өмір сүріп жатқанымызды, адам құқығын бәрінен де биік қоятын Елбасымыздың барын мақтан етуіміз қажет. 1995 жылғы
1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы елімізде тұрып жатқан этностардың құқығы тең дәрежеде екенін, олардың даусы мемлекет саясатын жүргізуге қажет екенін көрсетіп тұр.
Міне, биыл құрылғанына 23 жыл толған бұл консультативтік-кеңесші органның ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауда атқарып жатқан жұмысы орасан зор. Бір ассамблеяға біріккен этномәдени бірлестіктер өз қызметтерін ұйымшылдықпен атқаруда. Мәселен, біздің облысымызда ресми тіркелген 53 этномәдени бірлестік бар. Олардың 15-і облыс орталығындағы Достық үйінде орналасқан. Жоғарыда айтып өткенімдей, олардың әрбіреуінің негізгі жұмысы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға, нығайтуға бағытталған. Осы жұмыстармен қатар, олар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге де барынша үлес қосуда. «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы «Шаңырақ» мектебінде оқытылатын поляк, неміс, армян, татар, чуваш, кәріс, орыс тілдерінен бөлек, қазақ тілін оқытуға ерекше басымдық берілген.
Үстіміздегі жылы Алғыс айту күніне орай облыс басшысы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының гранттары тағайындалған болатын. 200 мың теңге көлеміндегі бұл арнайы гранттарға 15 этномәдени бірлестік ие болды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы медиация институтын дамыту жұмыстарына да ден қоюда. Бүгінгі таңда облысымызда 248 қоғамдық келісім кеңесі бар. Біреуі облыстық деңгейде болса, екеуі қалалық, 17-сі
аудандық және 228 қоғамдық келісім кеңесі ауылдық деңгейде құрылған. Аталған кеңес қызметінің басым бағыттарының бірі – медиация кабинеттерімен өзара ынтымақтастық орнату болып табылады. «Қоғамдық келісім» мекемесінде медиация кабинеті жұмыс істейді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында қоғамдық келісім кеңестері мен медиация кабинеттерінің араласуымен 32 медиаторлық келісім жасалды. Осы орайда, дауды сотқа дейінгі шешудің осы тәсілінің тиімді екенін атап өткім келеді. Әсіресе, оның тұрмыстық дауларды шешудегі көмегі зор. Сол себепті, біз медиация институтын насихаттау мақсатында облыс аудандарында дөңгелек үстел отырыстарын, ашық есік күндерін өткіздік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Отбасылық құндылықтарды насихаттауда, қайырымдылық акциясын өткізу арқылы қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларына көмек қолын созуда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің де атқарып отырған рөлі орасан зор. Қазіргі таңда облыс аумағында 88 Аналар кеңесі жұмыс істейді. 2014 жылдан бері кеңес «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы аясында көптеген іс-шаралар өткізді.
Қазіргі таңда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен рухани жаңғыруға байланысты бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Солардың бірі «Атамекен» бағдарламасы болып табылады. Облысымызда бұл жобаны іске асыру тікелей Қазақстан халқы
Ақмола ассамблеясына жүктелген болатын.
«Туған жер» жобасы аясындағы «Атамекен» ішкі бағдарламасының мақсаты қоғам мүшелерін жұмылдыра отырып, жергілікті жерлерде әлеуметтік мәселелерді шешу болып табылады. «Сондықтан да, мемлекет пен бизнес секторы экономикалық мәселелермен қатар, әлеуметтік мәселелерді де шешуде толыққанды әріптестікте болуы тиіс» деп Елбасымыз атап өткендей, осы ынтымақтастықты дамытуда ассамблеяның атқаратын рөлі орасан зор.
Ендігі кезекте «Атамекен» бағдарламасына кеңінен тоқталып өтсек, бұл жоба «Жомарт жүрек» және «Әлеуметтік бастамалар картасы» секілді екі негізгі бағытты қамтиды. Соның біріншісі бизнес құрылымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, еріктілерді ауылдарды көркейтуге атсалысуға шақыру, өз елді мекендерін дамытуға үлес қосып жүрген жомарт азаматтардың есімдерін халыққа паш ету болып табылады. Аталған бағыт бойынша облыста мәліметтер жиынтығы құрылып, оған 900-ден астам меценаттар мен қайырымды жандардың есімдері енгізілді. 2017 жылы облысымызда жоба аясында 1036 қайырымдылық шарасы өткізіліп, 2,6 мыңнан астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасына материалдық көмек көрсетілді. Ал, 2018 жылдың бірінші тоқсанында 309 қайырымдылық шарасы өтті.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанында облысымыздың үздік жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдарынан құралған ғылыми-сараптамалық топ жұмыс істейді. Жуырда Көкшетаудағы ЖОО-ның студенттері арасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Мен – қазақстандықпын!» бейнебаян байқауының қорытындылары шығарылды.
Осы тамаша мереке қарсаңында барша жерлестеріме отбасылық бақыт, денсаулық, ал, елімізге гүлдену мен өркендеу тілеймін. Елбасымыз атап өткендей, осындай мерекелердің, ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.Ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз арта берсін дегім келеді.

Ринат ГАЛЛЯМОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар