Латын әліпбиіне көшу мәселесі біздің елімізде 1996 жылдан бастап көтеріліп келеді. 2006 жылы қазан айында Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе қайта қаралды да, содан бастап дайындық жұмысы жүргізілді. Халықтың басым көпшілігі кириллицадан айырыламыз ба деген қауіптен, қарсы болғандықтан, бұл жұмыс саябырсыған болатын.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ұжымы 2012 жылдардан бастап мақалалар жазды, латын әліпбиінің нұсқаларын жасады, латын әліпбиіне көшкен түркі тектес елдерге іссапарға шықты, тәжірибесін зерттеді. Енді уақыты келді, қоғамда бұл тақырып талқыланып жатыр. Елдің бәрі хабардар. Бұдан әрі созудың реті де жоқ, себебі, бәрі бірауыздан қазақ тілінің мәртебесін биіктету мақсатында істелетін шаруа екенін біліп, тегіс құптап жатыр. «Латын әліпбиі коммуникациялық кеңістікте басымдылыққа ие. Дүниежүзінің инновациясы мен технологиясының 90 пайызы латын әліпбиінде іске асырылады» деген Елбасының сөзі халыққа терең ой салды.
Ғалымдардың айтуынша, негізгі ғылым салалары математика, физика, химия, тағы басқа латын әліпбиінде. Оқу-ағарту ісінде технологияны меңгерудің бірден-бір тәсілі – латын әліпбиі. Дүниежүзінің әр түкпірінде жүрген қазақтарды біріктірудің, сондай-ақ, түркі халықтарын біріктірудің, жақындастырудың жолы да осы. «Халықтың төл мәдениетін жаһандық мәдениетке бейімдеудің төте жолы – латын әліпбиі» деген Ә.Ахметовтың сөзі дау туғызбайтын шындық. Елбасының сан қайтара айтып жүрген цифрлық технологиясы да латын әліпбиінсіз болмайды.
Цифрлық технологияны әлі де түсіне алмай жүргендерге «Қазтелерадио» АҚ бас коммерциялық директоры Ерлан Жазықбаев отандық цифрлық хабар таратудың даму қарқыны мен оның басты артықшылықтары жөнінде журналистерге берген сұхбатында кеңінен саралап берген еді.
«Адамдардың кез-келген жаңа және бұған дейін өзіне белгісіз болған нәрселерді бастапқы кезде сенімсіздікпен қабылдайтыны белгілі жайт. Сондықтан да болар, Кеңес үкіметі заманында шығарылған ең бірінші түрлі-түсті теледидарлар алғашқы кездері сұранысқа ие болмаған. Ал, кейіннен, мемлекеттік деңгейде Кеңес Одағының барлық республикаларының түрлі-түсті форматтағы телекөрсетілімге көшу жөніндегі қаулысы шыққаннан кейін, сондай-ақ, қара-ақ түсті форматтағы телестудия қондырғыларын жасап шығарудан бас тартқан соң, дүкендерде түрлі-түсті теледидар сатып алушылардың кезектері күрт өсті. Түрлі-түсті теледидарлардың пайда болуы, адамдардың қара-ақ және түрлі-түсті форматтағы телехабарлардың айырмашылықтарын байқауға мүмкіндік берді. Әсіресе, бұл айырмашылық футбол трансляциялары кезінде қатты байқалды. Осыған ұқсас жағдай, ескірген аналогтық стандарттан заманауи цифрлық стандартына көшу кезінде де орын алды. «Цифрлық» сапаның артықшылықтарын аңғару үшін, адамдарға біраз уақыт қажет болды. Бүгінде теледидар көрермендері цифрлық және аналогтық көрсетілімдегі бейне мен дыбыс сапасының айырмашылықтарын байқап, өз бағасын берді. Дегенмен, «цифрлық» желіге өту тек техникалық операция деген ұғым қате, өйткені бұл – бірінші кезекте әлеуметтік мәселе. Себебі, телевизия ойын-сауықтан бөлек, әлеуметтік ақпараттың қайнар көзі болып табылады. «Цифрлық таратылымға өту кезінде, нақты бір мемлекеттің тұрғындар саны, жер аумағы, техникалық және қаржылай дайындығы ескеріледі. Сондықтан да болар, «цифрлық» таратылымға өтудің нақты бір ережесі жоқ. Бұл мәселені әр мемлекет өз ұйғарымы бойынша шешеді.
Осы ақпараттан екі мәселені бөліп алып, талдауды қажет етеді. Біріншісі, адамдардың кез-келген жаңа және бұған дейін өзіне белгісіз болған нәрселерді бастапқы кезде сенімсіздікпен қабылдайтыны: бұл заңдылық екен. Жаңа сапаның тиімділігі және тұрмыстық-әлеуметтік деңгейді көтеруге қосар үлесі уақыттың тезінде дәлелденді. Олай болса, латын әліпбиі де елімізді әлемдік өркениетке апарар тура жол екендігін халықтың түсінетін кезі де алыс емес. Екінші мәселе – цифрлық технологияның әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан адамдарды біріктіруі, ұлттық-мәдени үрдістерді бүкіл әлемге жеткізу, таралу мәселесі. Осы мәселеде латын әліпбиінің қосар үлесі зор болмақ.
Латын әліпбиінің қолдану тарихына көз жүгіртер болсақ, ұлттық мәдениетті өркендетуде осы әліпбидің үлес салмағы айтарлықтай. Мысалы, 1306 жылдары Италияда, Германияда, Венгрияда қыпшақ тілінің тарихы латын әліпбиінде жазылған. Сол тарихи мұраларды оқуға мүмкіндік еселенеді. Латын әліпбиі арқылы дүниежүзі мәдениетіне тікелей көшеміз. Түркі халқы 30 миллионға жетті. Олардың мәдениетінің, өркениетінің жақындасар сәті келді. Түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі ең бай, тарихи тамыры тереңге кететін, шумер тілінен бастау алатын тіл. Қазақ тілі түрік тілі сияқты халықаралық деңгейге көтерілуі керек, ол үшін латын әліпбиіне көшуіміз қажет. Бұл – дау туғызбайтын мәселе.
Ендігі мәселе латын әліпбиінің лингвистикалық негізінде болып тұр. Парламентке екі нұсқа жіберілді, талқыға салынды. Бірі компьютерлік дайын нұсқа, екіншісі басқа түркі тілдеріндегі сияқты бір дыбыс – бір әріп деген ұстанымға негізделген нұсқа. Бірақ Парламентте компьютерлік нұсқаға қолдау көрсетілді. Бұл нұсқада қазақтың төл дыбыстары екі таңбамен, диграфпен берілген, яғни, бір дыбыс екі таңба деген ұстаныммен жасалған нұсқа. Бұл нұсқа несімен билікке ұнады? Себебі, экономикалық жағынан тиімді болады, компьютерде символдар дайын, клавиатурада арнайы таңбаларды ендіруді талап етпейді. Сонымен бірге, осы нұсқадағы латын әліпбиімен жазылған қазақ жазуын кім оқыса да түсінеді деген түсінік басым. 8 дәйекшенің 5-уі халықаралықта бар. Қалып тұрған: ә,ө,ү. қазақ тіліндегі сыңарсыз дыбыс е болғандықтан, ә-ае, ө-ое, ү-уе мен беруді жөн көрген, бұл нұсқада 25 жалаң әріп, 8 қосалқы әріп бар. Осыларды игеріп алған бөтен халық та қазақтың латын әліпбиін тез меңгеріп алады деген пікірде.
Бұл нұсқаның қолданыстағы тиімсіздігі сонау 1938 жылдары-ақ дәлелденген екен. 1938 жылы 2 қаңтар күні Н.Өмірзақовтың төрағалығымен өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде «Қазақ әліпбиі мен орфографиясындағы кейбір өзгерістер туралы» мәселе қаралып, Қазақ КСР ОАК Президиумы мен ХКК еңбекші көпшіліктің қалауын ескере отырып және қазақтың әдеби тілін одан әрі дамыту, жазуды, орфографияны жетілдіру және интернационалдық терминдерді дұрыс көрсету мақсатымен қаулы қабылдады. Оның бірінші пунктінде: «1.Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамына жаңа белгілер енгізілсін: – өзінің жеке мәні бар «f» әрпі (орыстың «ф» әрпіне сәйкес), өзінің жеке мәні бар «х» әрпі (орыстың «х» әрпіне сәйкес) және қазақ әліпбиінің «v» белгісінің мәні оған орыстың «в» мәні беріліп ауыстырылсын»,–деп жазылса, 2 пункті бойынша, қазақ әліпбиіндегі қостаңбалы «uv» және «yv» белгілерінің орнына – «u» белгісі, «ij» және «ьj» белгілерінің орнына – «і» белгісі енгізілді. Сондай-ақ, жартылай дауысты «j» сақталып, жіңішке дауысты «і» әрпі енгізілді. Сонымен қатар, ұзын дауысты «u» сақталып, қысқа «й» енгізілді. Ал, Ағарту халық комиссариатына осы өзгерістерді оқу процесіне енгізу тапсырылды. Байқап отырғанымыздай, латын әліпбиіндегі осы өзгерістер бекерден-бекер жасалған жоқ. Тіл мәдениетіне нұқсан келтіргендіктен, ойласып пішілген нәрсе болғаны сөзсіз. Бүгінгі күні қалың көпшілік тарапынан айтылып жатқан ой-пікір де осы тақылеттес.
Компьютерлік нұсқаға қарсы болып жатқан жұртшылық, оның ішінде ғалымдар да бар, «бір дыбыс екі таңбаға» қарсы, өйткені ол жазуды екі есеге ұлғайтады, жазуда сауатсыздыққа алып келеді.
Ал, Тіл білімі институты дайындап жіберген нұсқа жіңішке дауысты дыбыстарды төбесіндегі қос ноқатпен, яғни дәйекшемен белгілейді, бұл таңбалар клавиатурада жоқ. Бірақ бұл нұсқа бүкіл түркі халқына ортақ, бір-бірімізді тез түсінуге, жазғандарымызды оқуға мүмкіндік береді.
Осы жерде Әділ Ахметовтың пікірін алға тартқым келіп отыр. Ағылшын клавиатурасында 26 әріп бар, қосалқы белгілер жоқ. Онда ә және і таңбаланған. Ағылшын жазуының ресурсын пайдалану керек еді. 25 әріпке келіспеймін дей отырып, клавиатурада бар х алынып тасталғанға қарсымын, оны өшіруге болмайды деді. Сонда әлемдік термин ЕХРО-ны қалай жазамыз. Ол математиканың символы. Мұнымен қоса, щ-нің керегі жоқ деуге бола ма? Қазақ тілінде ащы, тұщы деген сөздер бар, оны мына нұсқа бойынша жазғанда 4 әріппен жазуға тура келеді екен. Клавиатурада жоқ ц-ны енгізіп отырғанға сын айтты. Оның үстіне қазақ тілінің сингармонизм заңы, дыбыстар үндестігі, ілгерінді және кейінді ықпал ескерілмеген деген пікірді алға тартты. Негізгі таңбалармен қоса, аппостроф та қалуы керек, ол түсіп қалған әріпті толтыру үшін қажет, бұл ағылшын жазуында да бар делінді.
Ал, енді осы пікір есепке алынды ма белгісіз, латын әліпбиінің Елбасына жолданған соңғы нұсқасы аппострофпен берілген. Егер жазу барысында аппостроф түсіп қалса, онда сөздің мағынасы өзгеріп кетуі мүмкін. Себебі, қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жуан-жіңішкесі сөздің мағынасын өзгертеді. Мысалы: сан, сән; сал, сәл; боз, бөз; тоқ, төк, т.б. Мұндай жағдай сауатсыздыққа алып келеді.
Әрине, латын әліпбиінің тиімді нұсқасын таңдау өте маңызды, қазақ тілінің бар байлығы – әуезділігінде. Әуезділікті қазақ тілінде дыбыстардың үндестігі құрайды, сондықтан бар дыбыстарды жоғалтып алмай, сақтап қалуымыз маңызды.
Гүлбану ҚОСЫМОВА,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы қаласы.