Планетамыздың 1,6 миллиард тұрғынының табысын қамтамасыз ете отырып, ормандар дүниежүзілік экономикада аса маңызды орын алады. Халқымыз «Қалың елім қазағым, қара орманым» демекші, ол экономикалық тиімділікті ғана емес, маңызды әлеуметтік және мәдени қормен де қамтамасыз етеді. Өсімдіктер мен жануарлардың ¾ бөлігінің тіршілік ортасы саналатын орман әлемі халықтың елеулі бөлігінің жұмыс көзі және ырыс-берекесі. Сондықтан, республика аумағының небары 4,5 пайызын құрап отырған қымбат қазынамызды қорғау, оның шеңберін мейлінше кеңейту өткір мәселе күйінде толғандырады. Бұл орайда, Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жүктелген міндет те салмақты. Біз кәсіби мереке қарсаңында ғылыми орданың басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Болат Мұқановты сұхбатқа шақырып, мекеме қызметінің негізгі бағыттары жайында әңгімелеп беруін өтінген едік.
■ – Болат Мәжитұлы, институттың 1957 жылы Алматыда қызмет бастағанын білеміз. Араға екі жыл салып, ол Бурабайға көшірілді. Сондағы мақсат не және мекеменің тарихынан хабардар етсеңіз?
– Бурабайға қоныс аударудың үлкен маңызы бар. Яғни, институт өзінің негізгі зерттеу нысандарына жақындай түсті. 1959-1964 жылдар аралығында Қазақстанның әрқилы табиғи аймақтарында алты тәжірибелік стансалар құрылып, ғылыми жұмыстардың ауқымы кеңейді. Осы кезеңде, қызмет тиімділігін арттыру мақсатында, бірнеше құрылымдық өзгерістер іске асырылды. Респуб-
лика Үкіметінің қаулысымен 1989-1992 жылдары «Орман» ғылыми-өндірістік бірлестігі, 2002 жылдың желтоқсанында ҚР АШМ құрамындағы ғылыми-өндірістік орталық атандық. Ал, 2007 жылы «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамына ендік. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағын қамтитын үш ірілендірілген филиалымыз бар. Бас кәсіпорын бес секторға бөлінетін 3 ғылыми бөлімді, экологиялық мониторинг зертханасын біріктіріп, дендробақ пен арборетумның қызметін үйлестіреді. Институтта үш ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты жұмыс істейді.
■ – Орман шаруашылығының сан-салалы қызметінде жаңа ғылыми әзірлемелер мен алдыңғы қатарлы технологияларға айрықша назар аударылады. Осыған байланысты өндірісті ғылыми жетістіктермен қамтамасыз ету және жоғары білікті мамандар даярлау ісінде жетекші институттың мақсат-міндеттері қандай болмақ?
– Институттың негізгі міндеті – орман шаруашылығын жүргізудің ғылыми негіздемелік жүйесін қалыптастыру және Қазақстанның әртүрлі табиғи аймақтарында ландшафттық құрылымдағы қорғаныштық орман өсіру. Еліміздің орман қоры мен экологиялық апат аймақтарындағы (Балқаш өңірі, Арал теңізінің құрғаған жерлері) агроорманмелиорациялық қызметтің тиімділігін күшейту, көгалдандыру мақсатындағы алқаағаштар түрін көбейту мен оның жерсінуін қамтамасыз ету жұмысымыздың басты арналарын құрайды.
Өндірістің барлық негізгі бағыттары мынадай зерттеулермен қамтылған: ормантану және орман өсірушілік, аборигендік ағаш және бұта түрлерінің селекциясы, жаңа тұқым шығару, болашағы бар интродуценттер енгізу, өскіндер түрінің тектік қорын сақтау, әртүрлі санаттағы жерлерде орманды ұдайы ұлғайту және ағаш өсіру, орманды зиянкестер мен аурулардан сақтау, сондай-ақ, өрттен қорғау жұмыстарын тиімді технологиямен қамтамасыз ету.
Осы жерде, сұрағыңызға жауап толық болуы үшін соңғы бес жылда сала қызметкерлерінің біліктілігін көтеру мақсатында аймақтық 20 семинар өткізілгенін, оған 400-ден астам тыңдаушы қатысып, сертификат алғанын атап өткім келеді. Өз қызметкерлерімізге келсек, 2010 жылы ғана бір докторлық, үш кандидаттық диссертация қорғалғанын жетістік санаймыз. Бүгінгі күні Ресей аспирантураларында екі адам оқып жүрсе, бес жас ғалым магистратураларда білім алуда. Сондай-ақ, 2012-2017 жылдары 12 қызметкеріміз алыс және жақын шетелдерде тәжірибелік сынақтан өтті. Мамандарымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі симпозиумдар мен форумдарға белсенді түрде қатысып, өзекті тақырыптарда ғылыми еңбектер жазуда. Жалпы, институт ғалымдарының 90 құжаты авторлық құқық түрінде қорғалса, соңғы жылдары қарағай тұқымдарын зерттеуге қатысты 7 авторлық куәлікке, 7 патент пен 1 инновациялық патентке ие болдық. Жарияланған ғылыми еңбектердің саны 330-дан асады.
■ – Бәрекелді. Мұның астарында толайым еңбек жатыр. Әйткенмен, қол жеткенді қарапайым тілмен нақтылай көрсетсеңіз деп едік.
– Ғылыми-зерттеулер 46 тақырыптан бастап, басым бағыттағы ауқымды іс-шараларды қамтиды. Салалар бойынша мейлінше қысқартып айтсақ, сүрекдіңділердің өнімділігін болжаудың ғылыми негіздемесі, олардың құрамы және шығу тегі, қарағай мен қайың бүршіктері қорына есеп жүргізу бойынша ұсыныстар, орман байлығын пайдалану өлшемін жетілдіру, ормандарды қайта түлетуді кезеңдер бо-
йынша реттеуге бағытталған ұсыныстар дайындалып, қолданысқа енгізілді.
Селекция, тұқым шаруашылығы, интродукция және тектік қорды сақтау саласында оннан астам негізгі орманқұраушы және сирек кездесетін түрлердің (қарағай, майқарағай, шырша, балқарағай, сексеуіл және т.б.) тектік қорының ақпараттық банкі әзірленді. Әкімшілік аймақтар бойынша аудандастыруға тиімді тектік қорлардың түр жиынтығына қатысты ұсыныстар мен технологиялық ақпараттар да-
йындалды. Нақтылай түссек, Солтүстік Қазақстан үшін 200-ден астам түрлер, оның ішінде орман шаруашылығы үшін – 42 түр, қорғаныш орман өсіру үшін – 70, плантациялық мақсатқа 41 түр ұсынылды. Біздің зерттеулеріміз бойынша, Батыс Қазақстанда (Жәнібек стационары) интродуценттердің 153 түрінің 54-і жақсы, 73 түр қанағаттанарлық жағдайда екендігі анықталды.
Көңіл өсірерлік жетістіктер қатарына, 8 жылдық еңбегіміздің нәтижесі бойынша, желегі пирамидалық түрдегі қарағайдың теңдессіз әрі өте әсем морфотүрлері сынақтан өткізіліп, «Бұланды» және «Сымбатты қарағай» сорт-клондарын алуымызды айтуға болады. Сондай-ақ, «Бурабай-30», «Ұрымқай-38», «Ұрымқай-53» тұқымды қарағайларға сұраныс айрықша жоғары. Бұлардан күтілген нәтиже, 20 жылдық байқауда орташа алғанда биіктігі бо-
йынша 20 пайыздан, диаметрі – 16 және сүректің ұсақтауарлық қоры бойынша 58 пайыздан асып түсті. Институтымыз 2009 жылдан бастап ағаш түрлерін клонды микрокөбейту бағытында жұмыс бастап, боз арша мен жөке тұқымының тамырлануы мен өркен жаюына арналған қоректік орталар дайындай білді.
■ – Ел орманын ұдайы ұлғайтумен қатар оны зиянкестерден қорғау, түрлі кеселдердің алдын алу, өрттен сақтау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл орайда ғылыми орда не дейді?
– Қазақстан Республикасында ормандар биологиялық әртүрліліктің 86 пайызын қамтамасыз ететін табиғи резерват болып табылады. Әйткенмен, ерен-ғайып елімізде оның көлемі аз. Бұған әртүрлі себеп бар. Солардың қатарында сан алуан кесел-кесапат тудыратын жанды зиянкестердің жойқын залалы әрдайым қоғам назарында болуы керек. Өйткені, жыл сайын 1000 гектар алқап ауруға шалдығып, 50 миллион теңге шығын келтіруде. Өткен жылғы санитарлық шолу деректері бойынша 170 мың гектар орманды аумақта осындай ошақтар пайда болған. Оның 136 мың гектары облыс әкімдіктерінің қарауында және 34 мың гектары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қамтиды. Мұны әдейі бөліп көрсетудің астарында атқарушы органдардың жұмысын қамшылау ниеті тұрғаны түсінікті.
Сондай-ақ, ғалымдарымыз орман зиянкестерінің 43 түрі мен ағаш кеселінің негізгі 5 түрін тіркеп отыр. Әсіресе, жалқы жібек көбелегі, улы өрмекші, қанаттанған қызыл көбелек, діңгек тескіш сияқты жәндіктердің уыты күшті. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының орман шаруашылықтарында «қайың шемен ісігі», Шығыс Қазақстан мен Алтай ормандарында «самырсын саңырауқұлағы» мен «доланашының» жаппай таралуы өскіндерге елеулі залал келтірген. Бұлардың пайда болуы, өсіп-өніп, дамуы арнайы зерттеліп, ортақ нұсқаулықтар дайындалады. Ол Астананың «жасыл белдеуінде» де ұтымды пайдаланылып отыр.
■–Елбасы Н.Ә.Назарбаев сіздердің жұмыстарыңызбен танысып, дендробақ пен арборетумды аралау барысында Астананың жасыл белдеуін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер қойған болатын. Осы бағытта қандай істер тындырылды?
– Астананы абаттандыру, оның агломерациялық ауқымын көркейту жалпыхалықтық іске айналды. Қысқа мерзімде бой көтерген ғажайып қала отандастарымыздың рухын аспандатып, ғаламат жоспарлар түзуге жігерлендірумен қатар, әлемдік кеңістіктегі мақтаныш туымызды желбірете көркеюде. Оның бір парасы жанға жайлы жасыл желегінен де көрініс табады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астананың жасыл белдеуін кеңейтіп, оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу тапсырмасын қойып отыр. Бұл қатал климаттағы далалық аймақта әрі орасан зор аумақта жасыл белдеу құрудың әлемдегі тұңғыш жобасы.
Қазір 80 мың гектар алқапта жобалау-іздестіру жұмыстары атқарылды. Онда институттың әдістемелік ұсыныстары басшылыққа алынған. Ғалымдарымыздың нұсқаулықтарына сәйкес, тұзданудың 3 тобы іріктеліп, көгалдандырудың қолжетімді бағыттары айқындалды. Сараптау нәтижесінде, өскіндер тұқымының 60 түрі сынақтан өткізілді. Ал, 2000 жылы арнайы дендробақтың негізін қаладық. Соңғы жылдардағы зерттеулеріміз қорғаныштық алқаптардағы ағаштың 13 түрінің мейлінше төзімділігін көрсетті. Сынақ атыздарда, құм жолақтарында, полиэтилен жаппаларымен және «қара бу» тұмшалау арқылы жүргізілді. Қолданыстағы түр мен топтың 45-71 пайызы жерсініп үлгерді.
Біз 2015-2020 жылдарғы тапсырыс шеңберінде негізгі бес жүйені қамтитын басым бағыттарды басшылыққа алудамыз. Бұлардың ішінен Астана ормандарының табиғи жаңғыруына, қазіргі көкөрім аясын күтімге алу мен сақтауға, орман зиянкестеріне қарсы шараларға, өртке жол бермеуге, аудандастырылған түрлер мен топтарды жетілдіруге, тағы басқаларына қатысты маңызды ізденістерді атауға болады. Мақсат – жасыл аймақ желегінің тиімділігі мен сапасын арттыру, негізсіз шығындар көлемін азайтып, орман дақылдарының өсіп-өнуін жақсарту.
■ – Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Бақберген АМАЛБЕКОВ.