Ғылымның дамуына жол ашады

Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу ғылымның дамуына үлкен серпін әкеледі. Біріншіден бұл жолғы Жолдау қазақстандықтарға өзінің кеңейтілген форматымен ұнады. Екіншіден Жолдаудың басым бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталды.

Білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына ішкі жалпы өнімнен бөлінетін қаржыны ұлғайту ғалымдардың да көңілінен шықты. Егер бұл міндеттер орындалатын болса, онда ғылымның дамуына үлкен серпін әкеледі. Білім мен денсаулық сақтау саласына 4 пайыз, ал, ғылымға 2 пайыз бөлінсе де үлкен көмек болары сөзсіз. Білуімше 2018 жылы аграрлық ғылымға барлығы 0,12 пайызға ақша бөлінген. Ал, ғылым бұл прогрестің қозғалтқышы. Сондықтан, егер бұл бастама жүзеге асырылып жатса, онда ел экономикасының дамуына пайдасы зор болады. Дамыған елдерден жаңа технологияларды енгізу отандық ғылымды назардан тыс қалдырмайды. Керісінше, сол жаңа технологиялар жергілікті өндіріс орындарында бейімделуді қажет етеді.
Жоғары білімнің сапасына қатысты көтерілген мәселені де түсінуге болады. Енді жоғары оқу орындарындағы білімнің сапасы студенттердің жұмысқа орналасуына байланысты бағаланатын болады. Ал, бұл өз кезегінде қажетсіз мамандардың санын кемітеді. Ғалым ретінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мәселесі мені толғандырмай қоймады. Кеңестік дәуірде менде ғылымның жетістігін өндіріске енгізумен айналыс-тым. Президент мысал ретінде ғылымның арқасында бірнеше агроқұрылымдарда ауыл шаруашылығы дақылдары 2,7 есеге, жүгері өнімділігі 3-4 есеге ұлғайғанын атап өтті. Бұл жерде әрине, аграршылар мен ғалымдардың қосып отырған үлесі зор. Жолдауда айтылғандай ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5 пайызға ұлғайтуда аграрлы ғылым мен өндірістің бірігуі маңызды. Агроөнеркәсіптік кешенде мұның барлығын жүзеге асыратын болсақ, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен қадам болар еді.
Елбасы өзінің Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ, онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Жалпы,
еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап қоршаған ортаны қорғау мəселесіне мемлекеттік деңгейде зор көңіл бөлініп келеді.
Осы орайда, Елбасы министрлердің назарын қоршаған ортаның сапасын арттыруды бақылауға, жер қойнауын пайдаланушыларға талаптарды күшейтуге аударды. Инвес-торлар неге бізге келеді? Өйткені, бізде қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарға талап қатты емес. Талаптарды қатайту керек. Қазіргі кезде кәсіпкерлік саласында тексерістер жүргізуге шектеу қойылып отырғаны белгілі. Алайда, бұл шектеулердің экологтарға кедергі болмауы тиіс. Бірінші кезекте қоршаған ортаның сапасына көңіл бөлінуі керек. Қолайлы қоршаған ортасыз тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қол жеткізу мүмкін емес.
Ақмола облысында қоршаған ортаны қорғау бойынша атқарылған жұмыстар мен өңірдің бірқатар экологиялық мəселелеріне тоқтала кеткен артық болмас. Соның ішінде баламалы энергия көздерін қолдану жобалары айтуға тұрарлық. Мəселен, Ерейментау ауданында жел электр стансасы іске қосылып, сондай-ақ, облыстың бірқатар елді мекендерінде күн энергиясынан қуат алынады. Аршалы ауданының Бұлақсай ауылдық округі аумағында жел электр стансасының құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Нысанның жалпы қуаты 100 МВт. Стансаның әрбіреуінің қуаттылығы 50 МВт-дан. Оны 2019 және 2020 жылдар аралығында екі кезеңмен іске қосу жоспарланған. Бұл жел электр стансасын іске қосу нәтижесінде ауаға бөлінетін улы газдар көлемі жылына 230 000 тоннаға дейін кемитін болады. Бұл 113000-нан астам автокөліктің жыл бойына бөлетін бу газдары.
Қолға алынған шараларға қарамастан, республикада, оның ішінде Ақмола облысында экологиялық жағдай соншалықты көңілдегідей деп айтуға болмайды. Өйткені, басты табиғи ресурс саналатын жердің құнарлығы жыл өткен сайын төмендеп барады. Бұған қарсы бір шара қолданылмаса, келешекте егіншілік саласында өнімділік азайып, өнім сапасына кері әсер етпек. Тіпті, қатты айтсақ, экологиялық апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін.
Сондықтан, Елбасының Жолдауда көтеріп отырған бастамасы өте орынды. Экология мәселесінде атқарылған жұмыстан да, атқарылатын жұмыстар көп.

Әбілжан ҚҰСАЙЫНОВ,
«Эко-Көкше» экологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және Ресей
Жаратылыстану академияларының академигі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар